ТАМШЫЛАТЫП СУҒАРҒАНДАР ӨНІМДІ ЕКІ ЕСЕ КӨП АЛДЫ
Байзақ ауданының шаруалары күн қабағы ашылса болды даладағы қауырт тірлікке кіріседі. Көктемнің әрбір жылт еткен күнін бос жібермеуге тырысатын шаруалар даладағы бірқатар тірліктің бетін қайтарып үлгеріпті. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда биыл егістік алқап көлемі 59790 гектарды құраса, оның 29549 гектары суармалы, 30241 гектары тәлімді жер. Аудан бойынша 8750 гектарға күздік бидай дақылы себілген. Ал жаздық арпа – 12790, дәндік жүгері – 2010, дәнді бұршақ – 50, мақсары дақылдар – 1400, қант қызылшасы – 1000, картоп – 700, көкөніс және бақша дақылдары – 7504, мал азықтық дақылдары – 25307 және 26 гектар алқапқа жемісті дақылдар орналастыру көзделген. – Аудан бойынша биыл 59537 гектар алқапты игеру жоспарланған. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында дәнді, майлы дақылдар, көкөніс-бақша және мал азықтық дақылдардың көлемін арттыру көзделуде. Көктемгі егіс-дала науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жоспарларға сәйкес жүргізілді. Аудан бойынша 1 қаңтарда барлығы 1550 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары болса, 576 трактор, 205 соқа, 138 қопсытқыш, 43 дән сепкіш, 6 тұқым дәрілегіш ерте көктемде-ақ дайындық сапына қойылды.
Сонымен қатар бірінші тоқсанда 14 шаруашылық жалпы құны 363,6 миллион теңге тұратын 10 трактор, 1 комбайн және 34 әртүрлі техника, барлығы 45 жаңа техника сатып алып, жаңару көрсеткіші 2,9 пайызды құрады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Ақжолов.
Көктемгі дала жұмыстарына ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 715 тонна кепілдендірілген дизель отыны бекітіліп, операторлары анықталған. «Азия Нефтепродукт» ЖШС-на 455 тонна және «Тараз VIP сервис» ЖШС-на 260 тонна бөлінген. Оның 130 тоннасы ақпанға, 195 тоннасы наурызға,195 тоннасы сәуір айына және 195 тоннасы мамыр айына жоспарланған.
Энергетика министрлігі тарапынан өткізу бағасы тоннасына 212 мың теңге болып бекітілген. Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне босату бағасы тоннасы 228,2 мың теңге немесе литрі 194 теңге болып бекітіліпті. Бүгінге дейін 80 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 382,4 тоннаға өтінім түсіп, 54 шаруашылық 147,3 тоннасын алған.
Қазіргі таңда жоспардағы 5445 гектар жер 100 пайыз жыртылған. Дақыл егуге дайындалатын 30530 гектардың нақты дайындалғаны 24189 гектар, бұл 79,2 пайызды құрайды. Жаздық масақты дақылдар себуге жоспарланған 12790 гектар алқапқа 100 пайыз себіліпті. Жаңа көпжылдық шөп егу жоспары 4700 гектар болса, ол алқапқа да 100 пайыз тұқым түскен. Басқа да дақылдарды себу одан әрі жалғастырылып жатса керек.
Былтыр шаруашылықтар тарапынан 5197,7 тонна тыңайтқыш алынып 27402 гектарға енгізіліп, жоспардың орындалуы 145,4 пайызды құраған. Биылғы қаңтар-наурыз айларында 22 шаруа қожалығы 775,7 тонна тыңайтқышқа келісімшартқа тұрып, оның 755,7 тоннасын алса, оның 101,0 тоннасы аммиакты селитра, 686,7 тоннасы аммофос. Тыңайтқыштар енгізілген алқап көлемі 4850 гектарды құраған. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы 3 ауыл шаруашылығы құрылымы 29 миллион теңгеге несие алған.
Шаруалардың ерте көктемнен бастап, ала жаздай тынымсыз еткен еңбегі бірінші суға байланысты. Талас өзенінің іргесіне орналасқан шаруа қожалықтарының егін алқаптарының өзіне су жетпей жатады. Осыны ескерген жеке құрылым басшылары кейінгі жылдары су үнемдеу технологиясын енгізуді жаппай қолға ала бастады. Ауданның агроқұрылымдары 2019 жылы су үнемдеу технологиясын 1349 гектар алқапқа енгізсе, бұрнағы жылы бұл көлем 3032 гектарды құрады. Жаңа технологияны қолданған шаруашылықтар дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық ала бастады. Былтыр оның көлемі 1478 гектарға ұлғайып, аудан бойынша 2038 гектар алқапқа тамшылатып және 2472 гектарға жаңбырлатып суару арқылы барлығы 4510 гектарға енгізілді. Суармалы егіс көлемінің 16,3 пайызы осындай әдіспен ылғалдандырылады. Бұған қоса «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 27 шаруашылық 40 жаңбырлатып суару технологиясын 188,1 миллион теңгеге сатып алғанын еске салсақ, байзақтық шаруалар өміршең жобаны мықтап тұрып қолға алғанын аңғарамыз.
Жылдан жылға бастауын Қырғыз мемлекетінен алатын Таластың суына сенім азайып бара жатқанда су үнемдеу технологиясына жаппай бетбұрған байзақтықтардың бұл тірлігі жөн-ақ.
Амангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді