«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұз тұнып жатқан байлық емес пе?

Тұз тұнып жатқан байлық емес пе?
ашық дереккөз
Тұз тұнып жатқан байлық емес пе?

9Азық-түлік тауарлары арасында тұтыну­шылар үшін аса қажетті өнім ретінде наннан кейінгі екінші орынды иеленетін ас тұзы (натрий хлориді) өнеркәсіптің химия, мұнай және химия-энергетикалық салаларында, коммуналдық және мал шаруашылығында да кеңінен қолданысқа ие. Сондықтан ас тұзының тұтыну ауқымы ескеріліп, еліміздегі аса маңызды азықтық, әлеуметтік және өнеркәсіптік мәні бар өнімдердің тізбесіне енгізілген. Республикамыздың аумағында жабық және ашық әдіспен өндіруге болатын жер асты және жер бетінде жатқан қоры аса бай тұз кен орындары да аз емес. Әрі осындай ел тұрғындары мен халық шаруашылығы үшін орны айрықша тұз кеніштері облысымыздың аумағында да баршылық. Міне, соның нақтылы дәлелі ретінде, ішінара жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері негізінде жасалған болжам бойынша, тек Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы Қамқалы ауылдық округіндегі Майдакенкөл, Итім, Шұңқыркөл сияқты кен орындарында ғана 12 миллион тоннадан астам сапалы натрийлі тұздың бар екендігін айтсақ та жеткілікті. Сарапшылардың айғақтауынша ас тұзының осынау болжамды қорының өзі-ақ облыстың тағамдық, жемдік және техникалық тұзға деген қажеттіліктерін кемінде 350 жыл­дан астам уақыт қамтамасыз етуге жететін көрінеді.

Жақсы-ақ басталған іс жалғасын таппады

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында мемлекет меншігіндегі жабдықтау мекемелерінің Қазақстандағы, Ресей мен Украина және Беларуссиядағы тұз кеніштерінен тасымалдап жеткізіп, жабдықтайтын натрийлі тұз облыс жұртшылығының, төрт түлік малдың, өнеркәсіптің, жылу қазандықтары мен жол пайдалану учаскелерінің сұранысын небәрі 70 пайызға ғана қамтамасыз ететін. Сондықтан сол тұстағы билік басындағы коммунистік партияның облыстық комитетінің басшылығы жаңадан құрылған «Сельхозхимия» өндірістік бірлестігіне облыстың тұтынуына қажетті тұздың жетіспейтін бөлігін жергілікті жерде өндірудің мүмкіндіктерін қарастыруды міндеттеген болатын. Соған орай, аталған мекеменің арнайы тапсырысы бойынша Оңтүстік Қазақстан геология-барлау басқармасының Георгиевка геология-барлау партиясы аумақтағы Тұзкөл, Шұңқыркөл, Бұралқының тұзы, Майдакенкөл, Қарақыр, Итім және басқа да ондаған тұз кен орындары арасынан Майдакенкөлде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде геологтар арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен кеніш аумағының 550 гектар жерді алып жатқандығын, ондағы алуға болатын жарамды тұз қабатының 1,5 метрден 4,5 метрге дейін жететіндігін, оның алуға болатын болжамды қорының 8,6 миллион тоннадан асып жығылатындығын, ал химиялық және ветеринариялық-зертханалық талдаулардың барысы кеніштегі тұз сапасының мемлекеттік стандартқа (ГОСТ-а 13831– 68) толық сай келетіндігін анықтайды. Артынша, кен орнынан өнеркәсіптік емес жолмен тұз өндіру үшін оның басына «ЭО-2126» экскаваторы, тұз ұсақтағыш, механикалық күрек, тіркемелі трактор, карьерде өндірілген тұзды сыртқа шығаруға арналған ленталы транспортер, электр стансасы, жұмысшылардың жатып-тұруына арналған вагон-үймен жарақтандырылған механикалық отряд келген. Облыстық «Сельхозхимия» бірлестігі басшыларының бастапқы жоспары бойынша бұл арада тұрғын үйлер, ас тұзын йодтайтын және әрқилы минералдармен байытатын шағын цех, өнім сақталатын қойма салынып, жұмысшыларды және техниканы тұщы сумен қамтамасыз ететін құдық қазылуға тиіс болатын. Алайда, кейін қолға алынған істің орындалуын қадағалау мен оған деген қамқорлықтың жеткіліксіздігінен ұйымдастыру ісі қожырап, жұмыстың кенеуі кете бастаған. Алдымен, вагон-үй өртенді. Соңынан тұз ұсақтағыштың, ленталы транспортердің тетіктері істен шығып, қалған бөлшектері «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Одан кейін Майдакенкөлдің басынан электр стансасы әкетіліп, оған арналып соғылған үйшіктің шатыры, төбесі мен еденіндегі құрылыс материалдары түгелдей «жиендерін» тапқан. Ал, құр қалқиған төрт қабырғасы болса елсіз-күйсіз, иесіз кеніш басын қарауылдағандай екі-үш жыл қалқиып тұрды да әлдекімдердің көзіне күйік болған болуы керек, бір күні ол да қиратылған көрінеді. Сөйтіп, жергілікті мәні зор тұз кенін игерудегі жап-жақсы басталған іс арнасын таппай аяқсыз қалыпты. Рас, жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарында облыстық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің құрамындағы «Казсельхозтехника» бірлестігінің cол кездегі басшысы Сейфолла Қожахановтың бас болуымен тұз кендерін игеру қайта қолға алынып, алғашқы 500 тонна өнімін Оңтүстік Кореяға, мыңдаған тоннасын облыстағы тұтынушыларына және көршілес Қырғызстанға сатып та үлгерген еді. Бірақ, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында республиканы жайлаған гиперинфляцияның салдарынан ас тұзын жартылай өнеркәсіптік тәсілмен өндіруге кіріскен жаңа цехтың да жұмысын тоқтатуына тура келген. Ал өндірістік құрал-жабдықтары алғашқысының кебін киіпті. Міне, содан жалғасын таппай, аяқтаусыз қалған игі бастама он бес жылдан астам уақыт мүлдем қолға алынбай, халқымыз «Астың дәмін келтірген – тұз әулие, Елдің сәнін келтірген – қыз әулие» деп барынша қадірлеп, кие тұтатын кеніштегі ас тұзы көрінгеннің табыс көзіне айналып, ерінбегені жол-жөнекей шашып-төгіп, арысы Алматыға, берісі Тараз бен көршілес Қырғызстанға апарып сатып, көл-көсір пайда табумен болған-ды. Қолда барда алтынның қадірі жоқ Статистикалық деректер қазіргі таңда республикада жылына 426 мың тонна натрийлі тұз өндірілетінін, оның 100 мың тоннаға жуығы тағамдық, қалғаны әрқилы қажеттіліктерге пайдаланылатындығын, ас тұзының мұндай

11

көлемі еліміздің ішкі нарығындағы сұраныстың тек 91 пайызын ғана қамтамасыз ететіндігін, қалғаны Ресей мен Украина және Беларуссиядан импортталатындығын айғақтайды. Әрі аталған елдерден сатып алынатын тұздың тең жартысынан астамын қымбат бағалы сапалы йодталған ас тұзы құрайтын көрінеді. Бұған керісінше еліміз көршілес Қырғызстан мен Ресей, Өзбекстан сияқты мемлекеттерге бағасы арзан техникалық тұз шикізатын экспорттайды. Міне, бұл ретте, пайда табу тұрғысынан келгенде, кімнің ұтылып, кімдердің ұтып жатқандығы айтпаса да түсінікті. Жалпы, еліміздегі ас тұзын өндіруде, өңдеуде, тұтынуда және сырт елдерге шығарып сату мен таяу шет мемлекеттерден сатып алуда орныққан мұндай тенденцияны біздің облысқа да тән көрініс деп айтуға болады. Айтқан уәжіміз дәлелді болу үшін нақтылы дәйектер келтірген де жөн болар еді. Бірақ, қажетті дерек алу үшін біз арнайы барып жолыққан облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларының мамандары тағамдық, жемдік және техникалық мақсатта тұтынылатын тұз мөлшеріне мониторинг жүргізілмейтіндігін айтып, көмектесе алмайтындықтарын жеткізді. Сондықтан, амал жоқ, БҰҰ-ның Бүкіләлемдік денсаулық сақтау (БДСҰ) ұйымының мәліметтері мен америкалық және британдық сарапшылардың ас тұзын пайдалану бойынша әлемнің 187 елінде жүргізген статистикалық зерттеулерінің қорытындыларына жүгінгенді жөн көрдік. БДСҰ-ның жасаған тұжырымы бойынша әр адамның бір тәулікте пайдаланатын ас тұзының мөлшері 5 грамнан аспауы керек екен. Алайда, әлемдік масштабта зерттеу жүргізген сарапшы-ғалымдардың дәлелдеуінше әлемнің 181 елінің, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның әр тұрғыны тәулігіне 10 грамм мөлшерінде ас тұзын пайдаланатын көрінеді. Міне, осы өлшем тұрғысынан келгенде, миллионнан аса халқы бар облыс жұртшылығының күнделікті ас-суының және тұрмыс-тіршілігінде кеңінен пайдаланатын кеспе-макарон, ет-шұжық, қалбырға жабылған балық, көкөніс, ет өнімдерінің дәмін келтіретін ас тұзының бәрін қосып, болжамдап есептегенде облыс тұрғындары бір жылда тұтынатын натрийлі тұздың мөлшері 5 мың тоннаға жуықтап қалады екен. Ал өнеркәсіптің химия, мұнай және химия-энергетикалық салаларында, коммуналдық және мал шаруашылығында қолданылатын тұздың облыс тұрғындарының тұтыну мөлшерінен кемінде 3,5-4 есе артық болатындығын ескерсек, біз атаған цифрдың еселеніп өсетіндігі анық. Егер аумақтың тұтынуына қажетті осынша көлемдегі тұзды шет елдерден және республикамыздың басқа аумақтарынан тасымалдауды доғарып, өңірдегі тұз кендерінде дайындау қолға алынса, оның облыстың әлеуметтік-экономикалық өміріне әкелер тиімділіктері де аз болмайды. Мұндай жағдайда, біріншіден, тұз өндірісін жолға қою арқылы, одан түсетін салық және өзге де төлем түрлері ұлғайып, жергілікті бюджетке құйылатын қаржы түсімінің көлемі артады. Екіншіден, ас тұзы шикізатын өндіретін және оны өңдеп, ақырғы өнім шығаратын әлеуетті кәсіпорындарды іске қосу, сондай-ақ, қажетті инфрақұрылымдар желісін құру негізінде жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкіндік туып, ең болмағанда, тұз кендерінің маңындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелері ішінара шешімін табатын болады.

Өңірдегі ас тұзын өнеркәсіптік әдіспен өндіру қажет Басын Алатаудың су айрығынан алып, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының солтүстік аумағын кесіп өтетін Шу өзенінің төменгі сағасындағы тұзды көлдердің буланып суалуы, тұздардың қайта кристалдануы мен шөгуі нәтижесінде қалыптасқан Шұңқыркөл, Итім, Майдакенкөл сияқты тұз кен орындарынан заңды түрде тұз өндіру 2001 жылдан бастап қайта қолға алыныпты. Сол жылы бұрын геология партиясында кен барлау жұмыстарымен шұғылданған байырғы геолог, Тараз қаласының тұрғыны Дәріқұл Айдымбеков «Геолог» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атынан, облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетовпен тұз қоры 1299,3 мың тоннаны құрайтын Шұңқыркөл кен орнын 2026 жылдың қыркүйегіне дейін тұз өндіру үшін пайдалану жөнінде келісім-шарт жасасады. Ол жылма-жыл 2 мың тонна мөлшерінде техникалық тұз өндіруге міндеттенген. Ал, Қамқалы ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Мақтабек Жусамбаев 2008 жылдың 7 мамырында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу

8

басқармасының басшыларымен жасасқан №353-інші келісім-шарттың негізінде Майдакенкөлдің 400 гектарға жуық аумағынан және Итім тұз кен орнынан 2033 жылдың мамыры және наурыз айларына шейін, тағы бір қамқалылық жеке кәсіпкер Талғат Түсіпбеков 2008 жылдың 1 сәуіріндегі № 339-ыншы келісім-шарт бойынша Майдакенкөл кен орнындағы аумағы 170 гектар болатын кен алаңынан 2032 жылдың сәуір айына дейін ас тұзын өндіру құқығына ие болады. Құзырлы органдармен арадағы келісімге сәйкес, олардың алғашқысы кеніштен ас тұзын өндіру мөлшерін жылына 7 мың тоннаға, кейінгісі 6,5 мың тоннаға дейін жеткізуге міндеттеме алыпты. Аумақтағы геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының кейінгі жылдарда жүргізген тексерулерінің қорытындылары кәсіпкерлердің үшеуінің де келісім-шарттарда нақтыланған міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келе жатқанын айғақтайды. Біз «Геолог» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі басшысы Қамыс Айдымбековпен тілдескенімізде, кәсіпкер өз өнімдерін облыстағы табиғи газ өндірумен айналысатын «Амангелді Газ» ЖШС-мен арадағы келісімдері бойынша, жылма-жыл аталған кәсіпорынға өткеріп келе жатқандығын жеткізді. Ал ас тұзын жартылай өнеркәсіптік тәсілмен өндіру, өңдеу және өткерумен айналысатын Талғат Түсіпбековтің «Бек-Ырыс» жеке кәсіпкерлігінің жұмысының барысымен Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы Қамқалы ауылдық округінде болғанымызда танысудың реті келген. Ең әуелі жеке кәсіпкерлік ас тұзын өндіретін Майдакенкөлдегі тұз карьерінде болғанбыз. Айналадағы сонау көкжиекке дейін көсіліп, тұтасып жатқан құм төбелердің арасындағы кенішті, конькиден спорттық бәсекелер өтетін мұз айдынына ғана балауға болады. Қалың қабаттары қатты, беті жылтыр, күн нұрына шағылысқан линза іспетті тұз кристалдары жанарыңды жасқап, көз қарықтырады. Кен орнының бір шетінде тұздың беткі қабатын сүру, жиналған тұзды арнайы бөлінген орынға апарып үю, көліктерге тиеу және қажет болғанда тұз қабаттарын қазу сияқты кешенді жұмыс үдерісін бір өзі орындай алатын шетелдік заманауи әмбебап техника сүрілген тұзды анадай жердегі қатарласа тізілген жал-жал тұз үйінділеріне сүріп апарып, үюде. Жеке кәсіпкер Талғат Түсіпбековтің айтуынша, өңірдегі тұз кендерінің барлығында дерлік тұздың осылай жер үстінде орналасуы, мұнда тұз өндіруге, оны көлікке тиеуге, тасымалдауға, жартылай өнеркәсіптік тәсілмен цехта ұнтақтап кептіруге, йодтауға және арнайы ыдыстарға салып, буып-түюге қажетті шығынның тұзды көлдерден және шахталық әдіспен жерасты тұз кендерінен өндірілетін және өңделетін тұзбен салыстырғанда әлденеше есе аз жұмсалуына, ал өнімнің өзіндік құнының төмен болуы әдетте рентабельді­лігі жартымсыз саналатын тұз кәсіпшілігінің төменгі Шу бойындағы тұз кеніштерінде айтарлықтай қаржылық-экономикалық тиімділіктер әкелуіне ықпал етіп отырғандығын баян етті. Өзіміз аралап көрген Қамқалы және Шығанақ ауылдарындағы оның иелігіндегі екі бірдей шағын цех бірінші сұрыпты ас тұзын дайындауға мүмкіндік беретін технологиялық құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылыпты. Цехтардың қай-қайсысының да қоймаларында даяр өнім салынған қапшықтар мен қалталар текшеленіп жиналған күйінде иін сіресіп тұр. «Алматы, Бішкек, Тараздағы ас тұзын сатумен айналысатын фирмалар көліктерімен келіп, әзірленген өнімді өздері тасымалдап алып кетуде. Әзірге жылына 6,5 мың тонна ас тұзын алымсақтарға әр тоннасын 20 мың теңгеден саудалаудамыз. Бұл – қос ауылдағы тұз өңдейтін цехтардың әрқайсысынан 16-17 тұрақты жұмыс орнын ашуға, әр жұмысшыны 50 мың теңге мөлшерінде айлық жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде», – деді кәсіпкер жігіт қолға алынған ісінің жемісті жүзеге асырылып жатқандығы туралы ақтарыла әңгімелеп. Оның бұл сөзін тірілткен Қамқалы ауылдық округінің әкімі Асан Тілемісов аумақтағы Итім тұз кен орнынан және Майдакенкөлдің екінші бөлігінен ас тұзын өндіретін Мақтабек Жусанбаевтың да өз міндетінің үдесінен шығып жатқандығын, Шығанақ ауылында тұз өңдейтін тағы бір цехтың жұмыс істеп тұрғандығын, онда да оннан астам адамның жұмыс істейтіндігін айғақтады. Десек те аз шығынмен мол табыс табуға болатын төменгі Шу бойындағы ас тұзының бай қорын толық игеріп, оның әкелер мүмкіндіктерін өңір халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге жегу үшін аумақта өнеркәсіптік жолмен тұз өндіретін әлеуетті кәсіпорын салу қажет-ақ. Бұл – талас тудырмайтын аксиома. Бәлкім, сондықтан болуы керек, жуырда ғана Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің аудандық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде, «Асыл тұз» компаниясының алдағы уақытта ауданда жылына 30 мың тонна ас тұзын өндіретін, жобалық-сметалық құны 360 миллион теңгені құрайтын тұз өңдейтін зауыт салатыны қарастырылып жатқаны мәлім етілді. Мұның – жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тиімді жоба екендігі даусыз. Тағы бір тоқталатын жай, төменгі Шу бойындағы өндіру шығындары арзанға түсетін кен орындарындағы ас тұзын сода зауытын салу арқылы өңірдің, қала берді облыстың игілігіне тиімді тұрғыда кәдеге жаратуға болады. Өйткені, бүгінгі таңда республикамызда сода өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы. Сондықтан, еліміз әлеуметтік және өндірістік қажеттіліктер үшін жылына жалпы құны 150 миллион доллар тұратын 200 мың тонна соданы шетелдерден импорттауға мәжбүр болуда. Оның 10 миллион доллары тек тұз содасын, ал 5 миллион доллары техникалық сегменттер алуға жұмсалуда. Мамандардың айтуынша заманауи шетелдік озық инновациялық технологияларға негізделген өндірістік шешімдер сода өндірісіндегі өнімнің өзіндік құнын қазіргімен салыстырғанда 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді екен. Олай болса, нақтылы кезеңде төменгі Шу бойындағы тұз кен орындарын игерудің тиімді жолдарын іздестіріп отырған жергілікті құзырлы органдардың осы бағытта да бағдарлы жұмыс жүргізіп, инвесторлар іздестіргені абзал. Ондай жағдайда, әрине, дотацияда отырған ауданның экономикалық әлеуеті артып, өңір халқының әл-ауқаты да жақсара түсер еді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Тараз – Шығанақ – Қамқалы – Жайлаукөл – Тараз.

Ұқсас жаңалықтар