«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ЕҢ БІРІНШІ ЖАУАПТЫ – АТА-АНА

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ЕҢ БІРІНШІ ЖАУАПТЫ – АТА-АНА
ашық дереккөз
БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ЕҢ БІРІНШІ ЖАУАПТЫ – АТА-АНА
Адам баласының бұл өмірдегі қиын да жауаптылығы зор жұмысы – өмір сүріп отырған қоғамына лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде: «Ешбір ата-ананың баласына тәрбие беруден артық еңбегі жоқ» – деген. Философия ғылымдарының докторы, профессор, «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітаптың авторы Берікбай Сағындықұлы: «Бала тәрбиесін, негізінен, жеті жасқа дейін ғана қалыптастыруға болады, баланы бесіктен бастап кәлимамен жұбату керек. Ең бастысы, баланың құлағына сіңіру болмақ. Баланың жеті жасқа дейін естіп, санасына сіңіргені есінен шықпайтынын ата-анасының ұмытпағаны әрі ескергені абзал. 10-15 жасқа келген баланы қайта тәрбиелеу өте қиын, тіпті қажетсіз болып жатады» – дегені бар. Баланы кәлимамен жұбатудың пайдасы – әжесі бесік тербетіп отырып, баланы ұйықтату үшін бір өлеңге әбден баулиды. Бала бесік тербетіле бастап әлгі қалыпты өлең шумағы естіле бастағаннан дереу ұйқыға кетеді. Мысалы, Абайдың шын аты Ибраһим екенін бәріміз білеміз. Ол кісі қалай Абай атанған? Бұл былай: әрдайым әжесі немересін бесікте жұбатып ұйықтату алдында үнемі мына өлең шумағын айтады екен: «Абай, Абай, Абайым, Атқа жабу жабайын. Далада жүрген апаңды, Қайдан іздеп табайын». Міне, осы өлең шумағындағы «Абай» сөзі Абай атамызды Абай атандырыпты. Мысалы, ғалым Шоқан Уәлихановтың шын есімі Мұхаммед-Қанапия. Бала Шоқан жастайынан үлкендер жиылған жерден қозғалмай үнемі шоқиып отырып әңгіме тыңдайды екен. Міне содан Шоқанды «Әңгіме тыңда, Шоқи, Шоқан» – деп атап кетіпті. Қай қоғамда немесе қайсыбір заманда болсын бала тәрбиесіне ең бірінші жауапты – ата-ана. Олай дейтініміз, бала күніне 5-6 сағат мектеп тәрбиесінде болса, қалған 18-20 сағат бойы үйінде, яғни ата-анасының назарында, көз алдында болады. Қазіргі кезде көпшілік ата-аналарда мынандай жаңсақ, қате пікір қалыптасқан: «Мен киімін, тамағын тауып беремін, ал тәрбиесіне мұғалім, сен жауаптысың, сол үшін айлық аласың!» дейді. Бұл дұрыс емес. Осылайша мұғалімдерді кінәлап, даттап жатады. Тіпті дұрыс емес. Себебі мұғалім тиісті сабағын беру үшін 5-6 сағат алса, бала қалған уақытта өз ата-анасының қарауында емес пе? Мектепте алған тәрбие сабағын ары қарай үйде ата-ана жалғастыруға тиісті емес пе? Бала мектептен сағат екіде шықты дейік. Ол жарты сағатта үйіне жетуі керек, міне, ата-ананың жауапкершілігі осы кезден басталады. Үйіне төртте келсе себебін, баланың қайда болғанын сұрап, үйге уақтылы келуін талап етуіміз керек. Жоғарыдағыдай ата-ана тарапынан мектепке қойылған талап әділетсіз, орынсыз болып табылады. Ол балаға кері әсерін тигізіп, баланың дұрыс тәрбиелі азамат болып өсуіне айтарлықтай теріс ықпал ететіні сөзсіз. Берікбай Сағындықұлына қайта оралайық: «Баланы титтей кезінен тілін, дінін танытып өсіруіміз – біздің Алла алдындағы парызымыз. Дінімізді осы заман ағымымен сәйкестендірілген талаптарды көптеп жазу қажет. Жастарымызды жамандап байбалам салғаннан ұтарымыз қайсы? Одан да оларды жаман жолдан сақтап, ең алдымен тәрбиені дұрыстаған жөн-ау». Есі жаңа кіріп келе жатқан балаға барынша әділетті болу, ретсіз жекіп сөйлемеу керек. Жаман сөздерді баланың құлағына үйретпеу керек. Сондай-ақ баланы алдап тәрбиелеуге дінімізде тыйым салынған. Себебі көп алданған баланың бойында қоршаған ортаға деген сенім қасиеті болмайды. Сенім болмаған жерде мейірімділіктің қалыптасуы өте қиын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Алла Тағалаға қарсы болудан сақтаныңыз. Балаларыңызға әділдік көрсетіп түсіндіріңіз». Қандай да бір қиыншылық болсын әділдік көрсетудің әдістерін ойластыру қажет. Осы жерде тағы бір шағын аңызды айтып өтейін. «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбәрәк қызы Фатима анамыз балалары Хасан мен Хусайынның бала кездерінде қарындары ашып жылағанда қазанға су құйып астына от жаққан екен. Қазанға аз ғана бидай салады. Енді тамақ пісетін шығар деген уақытта балалар ұйықтап қалады. Балаларынан соң Фатима анамыз да ұйқыға кеткен екен. Таңға жақын тұрғанда Алла Тағаланың құдіретімен қазанда ғажайып дәмді тамақ пайда болған» деседі. Ұрпақ тәрбиесінде ер балаға бөлек, қыз балаға бөлек берілетін тәрбиелік ерекшеліктер бар. Бұл жерде әрбір ата-анаға байланысты тәрбие жұмыстары бөлектенеді. Әрине, екеуінің де маңызы зор. «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» – деген ұғым осыдан туса керек. Осы қанатты сөздің қадір-қасиетін қазір біліп жүрміз бе? Осы заманымызда көптеген ата-аналардың балалары кімдермен бірге жүргенін, қайда кеткенін, немен айналысып жүргенінен хабары жоқ. Тек аман тұрса деген оймен ғана қанағаттанады. Осы жағдай кейбір кезде балалардың тез бұзылуына әкеп соқтарады. Адам баласын өркениетке жеткізетін осы үлгілі, тәрбиелі жасөспірімге барынша білім беру, өз таңдауларын қабілеті мен бейімділігіне қарай жетілдіруге ұстаздар мен ата-аналары көмектесуі керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Тіпті Қытайға барсаң да, білім іздеп, оқы». Бұл – қанша алыс барсаң да, білім үшін әлемді шарла, талаптан, сонда ғана мұратқа жетесің дегені. Адам баласы өмір бақи оқып үйренумен өмірден өтуі керек.

Дін – адам баласын тазалыққа баулиды, яғни олар – жан мен тән тазалығы. Біз мәдениетті адамды қалай танимыз? Әдетте оны сыртқы қарапайымдылығы, киім киісі мен сыпайы жүрісінен, көп ортасындағы ұстамдылығынан байқаймыз.

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКТЕГІ, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар