Ел дамуына бастайтын сөз айтылды

Ел дамуына бастайтын  сөз айтылды
ашық дереккөз
Ел дамуына бастайтын сөз айтылды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттің алдағы дамуы мен жарқын болашағына қатысты нақты мәселелер, сол мәселелерді жүзеге асырудың жолдары кеңінен айтылды. Билік пен халықтың арасы бұрынғыдан да жақындап, тазалық пен ашықтық, қарапайым тұрғындардың билікке деген сенімі жоғарылай түскенін байқадық. Мемлекет басшысы «Қазақстанның даму банкі жеке адамдардың жеке банкіне айналып кеткен. Біз олардың аты-жөніне дейін білеміз» деп ағынан жарылды. Бұл дегеніміз алдағы уақытта қаржылық жүйедегі көлеңкелі мәселелер жойылады немесе азаяды деген сөз. Мұндай сөздің ел мүддесін, қарапайым адамдардың жағдайын ойлаудан туындайтыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта Үкімет мүшелері мен депутаттардың, әкімдердің жалақыларын көтеруге 5 жылдық мораторий жарияланатынын айтып, есесіне басқа құрылымдардың жалақысын арттыруға назар бөлінетінін мәлімдеді. Бұл да – әділетті шешім. Жиында ел дамуына әсер ететін, өркендеулерге бастайтын басқа да көптеген бастамалар айтылды. Оның барлығы жүзеге асып жатса, біздің елдің ұтары көп. Сол жаңашыл бастамалар үшін де қуанып отырмыз. Президент сөзінің соңында жаңа жасақталған Үкіметке зор сенім артып, көптеген міндеттер жүктеді. Сондықтан халықтың жаңа жасақталатын Үкіметтің жұмысынан да күтер үміті көп. Жасалған қадамдар сәтті, ел еңсесі биік болғай деп тілейміз. Халқымыз тыныштықта, ынтымақта, бейбіт жағдайда ғұмыр кеше берсін деген қариялық бата-тілегіміз бар.

Тәкен Молдақынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мәдениет саласының ардагері.

Ұқсас жаңалықтар