Таразға кел, Таразды көр ендеше...
Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төктім қағазға.
Ғасырлардың саусағында нұр шашқан,
Гауһар жүзік секілденген Таразға. Көне шаһар көз алдыңда көлбесе,
Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе.
Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса,
Таразға кел, Таразды көр ендеше.
Ғашық жүрек жырға ынтық гүлге әсем...
Қожа Хафиз мұңымыз бір, сыйлас ең.
Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың,
Таразымның түйір тасын қимас ем.
Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған,
Нәйдің назы, дутар сазы тараған.
Шайханада қорқор тартып көпестер,
Мәйханада мұңаяды марал ән.
Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген,
Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен.
Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа,
Пәранжасыз пүліш киген сылқыммен.
Серпі уақыт заманалар түнегін,
Тарихыма тартып туған ұл едім.
Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі,
Рүстемнің елжіреткен жүрегін.
Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төгіп қағазға.
Ақтық рет қағылғанда кірпігім,
Бір ұлы көш бетін түзер Таразға.
Маралтай Райымбекұлы, ақын.
Ұқсас жаңалықтар
Дәстүр заманауи дизайн тіліне айналады
- 27 сәуір, 2026
ASPARA FASHION WEEK Сән – энергия бар жерде туады
- 27 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




