Жобалардың тиімділігіне назар аудару керек

Жобалардың тиімділігіне назар аудару керек
ашық дереккөз
Жобалардың тиімділігіне назар аудару керек
Қыс – қатал сыншы. Бұл тұрғыда коммуналдық кәсіпорындарға жүктелер жауапкершілік жеңіл емес. Осы орайда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев әкімдікке қарасты мекеме басшыларының есебін тыңдауды бастады. Алғашқы есеп «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында өтіп, мамандардың пікірі тыңдалды. Тараз қаласындағы «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 1952 жылы құрылған. Қала аумағын таза ауыз сумен қамтиды. Бүгінде 5 мыңнан астам заңды және 99 мыңға жуық жеке тұлға болып табылатын тұтынушысы бар. Өткен жылы атқарылған іс аз емес. Жаңа басшылық, жаңа талаптар, жұмыстың жаңа жүйесі енгізілген. Мәселен, кәсіпорын 2020 жылды – 227 миллион теңге шығынмен аяқтаса, 2021 жылғы шығын – 25 миллион теңгені құрап отыр. Мұндай нәтижеге шығындарды үнемдеу арқылы қол жеткізілген. Мысалы, жанар-жағармай шығыны 10,0 миллион теңгеге үнемделіпті. Ал электр-энергия шығыны 70,0 миллион теңгеге төмендетілген. Сондай-ақ штат санын 609 адамнан 588 адамға, яғни, 21 адамға қысқарту нәтижесінде 36 миллион теңге, материалдарды сатып алуды бір көзден сатып алуға тыйым салу нәтижесінде 30,0 миллион теңге үнемделді. Бұдан бөлек салық төлемдерінің уақтылы бюджетке аударылуы нәтижесінде қосымша үстемақы төлемдерін болдырмау нәтижесінде 4,0 миллион теңгеге дейін қаражат үнемделді. Былтыр және осы жылдың басында абоненттерден жиналатын табыс айына орташа есеппен 143 миллион теңге болса, жыл соңында 211 миллион теңгеге жетті. Кәсіпорындағы ең өзекті мәселелердің бірі – су және кәріз құдықтарда орналасқан люктердің сынуы мен ұрлануы. Теңгерімде 16 мыңнан астам люк бар. 1 жылда 864 дана люк ұрланған. Бүгінде әр люктің орташа құны 27-28 мың теңге екендігін ескерсек, мемлекетке келетін шығын көлемі де аз емес. Бүгінде бетон люктармен амалдап отырған мекеме, бұл мәселенің шешімі емес дейді. Сондықтан биыл 2400 люк сатып алуға бюджетке өтінім берген. «Жамбыл су» кәсіпорнында күнделікті жұмыс барысында 69 көлік техникасы жұмыс істейді. Олардың дені 25 жылдан астам пайдаланылғандықтан тозығы жеткен. Сондықтан биыл 8 техника сатып алу жоспарланып отыр. Есепті тыңдаған қала әкімі Е.Жылқыбаев мекеменің өткен жылғы жұмысына оң бағасын берді. Дегенмен де, бірнеше өзекті мәселені жіті назарда ұстау керектігін ескертті. Мәселен, таза ауыз судың да сарқылатын кезі келеді, суды ысыраппен пайдалануға жол бермеу керек. Өйткені суды үнемдеу, толық төлемақыдан жалтаратын абоненттерді анықтау, ескірген су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстырып, судың сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесіне жіті назар аудару керек. Сөзін осылай түйіндеген қала әкімі кәсіпорын өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жетіп, цифрландыруды қолға алу қажет екендігін де баса айтты. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен кезекті есепті жиын «Таразтрансэнерго» кәсіпорнында өтті. Жиында мекеме басшысы К. Туртаева 2021 жылдың қорытындысы мен алдағы жұмыс жоспары туралы баяндады. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны 2004 жылы «Таразэнергоорталықтың» тұтынушыларына жылу энергиясын бөлу және тасымалдау мақсатында құрылған. 2020 жылдың басында «Теміржол-жылу» МКК-мен біріккеннен кейін кәсіпорын теңгеріміне 7 жергілікті (локальный) қазандық қабылданды. Мекеме 208 шақырым жылу желісіне қызмет көрсетеді, оның ішінде 49 шақырым – магистралдық және 159 шақырым – ішкі кварталдық. Ал тұтынушылардың жалпы саны – 1329. Жылыту маусымы басталған кезінде көптеген үйлердің элеваторлық тораптарының апаттық жағдайда болуы, сүзгілері (грязевик) тесілуі, үйдің ішкі тарату жүйесінің тозып тесілуіне байланысты жылу энергиясын қабылдауға дайын болмады. Кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне жылыту маусымы басталғаннан бері тұтынушылардан 1165 өтініш келіп түскен. Түскен өтініштерге байланысты мекеме тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Жиында 2022 жылға бірқатар іс-шаралардың жоспарланып отырғаны айтылды. Мысалы, 81 миллион теңге сомасына жылу желілерін, қазандықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды жоспарлы-алдын ала күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ М-2 жылу магистралін қайта жаңарту жөніндегі жоба аяқталады. Сонымен қатар «КазЦентр ЖКХ» АҚ-ның бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерге жалпыүйлік есептегіш құралдарды орнату көзделуде. Сол сияқты 101,2 миллион теңге сомасына көлік техникасын, механизмдер мен жабдықтарды сатып алу бойынша ҚЭН іс-шараларын іске асыру, 2022 жылға 58,4 миллион теңге сомасына инвестициялық бағдарламаны орындау, кәсіпорынның технологиялық байланыс қызметі бойынша өзге де кірістерді дамыту, М-3 жылу магистралі мен ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңартуға ЖСҚ әзірлеу бойынша бюджеттік өтінім беру міндеттері күтіп тұр. Басқосуды қорытындылаған қала әкімі жұмысты жандандыру мен жоспарланған жобалардың тиіміділігіне назар аударуды атап өтті.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар