Жауапсыздықтың кесірінен жұрт жылусыз қалмасын
Өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту мекемелерін, тұрғын үй қорын және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды жылыту маусымы ойдағыдай жүріп жатыр ма? Жылуға берешек қалай қайтарылып жатыр? Міне, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиын барысында жылыту маусымының жайы мен аймақтағы эпидемиологиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күрес мәселесі талқыланды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 1 ақпан күні облыста COVID-19 індетінің – 25 711, пневмонияның 8448 жағдайы тіркелген. Өңірдегі ауруханаларда 1 389 инфекциялық, оның ішінде 131 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.
– Облыс бойынша 45 егу пункттері бар. Олар 16 қалада, 29 ауданда орналасқан. Қазіргі таңда екпенің бірінші компонентін 635 018 тұлға алып, 100,6% құрады. Кәсіби құрам бойынша 17 812 адам медицина қызметкерлері, 29 019 оқытушы, 13 685 күш құрылымдарының қызметкерлері, 6577 мемлекеттік қызметкерлер егілді. Бүгінгі күні өңірде ревакцинацияға жататындар саны – 188 204 адамды құрап отыр, – деп атап өтті Ә.Қалиев.
Бұдан соң, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев жылыту маусымы туралы баяндады. Белгілі болғандай, жылыту маусымы басталғалы бері жылу энергетика кешендерімен 1,1 млн. гигакалорий жылу энергиясы өндірілген. Барлық 8 ірі жылу көздері, 83 локалды қазандықтар және 444 автономды қазандықтар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерді қоса алғанда барлығы 3 285 нысан жылумен қамтылған. Дейтұрғанмен, бұл салада мәселе де жоқ емес. Мәселен, Жаңатас қаласының орталық қазандығына 12 870 тонна әлеуметтік мазутты жеткізу жоспарланып, бүгінгі күнге 6,5 мың тоннасы ғана жеткізілген.
– «Наш быт» ЖШС тарапынан қалған мазут көлемі жеткізілмей отыр. Осының салдарынан, 2021 жылы мазутқа бөлінген 296,2 млн. теңгесі игерілмей қалды. Сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар айына қаралған 397,9 млн. теңге игерілмеді. Аудан әкімдігі, өз кезегінде келісімшарт талаптарының орындалуын жеткізушіге міндеттеп, қажетті мазут көлемін уақтылы толықтыруы тиіс. Бұдан бөлек, «Игілік» және «Жамбыл-Жылу» кәсіпорындарына 1 062,5 тонна мазут қарызы бүгінгі күнге дейін өтелген жоқ. Сонымен қатар Жаңатас қаласының орталық қазандығын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу 2021 жылы аяқталмай қалды. Ол үшін бюджеттен бөлінген 21,3 млн. теңгенің 19,3 млн. теңге игерілмеді, – деген сала басшысы облыс әкімінен анықталған кемшіліктер бойынша Сарысу ауданы әкімдігінің жауапты тұлғаларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды сұрады.
Жиынды қорытындылаған Б.Сапарбаев жауаптылар көмір таратушылармен тиісті жұмыстар жүргізіп, отын тасымалдауды жандандыру қажеттігін баса айтты. Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері бейнеконференция режимінде қатысты.
Есен САҒЫНАЙҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
АҚШ билігіне Трамп қайта келді: Алдағы ахуал қандай болмақ?
- 11 қараша, 2024
Аймақ намысын қырық палуан қорғамақ
- 11 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді