Зейнетақы қорынан ақша алуға қанша адам өтінім берді?

Зейнетақы қорынан ақша алуға қанша адам өтінім берді?
ашық дереккөз
Зейнетақы қорынан ақша алуға қанша адам өтінім берді?
Шыны керек, жиған-тергенін қара қазан мен сары баланың қамы үшін жұмсап, құрқылтайдың ұясындай бір баспанаға қашан қолым жетер екен деп армандаумен келе жатқан жандар көп. Сол қараша халық былтыр зейнетақы жинақтау қорындағы жинақталған қаржының бір бөлігін қажетіңе пайдалануға болады деген кезде аттанға айқай қосқандай болып алақайлаған еді. Тек соңынан кейбірі «сол құрғыр қаражаты бізде бар ма екен» деп уайым шеккен. Жасыратыны жоқ, ауылдағы ағайынның басым көпшілігінің тұрақты жұмысы жоқ. Содан да науқан кезеңінде ғана күн демей, түн демей тер төгіп, жылдық нәпақасын бір-ақ жиып алу үшін шаруа баққан жайы бар. Ал көппен бірге қуанғаны – барын қалтасына салып беріп, оқу оқытып, қызмет қылсын деп тілеуін тілеп отырған ұл-қызы осы дүрмекке ілініп, пәтер алып қалар ма екен деген үміттің оянғаны. Қош, қалай десек те, әйеуір ай сайын жарнасын аударып тұруға жағдайы бар орта топтағыларға бұл да бір мүмкіндік. Сондықтан уәде еткен 2021 жыл бастала салысымен біразы жиғанының өзіне тиесілі бір бөлігі қаншаға жеткенін есептетуге кірісіп те кеткен еді. Міне, көпшілік үміт артқан жүйе іске қосылғалы да жылға жуықтады. Қанша азамат өзінің жиған қаржысының бір бөлігін керегіне жарата алды ма? Қанша тұрғын осы жүйе арқылы баспаналы болды? Осындай сауалдарды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ-ның облыстық филиалының директоры Абдыманат Еспаевқа қойған едік. –  Абдыманат Төреханұлы, жалпы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үдерісінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қандай рөлге ие болды? Бүгінге дейін қанша жамбылдық тұрғын зейнетақы жинағын алуға өтінім берді? Бұл жүйеде үш тарапқа да басымдық берілді. Жинақталған қаржы бірыңғай қорда болғандықтан, қаржысының бір бөлігі жеткілікті мөлшерден асқан-аспағанын тексеріп алу үшін біздің қосымшаға жүгінуі керек болды. Әрі қарай банктерге қайырылып, өтінім мақұлданған жағдайда өтініш иесі өзі шешім қабылдауы қажет. Жалпы еліміз бойынша қараша айына дейін БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 485 772 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,96 триллион теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,0 миллион теңге. Ал біздің өңірдегі жағдайға келсек, 2 қарашаға дейін біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен үй жағдайын жақсартуға жалпы сомасы 23,6 миллиард теңгені құрайтын 9386 өтініш қанағаттандырылды. Сәйкесінше осы мақсатқа пайдаланылған сомалардың орташа мөлшері 2,5 миллион теңгені құрады. Айта кетейік, шамамен 270,5 миллиард теңге өтініш берушінің өтініші бойынша және өзге де себептер бойынша қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбауына байланысты уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды. Сондай-ақ, БЖЗҚ жалпы сомасы 54,0 миллиард теңге болатын 59 464 өтінішті орындады. Бұл ретте алымдардың орташа сомасы – 0,9 миллион теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 7,9 миллиард теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. Тағы бір айта кететіні, облыста біржолғы зейнетақы жинақтарын емдік шараларын қолдануға арналған жалпы сомасы 1,07 миллиард теңгені құрайтын 1 330 өтініш қанағаттандырылды. Осыған сәйкес, аударылған сомалардың орташа мөлшері 0,8 миллион теңгені құрады. –  Жалпы жинақтағы қаржының бір бөлігін алу – болашақ зейнетақының мөлшеріне әсер етпей ме? Зейнетке шыққан кезде салымшы үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің салдары қандай болуы мүмкін? – Дұрыс айтасыз, жинақтардан алынған кез келген біржолғы төлем салымшының болашақ зейнетақысына әсер етеді. Болашақта ол біржолғы төлем алу мүмкіндігін пайдаланбаған салымшыларға қарағанда төмен зейнетақы алатынын есте ұстаған жөн. Зейнетақы жинақтарын алуға мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі әрбір жас үшін, тым болмағанда ең төмен жалақыдан тұрақты жарналар кезінде салымшы өзінің жеке зейнетақы шотында базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып тастағандағы (2021 жылы – 43 272 теңге) бір ең төмен зейнетақы мөлшерінде БЖЗҚ – дан ай сайынғы төлемдерді алу үшін жеткілікті сомаға (2021 жылы -18 524 теңге) ие болатындай етіп есептелген. Басқаша айтқанда, Қордан берілетін ең төменгі ай сайынғы төлемдер 24 748 теңге болмауы мүмкін (2021 жылғы есеп бойынша). Болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін БЖЗҚ-ның болжамды зейнетақы калькуляторы қызметі (enpf.kz сайтында немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында) арқылы болжауға болады. Ол көп деңгейлі зейнетақы жүйесіндегі зейнетақының барлық құрамдауыштарын есептейді: мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық төлемнің және жасына байланысты зейнетақының (ортақ зейнетақының) болашақ мөлшерін, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін (міндетті зейнетақы, міндетті кәсіптік зейнетақы және ерікті зейнетақы жарналары есебінен) жинақтаушы зейнетақыны есептейді. БЖЗҚ-дан төленетін болашақ төлемдерді есептеу табыстылықтың күтілетін деңгейін ескере отырып, үш (пессимистік, шынайы және оптимистік) сценарийде  ұсынылған. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты (яғни, болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегергенде) құндық мәнде ұсынылады. Есептеулер салымшының нақты жинақтарына негізделеді (деректер калькуляторға Жеке кабинеттен жүктеледі) және өз зейнетақысын жоспарлауға мүмкіндік береді, соның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алу кезінде оның қаншалықты азаятынын көре аласыз. – Жинақтың бір бөлігін пайдалану дегенде тағы бір назар аударатын мәселе –зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға аудару. Мұндай қадамға бару қаншалықты тиімді? Ұтарымыз көп пе, ұтылатын тұсымыз қайсы?  2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін де пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді. Бұл зейнетақымен қамсыздандыру нарығында қосымша бәсекелестік тудырып, БЖЗҚ салымшыларына өз жинақтарын қалауларынша инвестициялауға мүмкіндік беріп отыр. Яғни, ақша жүйеден шығарылмайды, сонда қалады және көбейеді. Басқарушы компанияны таңдау үшін, мүмкіндігінше, оның қызметімен танысу керек. Негізгі ақпарат – инвестициялық декларация, комиссиялық сыйақы туралы мәлімет – БЖЗҚ сайтының «Қызметтер» бөлімінде орналастырылған. Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы төрт ИПБ-мен  атап айтсақ, «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ арада келісімшарттар жасалды. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ-лардың комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына көп дегенде бір-ақ рет өзгертіледі. Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Өтініш enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне барған жағдайда берілуі мүмкін. БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдікпен алмастырылатынын айта кеткен жөн. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептеледі. Басқарушы компаниялардың қандай табыс  табатыны туралы ақпаратты салымшылар сайттағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан алатын өздерінің зейнетақы шотынан үзінді көшірмеде көрсетілетін мәліметтер арқылы қадағалай алады. Әрбір ИПБ-ның инвестициялық қызметіне жалпы шолу enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде жарияланады. Егер қаржыңыздың бір бөлігін басқарушы компанияға берген жағдайда салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады. Республика бойынша қаржысын басқарушы компаниялардың айналымына 2 қарашаға дейін шамамен 5,4 миллиард теңге аударылды. Бұл біздің қор  2 мың 912 өтінішті орындады деген сөз. Аударымның орташа сомасы – 1,9 миллион теңге. Біздің өңірде 35 салымшы осындай қадамға барып отыр. Олардың есебінен зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асқан сомасының 38 миллион теңге көлемінде қаржы басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына аударылды. Аударымдардың орташа мөлшері – 1 миллион теңге. Зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі егжей-тегжейлі статистика да enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Басқарушы компанияларға зейнетақы жинақтарын беру» бөлімінде қолжетімді екенін атап өткім келеді. –   2021 жылғы ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі-БЖЗҚ-дан төлем жасау әдістемесінің өзгеруі, түзету неге байланысты енгізілді? –  2021 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болған әдістемеге сәйкес БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің ай сайынғы сомасының мөлшері жыл сайын қайта есептеліп, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының қалдық сомасын олардың ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісінің он екіден бірін құрады. Ағымдағы құн коэффициенттері 2000 жылдардың басында өзекті болған өмір сүру ұзақтығы, кірістілік және т. б. өлшемдерді ескере отырып айқындалды. Алайда зейнетақыны жоспарлаудың әлемдік тәжірибесін, әлеуметтік және демографиялық факторларды ескере отырып, бұл өлшемдерді жаңарту қажеттігі пісіп-жетілді. Мысалы, Қазақстанда алушының зейнеткерлік жастан бастап (2021 жылы ерлер – 63 жас және әйелдер – 60 жас)  күтілетін өмір сүру ұзақтығы бүгінгі күні ерлер мен әйелдер үшін, тиісінше, 80 және 82 жасты құрайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарының неғұрлым ұзақ мерзімге төленуі жайлы мәселе туындады. Мұнымен қатар қауіпті және зиянды салалар қызметкерлері, мүгедек адамдар тәрізді азаматтардың жекелеген санаттарының ерекшеліктерін ескеру қажет. Өйткені, олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен өзгеше. Сондықтан арнайы санаттағы алушылар үшін көтермелеп түзету коэффициенттері қарастырылған. Осы сәттердің барлығы жаңа әдістемеде көрсетілген, соған сәйкес 2021 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы жылдық сома зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің 6,5 пайыз мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болды. Содан кейін бұл нәтиже 12-ге бөлінеді, сол арқылы біз БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем мөлшерін аламыз. Келесі жылдары ол жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне өсетін болады – 5 пайыз. Жыл басынан бері БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері өсті. Егер бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құраса, қазір ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 24 011 теңге. Осылайша, көптеген алушылар үшін төлем мөлшері артты. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан төлемдерді ала бастаған азаматтар үшін зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.   БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызына(қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5 пайыз мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Кейіннен жыл сайын индекстеліп отыратын болады. Осылайша, жаңа әдістеме индекстеудің болуына байланысты азаматтарға кейінгі жылдары зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың түсінікті, қарапайым және болжамды тәртібін қамтамасыз етеді. Бұл азаматтардың жеке қаржысы мен отбасылық бюджетті жоспарлау кезінде маңызды. – Цифрландыру барлық салаға, әсіресе қызмет көрсету саласына көптеген өзгеріс әкелді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ-ның филиалдарында да жаңа жүйелер енгізілгенін байқаймыз. Тұрғындар көбінесе қандай өтініш беру тәсілін жиі таңдайды? –  БЖЗҚ көрсететін қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, біз салымшыларымыздың қандай да бір қызмет түрлеріне деген қажеттіліктерінің өсіп жатқанын көріп, бұл сұраныстарды қанағаттандыруға тырысып, тіпті алдын-ала болжай аламыз. Биыл тоғыз айды БЖЗҚ өз салымшыларына 30 миллионнан астам қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көп. Электрондық форматта 22,2 миллионға жуық қызмет көрсетілді. Бұл – қызметтердің жалпы көлемінің 73 пайызынан астамы. БЖЗҚ сайтында да, мобильді қосымшасында да бар жеке кабинетте салымшылардың қызметтерді кез келген уақытта және кез келген жерде алу мүмкіндігі бар екенін естеріңізге сала кетейін. Оған мысалы, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау және т.б. жатады. Айтпақшы, биыл заңнамалық өзгерістердің енгізілуіне байланысты тағы да қажетті қызметтер қосылды. Мысалы, қазір азаматтар алу немесе ИПБ-ға аудару үшін жеткілікті соманың  шотта бар-жоғын 2-3 минут ішінде тексере алады. Жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ИПБ-ға аудару да enpf.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Қызметтердің бір бөлігі автоматты форматқа ауыстырылды. Қазір МЗЖ бойынша да, ЕЗЖ бойынша да салымшылардың өтініштерінсіз-ақ шот ашуға болады. Бұл салымшылардың уақытын едәуір үнемдеуге көмектеседі. 26 қазаннан бастап тағы да заңнамалық өзгерістер күшіне енді, соған сәйкес міндетті кәсіптік жарналар есепке алынатын шоттар да өтініш бермей-ақ ашылады. Бұл жарналардың осы түрін төлейтін жұмыс берушілер үшін өте ыңғайлы. Сондай-ақ 1 қазаннан бастап автоматты форматта (өтінішсіз жүгінулер) 5,1 миллионнан астам қызмет немесе жалпы көлемнің шамамен 17 пайызы көрсетілді. Нәтижесінде БЖЗҚ-ның 90 пайыздан астам қызметін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ алуға болады. Алайда шектеу шаралары кезеңінде біз салымшыларымыздың көпшілігінің қызметтерді Қор бөлімшелерінен тікелей алуды қалайтындарын байқадық. Айтқандай, олар 1,7 миллионнан астам қызметті еліміз бойынша тікелей  БЖЗҚ-ның 183 қызмет көрсету кеңселерінен алды. Қор бөлімшелері жоқ елді мекендерде қызметтердің бір бөлігін (хабарлау тәсілін, салымшының (алушының) қосымша деректемелерін өзгертуді) «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен алуға болады. БЖЗҚ-да көшпелі қызмет көрсету бөлімдері бар. Олар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыс істейді. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның ішінде қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін тексеру) жүзеге асырылады. Осылайша, БЖЗҚ қызметтері ірі қалалар мен шалғайдағы шағын елді мекендердің тұрғындарына да бірдей  қолжетімді деп айтуға болады. Біздің өңірлік филиалда 1 қазанға дейін зейнетақы төлемдерін алсам деген  4 423 өтініш, сақтандыру мекемелеріне аударуға бағытталған 40 өтініш қанағаттандырылғанын айта кету керек. Сондай-ақ салымшылардың қосымша деректемелеріне өзгеріс кіргізу бойынша 22 520 қызмет көрсетілді, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарынан 48 931 үзінді көшірме, зейнетақы шартарынан 18 507 дубликат берілді және де ақпараттандыру құралдарын өзгерту туралы 16 183 қосымша келісім-шарт рәсімделді. Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында шамамен 13,1 триллион теңгеден астам зейнетақы жинақтары қалыптастырылған. Жарналардың барлық түрлері бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 миллион. Биылғы 1 қаңтардан 1 қазанға дейінгі аралықта таза инвестициялық табыс 1,1 триллион теңге болды. Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 2,1 триллион теңгеден астам қаражат төледі. Ал өңірлік филиалдағы жағдай қандай дегенге келсек, міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан  жалпы жинақтар  494,4 миллиард теңгені құрап отыр. 612 116 жеке зейнетақы шоты, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан қалыптасқан. Жалпы жинақтары 9,2 миллиард теңгені құрайтын 20 771 жеке зейнетақы шоты және ерікті зейнетақы жарналары арқылы жалпы жинақтары 41,4 миллион. теңгені құрайтын 1 741 жеке зейнетақы шоты бар. – Бүгінгі сұхбат барысындағы қаптаған сандар мен енгізілген жүйелердің артықшылықтары мен кемшіліктеріне қарап түйгенім – қай кезде де қаржы мәселесінде қамсыз болмау керектігі. Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

Ұқсас жаңалықтар