Елім деп толғанамын, Ертеңі - ойлағаным...
Сыр Өмірге терең үңілсем,
Көп екен маған керегі.
Жап-жаңа газетті көрсем,
Оқығым оны келеді.
Ісіме деймін үлгерсем,
Көңілім соған сенеді.
Гүлзардан нәзік гүл көрсем,
Қарағым оған келеді.
Жақсылық алдан күтем мен,
Құштарлық оты жеңеді.
Бұлақты көрсем бітелген,
Қайнарын ашқым келеді.
Әр күнім ойлы, үмітшең,
Ертеңге көңіл бөледі.
Алысқа бастар жол көрсем,
Сол жолға түскім келеді
Арманшыл шақта, мен білсем,
Уақыт қатты желеді.
Көшеден бір қарт көрсем,
Тыңдағым ойын келеді! Бәйшешекқыр Бәйшешекқыр!
Көп болған келмегелі,
Көк майсасы самалмен тербеледі.
Күн сәулесі бұл тұсқа ерте түсіп,
Бәйшешектер бұл қырда ерте өнеді.
Мұнда көңіл мұң артып, суынбайды,
Ал, уақыт байқалмай зуылдайды.
Бұтақтары жел тиген жиделердің
Ырғатылып, ызыңдап, суылдайды.
Қарауытып әріде алма бағы,
Сүйінеді көркейіп көңіл тағы.
Төбеде ұшып өтеді ақиықтар,
Шақырады айдынның арғы жағы.
Жапырақтарын жап-жасыл суға малып,
Көк құрақтар тыншиды билеп алып.
Ойланғың да келеді уақыт жайлы,
Көркемдігі бұл тұстың ойда қалып.
Ой жүгіртіп біршама өткеніңе,
Сергітеді күн нұрын төккені де.
Көргендей боп елесін бала кездің,
Қуанасың келген әр көктеміңе.
Бәйшешекқыр!
Берік-ақ сырға ол тұнық,
Сағынышыңды айта бер – тыңдайды ұғып.
Алты күлтесі ашылып көз тартады,
Бәйшешектер бұл қырда ерте шығып! Көктөбе Көктөбе әудем жерден көрінеді,
Көк сағым төбесінде керіледі.
Ішіне бүгіп жатқан сырлары көп,
Келер жер жігіттердің серілері.
Тарихын болса сәтің оймен шолған,
Дейсің-ау: «Қай ғасырда пайда болған?..»
Ертеңмен түстігінен күн түседі,
Тал-дарақ теріскейін қоршап алған.
Аңызға бергісіздей болған бұрын,
Көктөбе ашар екен қашан сырын?
Бір кездер айналасы кең болған-ау,
Халқы да болған шығар қарағұрым?
Жақында алыптығын келсе көргің,
Алыстау төбе өтінен соғар желдің!
Жатсынбай, жалынды оймен жақындай біл?
Келсе егер бір ғажапқа сәлем бергің?
Адамдар осы өңірде көшіп-қонған,
Дейді екен: «Ол қарауыл төбе болған!»
Аталған Көктөбе деп биік төбе,
Тұрғандай осы өңірге болып қорған.
Көргендер Көктөбені толғанады,
Әрине, келер ұрпақ қолға алады!
Көктөбе көпті көрген қартқа ұқсайды,
Күзетіп жүрген маңғаз, маң даланы! Ақ шағала (Баллада) Жүрді жігіт жоңышқалық суарып,
Кең алқапқа суды молдау шығарып.
Арық шетін түзулей де бастады,
Ойпаң тұсқа топырақтан тастады.
Судың, сөйтіп, алғы ағысы жөнделді,
Жас жігітке бұл әдемі рең берді.
Жоңышқаға екпін алған су барып,
Өз ісіне тұрды жігіт қуанып.
Көрді жігіт ала беріп бір демін,
Бойында атыз ақ шағала жүргенін.
Шағала аппақ құс екенін білетін,
Көктем келсе іштей күтіп жүретін.
«Ақ шағала, шағала ғой, шағала,
Қайдан ұшып жетті екен бұл араға?..»
Сушы жігіт бір сәт солай ойлады,
Әсем сол құс қуандырмай қоймады.
«Ақ құс келді, демек, көктем-жаз болды», –
Сушы жігіт күлім қағып мәз болды.
Көріп тағы ақ шағала жеткенін,
Шын қуанып қарсы ап тұрды көктемін!.. Ауыл аспаны Ауылдың таңы ертелеп,
Тынысты шайдай ашып тұр.
Көңілге беріп жаңа леп,
Алтын күн нұрын шашып тұр.
Көктегі бозғылт бұлттар да
Бұзбапты түнгі қалыпты,
Құшағын ашқан құстарға
Саябақ байыз тауыпты.
Ойларға бөлеп жарысқан,
Білдірсе уақыт өрлігін.
Ертеңгі тынық көк аспан,
Сездіріп тұр-ау кеңдігін?
Беткейін таудың аршыды
Жөңкіліп күздің тұманы,
Ойланып қапты тау шыңы
Шахматшылардай қырағы...
Әрқашан әсем көрінер,
Қайтемін ойлап басқаны.
Көңілге сыршыл дем берер
Ұнайды ауыл аспаны!. Төле би (Триптих) 1. Даналықтың бастауы Болдың еркін, болдың көркем, жайдарман,
Көкірегіңде кең құлашын жайды арман.
Халық үшін отқа түсіп, су кештің,
Есімің бар шын аңызға айналған.
Ел дегенде мың толғанып, егілдің,
Қасиетін ұқтың туған жеріңнің.
Бұзбай тіпті қарлығаштың ұясын,
Жау алдында тәліміңмен көріндің!
Өмір – өзен сені талай сынады,
Көңіліңнің көктеп өсті шынары.
Биікте ұстап әділдікті жүрген соң,
Алаулады арманыңның шырағы.
Адал болдың!
Алдың талай асуды,
Ел таныды дәл өзіңдей асылды.
Бар адамды бауыр тартып өзіңе,
Таңғалдырдың он сегізінші ғасырды!
Қазыбек би, Әйтеке би қостады,
Хан Абылай елді арманға бастады!
Отаншылдық қалды үлгі боп өзіңнен,
Әзіз Төле – даналықтың бастауы!.. 2. Төле бидің Қортыс батырға өсиеті Ақ көңілің басым ба,
Адалдығың басым ба,
Қорқытқан жоқ қия жол,
Сен жүргенде қасымда.
Арман-ойың басым ба,
Айкөлдігің басым ба,
Еңсем болды жоғары,
Сен жүргенде қасымда.
Білім, көркің басым ба,
Әділдігің басым ба?
Дос жөнсіз сөз айтпады,
Сен жүргенде қасымда.
Бауырлығың басым ба,
Батырлығың басым ба,
Жау найзасы тиген жоқ,
Сен жүргенде қасымда.
Ой сезімің басым ба,
Жоқ, төзімің басым ба,
Болмады алыс жолдарым
Сен жүргенде қасымда.
Гүлі нәзік жеріңнің,
Құмы қымбат шөліңнің,
Нағыз бақыт – ұмытпа,
Ынтымағы еліңнің!.. 3. Жайсаң жері Қадірлі, қасиетті-ау Жайсаң жері,
Алыстан көз тартады жасыл белі.
Әкелді өмірге ол ұлы адамды,
Ардақты Төле биді – асыл ерді.
Қараймын шаттанып та, таңырқап та,
Керек-ау жеткізе айту оны ұрпаққа?
Нағыз ер тартар деген көне сөз бар
Өзі туған жеріне, топыраққа.
Жайсаңның өңірі әсем, жаңбыры да,
Бөленген ақ шуақты таң нұрына.
Халқының жаны таза, пейілі кең,
Кеудені жарып шығар ән-жыры да.
Көп болған елім деген ерлер мұнда,
Қарайтын ой жіберіп әрбір жылға.
Еңліктей ұл-қыздары ұмтылады,
Өмірге, аппақ арман – биік шыңға.
Тұратын көктен қарап амандасып,
Көңілі өр Жайсаңның ұдайы ашық.
Тарихқа Төле бидей ұлды сыйлап,
Тұр бүгін болашаққа қадам басып! Билікөл суреттері Тоғызтарау Тоғызтарау тарабын жалдап өтіп,
Билікөлге қалыппыз лезде жетіп
Толқынданып көл жатыр қарсы алдымда,
Қалғандаймын мендағы ойға кетіп.
Ежелден-ақ бұл өңір жырлы мекен,
Кеудесінде сыры көп сырлы мекен
Ғашық жарын еске алып сағынышпен
«Серілер, – деп ойлаймын, – тұрды ма
екен?..»
Көзге түсті алыстан топ қараған,
Секілді ме сол жақтан ән тараған?
Бір жас ару желбіреп сары шашы,
Секілденді біз жаққа жалт қараған. Көл жағасы! Көк құрақ жағалау да
Тартатындай көл бойын аралауға.
Бір қайық тұр толқында тербетіліп,
Екі қайық тұр жақын жағалауда.
Керемет-ау, керемет көлдің басы,
Сергіткендей көңілді таза ауасы.
Асықпасаң ақырын сыр шертердей
Діріл қақты үлпілдек қамыс басы! 2. Жыңғыл гүлдеп... Өңірі Билікөлдің қызыл дүрмек,
Қызығы бұл дүрмектің қалай кірмек?
Болса да күн салқындау, сарша тамыз,
Тұр еді топ-топ болып жыңғыл гүлдеп.
Құшақтап әсем көрік кең саланы,
Асықпай сипайтындай көл самалы.
Қыздырып көкірегіңді көркіменен
Сол жыңғыл гүлдеп, бәлкім, ән салады.
Түспепті менің жолым мұнда бұрын,
Білмеуші ем бұл даланың тұнжыр сырын.
Тұрғандай сол көркімен мына дала
Жеткізіп жолаушыға көркем сырын.
Кеңдіктің Билікөлде көркін көрдім,
Айдындай жел тербеген қиялға ердім.
Алыстан Берікқара қарауытты,
Тулап тұр өр мінезі көркем жердің.
Қарайды сәл-пәл үркіп гүлді жыңғыл,
Көркі әсем танығанға емес сылбыр.
Жыңғылды араласаң сұлулардың
Күлкісі естілердей сыңғыр-сыңғыр!.. 3. Қалың тоғай «Көрінген қалың тоғай сонау ірі –
Асаның Билікөлге құяр жері!..»
Билікөл жарқырайды айнадай боп,
Оранып жас құраққа көркем белі!
Көрінген қалың ағаш әсем өңі –
Секілді Билікөлдің жасыл меңі.
Келсе де қоңыр салқын тамыз айы,
Өңірі Билікөлдің жасыл еді.
Тарихта тағдырларды көрген талай
Тұра алар дала қалай мамырламай?
Көктемде былтыр үш ай жаңбыр тамбай,
Жауыпты биыл үш ай дамылдамай.
Көңілді жылытатын жақын барсаң,
Көргенің Билікөлді – үлкен олжаң.
Билікөл толқып жатыр көзді тартып,
Дәл биыл балығы да, шөбі де арзан.
Кеудені аймаласа самал лебі,
Жасарып кететіндей көңіл, тегі.
Билікөл – қазақтың бір мақтанышы,
Өңір бұл құты терең, берекелі! Раушандар (Латыш ақыны Ян Райнистен) Әсем, жұмыр раушандар
Шаршапты гүлдер түюден,
Көтере алмай тұр бастарын
Жерге-жерге дейін иілген.
Оларды тығыз қоршапты
Көк кипарис бүйірден,
Қарайды ол раушандарға
Бастары жерге-жерге дейін иілген. Монорим Іске жүрем жегіліп,
Жаңа ойларға беріліп.
Еңбегімнің жемісі
Алынар деп теріліп.
Жаңа ойларға беріліп,
Тартады аңсар өріліп.
Қызық қууды ойлайды
Сауыққұмар, серілік.
Тартады аңсар өріліп,
Жаңа өлеңдер төгіліп.
Әр өлеңім өзіме
Бір белес боп көрініп.
Жаңа өлеңдер төгіліп,
Жүрем көптен бөлініп!
Бірақ ешбір уақытта
Отырмаймын зерігіп!.. Айт Ұстазды айтсаң – тілегін айт,
Дәрігерді айтсаң – жүрегін айт.
Тігіншіні айтсаң – талғамын айт,
Егіншіні айтсаң – алғанын айт.
Даланы айтсаң – кеңдігін айт,
Жігітті айтсаң – ерлігін айт.
Өнерліні айтсаң – тірлігін айт,
Халықты айтсаң – бірлігін айт. Шағын баллада (Роберт Бернстен) Бір жақта бір қыз тұрыпты,
Қыз ба екен ару, қылықты?
Сүйіпті бір ер жігітті ол танып.
Айрылысуға тура кепті, бірақ та,
Бірін бірі сүйіп жүріп жырақта.
Кеткеннен соң кенет соғыс басталып.
Теңіздерден, қыраттардан арыда,
Пушка оқтары жерді орайтын жалынға
Дір етпепті еш жауынгердің жүрегі.
Осы жүрек бойлайды екен сезімге,
Кешке ғана – тынығатын кезінде,
Сүйгеніне жету болып тілегі! Елім деп Елім деп толғанамын,
Ертеңі – ойлағаным.
Білемін, елім үшін
Мен сынға бара аламын.
Жаңаны көңіл қалап,
Өтеді ойларға орап.
Уақыт реңіне
Тұрамын қайта қарап.
Діліме мен бекеммін,
Еліммен бірге өсемін.
Келеді айта бергім
Отаным бар екенін.
Кеудемде сыр жатады,
Баурайды таң шапағы.
Айналып өлеңіме
Уақыт тіл қатады.
* * *
Иыққа үлкен жүк алсам –
Толағайға ұқсауым.
Ұзақ жолға жиналсам,
Қорқыт атаға ұқсауым.
Кейде оймен толқысам,
Мұқағалиға ұқсауым.
Өлең оқып, шалқысам,
Төлегенге ұқсауым.
Ақ жүректен сыр айтсам,
Болғаны адал ой әлі.
Досқа әзілдеп сын айтсам,
Ол – достық қой баяғы!
Алыстарға көз салсам –
Даналардың бергені.
Биіктерге қол созсам –
Жұлдызды сәт келгені.
Бастау үнін тыңдасам,
Туған жерді сезіндім...
Күн де ойымды шыңдасам,
Ол – мінезім өзімнің!.. Дөгір ұста Еліңді сүйіпсің сен, Дөгір ұста,
Сен жайлы айтылатын сөз де қысқа.
Манасты «Манас» еткен сен екенсің,
Жасапсың түрлі қару сол бір тұста!
Ғажап-ақ ой жіберсек өткеніне,
Алтайдың тірек бопсың көк беліне.
Жаулардан қорғанатын қару жасап,
Қырғызды жеткізіпсің көктеміне!
Арайлап атқан шығар алдан таңың,
Өтіпті елмен бірге әрбір шағың.
Ақылмен ел бірлігін алға қойып,
Қырғыздың сақтапсыңдар бақыт-бағын!
Жемісін зерде-жүрек солай теріп,
Жүріпсің жақсы істерге болып серік.
Ұстаны батырлар да сыйлайды екен,
Құрметтеп, керек кезде сәлем беріп?
Еліңді сүйіпсің сен, Дөгір ұста,
Сен жайлы айтылады сыр да қысқа.
Дәуіттей ұсталықта зор болыпсың,
Даңқың да кеткен екені ішке-тысқа!.. Сүт пен тары (Тұрмыстық өлең) Әдемі тағам болар сүт пен тары,
Сүт болса бал татиды тары сары.
Келгенде тарыкөже дастарқанға,
Сезілер онан алтын шілде табы.
Сезесің сонда шаттық табыларын,
Ішкенің тарыкөже – жарығаның.
Сондай сәт түседі еске жаз кезінде
Тарыны шымшықтардан қорығаның! Саха қызы (Ақын Наталья Харлампиеваға) Өлеңге әбден жақын ба едің,
Құрдастығыңды ойға алдым.
Өлеңдеріңді оқып едім,
Танысыма айналдың.
Үміт артып таңдарыңа,
Мөлдір сырды жасырып.
Жүрмісің сен арманыңа,
Саха қызы, асығып?
Ойға бөлер айналаңды
Жүрегіңнің дауысы,
Назды үніңнен байқалады
Ленаның өр ағысы.
Жалт ететін әдемі жаз,
Якутия – туған жеріңде.
Жаз өлеңді, тағы да жаз,
Шаршама да, ерінбе!.. Мақтаншақ кептер (Мысал) Көк кептер құзға биік қонбақ бопты,
Қырандай атақты құс болмақ бопты.
Мақтанып достарына жерде жүрген,
Биіктен төңіректі шолмақ бопты.
Бір досы депті: «Суық өтпейді ме,
Жылы ұяң жердегі осы жетпейді ме?
Биікте жиі-жиі жел тұрады,
Ұшырып өзіңді ол кетпейді ме?»
Тіпті де оң айтылған көнбей жөнге,
Көк кептер әзер-әзер шығыпты өрге.
Биіктен төмен қарай қарағанда,
Құлапты басы айналып көктен жерге.
* * *
Бос мақтан сынға ілезде салмайды ма,
Көңілді оңай арбап алмайды ма?
Әркім де өз шамасын анық біліп,
Лайықты жерде жүрсе болмайды ма?! Ұзатылған шахматшы қызға Тәжірибе шахматта жия аласың жар-жар,
Осы сөздер кеудеңе ұяласын жар-жар.
Туған жерді қиярсың жарың үшін, ай ару,
Шахматыңды сен қалай қия аласың жар-жар?
– Барар жерің алыс па? «Алыс» дерсің жар-жар,
Баяғының өзіңе жолын берсін жар-жар.
Сен жағымды келін бол ата-енеңе, ай ару,
Шахматшы келінді халық көрсін жар-жар!
Тұрмыс құрып кетіпсің өзің жылдам жар-жар,
Жарқырайды жарасып екі сырғаң жар-жар!
Берекесі үйіңнің берік болсын, ай ару,
Шахматыңды ұмытпа күтіп тұрған жар-жар!
Айтылады бұл тілек сеп болсын деп жар-жар,
Айтылады бұл сөздер дөп болсын деп жар-жар.
Ақ тілекті айтамыз той үстінде, ай ару,
Шахматшы балалар көп болсын деп жар-жар!.. Ой Талап – құс ойға қонған соң,
Биіктер мені сынаған.
Достарым сергек болған соң,
Алқынбай қалай тұра алам?
Бала кез әлі жадымда
Мектепке қарай жол шеккен,
Көп асу тұрды алдымда
Алынар білім, еңбекпен.
Көнбейтін кердең болжалға,
Жаңалық екен әр ісің?
Он сегіз жасқа толғанда
Шақырды әскери борышым.
Жастық шақ жүгін өңгердім,
Күткем жоқ оңай мақтауды.
Өмірде жүйрік жөн көрдім
Ақыл, қайратты сақтауды!
Ертеңге артқан сенімі,
Тілеймін өрлеу еліме.
Халық бар дана көңілі,
Перзентім дер ол мені де?
Жұлдызым ерке, жоғары,
Шаттыққа ол мені ораған.
Жүрегім ел деп соғады,
Жыр жазбай қалай жүре алам!.. Төрт үйрек Көккөлде ұшқан төрт үйрек,
Мен-дағы мұнда боламын.
Қанаттарыңмен су сүйреп,
Жақтыңдар көңіл алауын.
Қарсы алды қалай айна көл,
Құшағын ерен ашты ма?
Тербетіп суды майда жел,
Айдынға алып қашты ма?
Мөлдіреп ноқат көздерің,
Асаның суын көрдіңдер.
Аязды қыста өздерің,
Қай жақта болып келдіңдер?
Кеудеге толып сырларың,
Жүзіңдер толқып ілгері?
Сендерге де сыйлар шуағын,
Көктемнің жылы күндері!
* * *
Жақсы адамның сәлемі,
Көтереді көңілді.
Оның ойлы әлемі,
Арттырады сенімді.
Жақсы адамның бар кезі,
Болады адал тілекті.
Айтатұғын әр сөзі,
Жылытады жүректі!
Байтанағали ТӨЛЕНТАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді