Жамбылдық шаруалар мегаполис тұрғындарына тауарларын 20 пайыз төмен бағамен сатты
Жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі жәрмеңкеде облысымыздағы ауыл шаруашылық өнімдері Алматы қаласының тұрғындарына төмен бағамен ұсынылды. Бұған дейін де мегаполис тұрғындарына өңіріміздің ет пен сүті, картобы мен пиязы тағы өзге өнімдері нарық бағасынан әлдеқайда төмен, әлдеқайда тиімді бағамен ұсынылған болатын. Жәрмеңкеге ат басын бұрған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Нарықтаға бағаға аздап болса да тұсау салу үшін осындай жәрмеңкелердің болып тұрғаны ләзім. Жамбыл облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері бізге тұрақты түрде келіп жүр. Бұл оларға да, бізге де тиімді деп есептеймін. Шындығында да, күнделікті тұтынатын ет пен сүтті, пияз бен картопты, көкөністі алматылықтар төменгі бағамен алғанды қалайды. Жамбыл облысы бізге қанша тауар әкелсе де, қуанамыз» деді. Расымен де бұл күні оңтүстік астананың тұрғындары көктен шелектеп құйылған жаңбырға қарамастан, жәрмеңкеге жапа-тармағай ағылды. «Дәстүрлі түрде Алматы қаласында өтіп келе жатқан ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне өз өнімдерімізді жиі әкеліп жүрміз. Осы жолы да бұрынғыдай 220 тоннадан астам ет өнімдерін, көкөністі алып келдік. Ұсынған тауарларымыз Құдайға шүкір, өтіп жатыр. Шамамен осы жолы 100 миллион теңгенің тауарын әкелген жайымыз бар. Бағамыз да елге тиімді. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласы базарларындағы баға көрсеткішінен 10-20 пайызға дейін арзан баға қойып отырмыз. Сондықтан болар, тұтынушылардың қарасы толастар емес» дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев. Жәрмеңке барысында байқағанымыздай, ет өнімдері қазы-қарта, жал-жая 1200-1400 теңге аралығында сатылды. Алматылық тұрғындардың айтуынша, жергілікті нарықтағы баға 2000-2200 теңгені құрайды екен. Олар бұл бағаны су тегін санайды. Сиыр, қой еттерін де жергілікті жұртшылық таласып сатып алып жатты. Жұмат Сақыпбеков, Сарысу ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы: – Сарысу ауданынан біз жәрмеңкеге 3 тонна ет алып келдік. Сонымен қатар 1 тонна тұз, 500 литр шұбат сатудамыз. Бағамыз өте төмен. Қазірдің өзінде халық біраз өнімді алып кетті. Ауылдық округтеріміздің дені, шаруа қожалық жетекшілері осы жәрмеңкеге барынша атсалысты, – деді. Қалима Тұрғанбаева, Алматы қаласының тұрғыны: – Қазір біз жәрмеңке десе, тұра ұмтылатын болдық. Шыны керек, Алматы базарларының бағасы шарықтап тұр. Ал, осындай жәрмеңкелерде етті молынан алып қаламыз. Қазірдің өзінде мен 10 келі жылқы етін сатып алдым. Сонымен қатар, көкөністі де сатып алудың сәті түсті. Қой етін де молынан алып қалуды жөн деп шештім. Картоптың бағасы 55 теңгеден екен. Мұндай баға Алматыда түсімізге де кірмейді. Бұл жәрмеңке тоқтамаса, толастамаса деген тілегіміз бар. Жүз миллион теңгенің өнімі ұсынылған жәрмеңкеге келген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жамбылдықтар ұсынған тауарларды бір шолып өтіп, ұйымшылдықпен келген қожалықтарға, аудан әкімдеріне ризашылығын жеткізді. Жәрмеңке екі өңір үшін де табысты өтті.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді