- Advertisement -

«WorldSkills» чемпионаты жастарға жігер береді

82

- Advertisement -

Балалар жылы аясында облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруы-мен жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру мақсатында «WorldSkills Jambyl – 2022» облыстық чемпионаты басталды. Аталған чемпионатқа өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 100-ден аса студент қатысуда. Үш күн бойына жалғасатын білім жарысында қатысушылар автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, графикалық дизайн, веб-дизайн, электромонтаж, наубайшы ісі сынды 17 мамандық бойынша бақтарын сынамақ.

Облыстық чемпионаттың ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бүгінгі таңда елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беруді дамыту, соның ішінде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысының халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында техникалық және кәсіби білім беру жобасын жүзеге асыру жүктелді. Осыған орай, биылғы жылғы тегін кәсіптік біліммен 5500-ден астам талапкер қамтылса, 2025 жылы 8500-ден астам колледж студенттері грантпен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Мемлекеттің тікелей қолдауымен тегін білім алған студенттерді нәтижелі жұмысқа орналастыру мәселесі де басты назарда. Көптеген студенттер кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, бүгінгі таңда тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар ел тірегі» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 11 колледжге 3 миллиард 750 миллион теңге қаражат бөлінген. Колледждердің өндірістік шеберханаларында дайындалған түрлі өнімдер өңіріміздегі 18 әлеуметтік дүкенде сатылуда.

«WorldSkills» чемпионаты барлық кәсіптіктің білімнің дамуына ықпал ететін әлемдік жоба. Сайыс барасында өздеріңіздің кәсіби біліктілік пен шеберліктеріңізді дәлелдеп, облысымыздың намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғайды деп сенемін. Жарысқа қатысатын барша жастарға сәттілік тілеймін. Жаңа Қазақстанды құратын жастарымыздың болашағы жарқын болсын, – деген Нұржан Молдиярұлы шараға қатысушы қонақтармен бірге студенттер жасаған ауыл шаруашылық техникаларынан ұйымдастырылған және шығармашылық-инновациялық жобалық көрмелермен танысты.

Айта кетейік, облысымызда 2015 жылдан бері ұйымдастырылатын чемпионат жастардың білім деңгейін сынап көруіне әрі мамандығы бойынша тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Жарыс барысында тапсырмаларды орындау үшін қатысушыларға 6 сағат уақыт беріледі. Студенттердің жұмысын колледждің оқытушылары мен әлеуметтік серіктестерінен құралған 91 сарапшы бағалайды. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық жарыста оқу орнының намысын қорғамақ.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support