«Ашу – дұшпан, ақыл – дос...»

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос...»
ашық дереккөз
«Ашу – дұшпан, ақыл – дос...»
Соңғы кездері елімізде болып жатқан оқыс оқиғалар біздің де жүрегімізді ауыртады. Бір жағынан алып қарағанда әлеуметтік мәселелердің ішінара шешілмеуінен туындап жатқан бой көтерулердің себебін де түсінуге болады. Дәл жаңа жылдың алдында сұйық газ құнын күрт көтеріп жіберу, әрине, дұрыс болмады. Сондықтан ереуілшілдердің талаптарына дер кезінде құлақ асқанда, оның соңы үлкен толқуға ұласпайтын ба еді. Өкінішке орай халықтың талаптарын кейбір ниеті бұзық содырлар өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеуінде «Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті. Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне да залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді» деп ашық айтты. Мұндай сұмдық оқиға облысымызда, оның ішінде Тараз қаласында да орын алғанын, басбұзарлардың сойқанын көзімізбен көріп, жүрегіміз қан жылады. Ең өкініштісі, алаңға шыққандардың арасында жастар көп. Көпшілігі 16-17 жастағы бозбалалар. Былайша айтқанда, оңы мен солын әлі танып білмеген жастарды арандатқан бұзақылардың әрекетін ешнәрсемен ақтауға болмайды. Мемлекет басшысының табандылығы арқасында еліміздегі бүлік басылды. Халқымыз қайтадан бейбіт өмірге орала бастады. Тәуелсіздігімізге төнген қауіп сейілді деп отырмыз. Біз, ардагерлер қиын-қыстау кезде Президенттің Үндеулерін қолдадық. Алаңға шығып, бүлікшілерге басу айттық. Әлі де басу айтамыз. Өйткені Қазақстанға көз алартушылар көп. Қазақстанның Тәуелсіздігін тәрк еткісі келетіндер де бар. Сондықтан ардақты ағайын, ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық. Тыныштығымызды бұзғысы келетіндерге халық болып қарсы тұрайық. Президентіміздің маңайына топтасайық. Әйтеке би айтқандай, «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» дейміз. Президент Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде де еліміздің тұтастығын, халықтың тыныштығын қорғауға қатысты нақты міндеттерге тоқталды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылатынын атап көрсетті. Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Одан айырылсақ ұлт ретінде жойылып кетуіміз де ғажап емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі» деп атап көрсеткендей жақсы күндердің мол болатынына біз ақсақалдар толық сенеміз.

Оңласын Есіркепов, Жамбыл облыстық Билер кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар