Азаттықтың әр күні шуақты

Азаттықтың әр күні шуақты
ашық дереккөз
Азаттықтың әр күні шуақты
Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік менің өмірімде» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуды облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт ашып, жүргізіп отырды. Жүздесуде алғаш болып сөз алған жазушы Елен Әлімжан еркін күннің елімізге бергені көп екенін айта келіп: «Бір нәрсе анық. Бүгінгі бейбіт те берекелі өмірімізге халқымыз ауызбіршілікті сақтаудың арқасында қол жеткізді. Ал ширек ғасырдағы ел жетістіктері – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Қасым-Жомарт Тоқаев сол ұлы жолды абыройлы жалғастырып келеді», – деді. Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл: «Қазақ – қашанда сабырлы халық. Тәуелсіздік – біздің мәңгі қадір тұтатын бойтұмарымыз. Дәуірлер өтеді, буын алмасады. Жаңа ұрпақ, жас буын жаңаша ойлайтын да болар. Сол жаңашылдық, жасампаздық, ержүректілік аға буын өкілдерінен жұғысты болғанын айтуға тиіспіз», – деп азаттықтың маңыздылығына терең тоқталды. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері, құрметті профессор, дәрігер-хирург әрі қаламгер Сағындық Ордабеков өз сөзінде Тәуелсіздік жылдардағы еліміздің медицина саласында болған өзгерістерге, денсаулық саласының қандай деңгейге өскеніне, мыңдаған жаңа ғимараттар салынғанына, әлемдік деңгейдегі ең таңдаулы аппараттарға қолымыз жеткеніне көңіл аударып, толғанды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысының орынбасары Құралай Өскембекова еліміздің азаттық жылдарындағы жетістіктерін тамсана айтты. Ал Алматыда өткен желтоқсан оқиғасы жөнінде Ақпарат саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Амангелді Әбіл толғана сөйлеп, азаттықтың әр қадамы бағалы, әр күні шуақты деді. Мұнан соң Тәуелсіздік құрдасы, ақын Нұржан Қадірәлі жырдан шашу шашса, Тараздағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі Тоғжан Лаубай, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Жұлдыз Күнтуғанова, №2 қалалық емхана дәрігері Алтынай Садықова, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің артисі Наурызхан Әбдірахманов, Байзақ ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және құжаттама бөлімінің басшысы Есжан Бейсеубаев өз ойларын ортаға салды. Жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің басшысы Гүлбаршын Құланбаева қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

Есет Досалы

Ұқсас жаңалықтар