Ұлы дала ақыны
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық конференция
жыр алыбының сан қырын айшықтады
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай облыс әкімдігі ұйымдастырған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияға арнайы келген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған зиялы қауым әуелі Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына құрмет көрсетті. «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен халықаралық конференцияда келушілердің назарына облыстық тарихи – өлкетану музейі және Жамбылтану орталығының қорынан жасақталған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жылжымалы көрмесі, «Өлең сөздің дүлдүлі» атты фильм ұсынылды. Халықаралық конференцияны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттарына, жазушы-ақын, қайраткерлерге осынау маңызды іс- шараға қатысып отырғандары үшін алғысын білдірді. – Біз жыр алыбы Жамбыл ақынның атына кір келтірмей, қай салада да абыройлы болуға күш салып келеміз. Елбасының, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы еліміздің барлық аймағында лайықты аталып өтуде. Жамбыл өңірінде де маңызды мәдени іс- шаралар өткізілді. Біз жыл басында «Жамбыл – менің жай атым, халық –менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысын өткіздік. «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты концерт те жоғары деңгейде өтті. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Бішкек қаласында Қырғыз елінің Мәдениет министрі және ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Жамбыл Жабаевқа арналған іс-шаралар ұйымдастырылса, облысымыздың Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарында өткен мәдениет күндері аясында көпшілік назарына жыр алыбына арналған арнайы көрме ұсындық. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев – халықтың биік тұлғасы. Ақынның ұлттық, отаншылдық, ел мүддесі жолында жазылған жырлары қашанда насихатталуы тиіс. Мәселен, бір ғана «Ленинградтық өренім» өлеңі майданда қаншама сарбазға демеу болды, күш берді. Өңірімізде жыр алыбының есімімен аудан, ауыл, көше, елді мекен аталады. Білім ошағының саны жүзден асады. 8 жерде ескерткіші бар. Қазақтың дана жырауы Жамбыл Жабаевқа деген құрмет қашанда толастамауы тиіс, – деді Бердібек Машбекұлы. Конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазіргідей күрделі кезеңде рухани іс-шаралардың маңызы зор екенін айта келіп, соны жоғары деңгейде ұйымдастырған Жамбыл облысы әкімдігіне алғыс айтты. – Бұл конференцияның Тараз қаласында өтуінің де маңызы бар. Бұл өлке – тарихтың ордасы, әріден тамыр тартатын тарихи тұлғалар мен ғалымдардың мекені. Солардың бірі – ақын, жырау Жамбыл Жабаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын кеңінен тойлау туралы арнайы комиссия құрылған болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесінің жыр алыбының тойымен қатар келуінің өзі бекер емес. Біз абыздарға арман болған Тәуелсіздіктің айшықты белесіне шығып отырмыз. Жамбыл ақын мұрасы несімен құнды? Оны талдап таразылаумен әдебиетші, тарихшы ғалымдар айналысуда. Біздің бүгінгі білгеніміз, Жамбылдың өнері мен өлеңі – халқын сүюдің айшықты үлгісі. Оның жырлары көпшіліктің рухын көтереді, жігеріңді жаниды. Адамдықтың асқақ биігінен төмендемейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жамбыл – әдебиеттің асқақ, дара туған өкілі», – деп баға берді. Жамбыл жырлары отансүйгіштік қасиетті оятып, көпшілікті туған жерін құрметтеуге үндеді. «Адамдықты айт, бірлікті айт, батырлықты айт» деген ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі – Ұлы Отан соғысының бейресми Әнұранына айналды. Үміт берді, жеңіске жетеледі. Ал мына бір сөзі – «Халық бақытын жырлап өтемін» дегені – оның өмірлік қағидасы емес пе? Ақын шығармасы елуге жуық тілге аударылды. Ақынның рухани мұралары егемен елдің көзімен қарап, баға беруді қажет етеді. Қазақстан Жазушылар одағы және Алматы облыс әкімдігінің қолдауымен жыр алыбының 30 томдығы әзірленуде. Құстың қос қанаты болса, адамның қос қанаты – білім мен тәрбие. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы екі қажеттілікпен сипатталуы тиіс. Қазіргі таңда идеология жоқ дейтіндер көбейді. Әрине, баяғы кеңестік кезеңде қалыптасқан идеология келмеске кетті. Қазір ақпарат көздері ашық. Ең өкініштісі ақпараттың ақ-қарасын ажырата білмеу. Бұл ретте білімнің маңызы зор. Ал мәдениет отбасы тәрбиесінен де бастау алады. Мәдениетті қалыптастырумен мемлекет пен қоғам тізе қосып тең айналысуы тиіс. Биыл Жамбыл Жабаевтың 10 томдығы жарық көрді. Бұл әдебиетке қосылған сүбелі үлес. Еліміздің рухани-мәдени дамуы жолында Жамбыл Жабаевтың өсиеттері – айшықты құндылық, – деді Дәурен Әскербекұлы. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған 55 республикалық, 45 өңірлік іс-шаралар тізбегі бекітіліп, оның барлығы жоспарға сәйкес өткізілгенін атап өтті. «Қазақстан Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп, Жамбыл мұраларын түрік тіліне аударды. Жамбыл ақын жырлары жинақталған кітап қырғыз тілінде де жарық көрді. Жазушылар одағы және Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жамбылдың ізімен» атты экспедиция еліміздің бірнеше облыстарын аралап, Қырғыз жерінде де зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл іс-шаралардың барлығының маңызы жоғары. Жамбыл облысында ақынның мерейтойына қатысты өткізілген іс-шараларды да жоғары бағалаймыз. Бүгінгі конференцияның мәні зор», – деді. Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанның «Ақын даңқы – халық даңқы» тақырыбындағы баяндамасы тұтас бір зерттеу еңбегі деуге болады. Қаламгер қағазға түсірген ойының негізгі өзегін қорытып айтты. «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ақын Жамбылдың жадының мықты болғанын, Жамбылдың жадында 1 миллион 200 мыңдай ұйқас сақталғанын айтады. Жыр алыбы «Өлеңмен ою оюды сөзді мініп жетілдірдім» деген екен. Жамбыл – қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясы» дей келе, жыр алыбының Құлманбет ақынмен айтысына кеңінен тоқталып, Жамбылдың қай жерде тапқырлық танытқанын талдап берді. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Батыры жоқ ел бақытсыз. Ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз. Біз бақытты елміз. Алатау десе – Жамбыл, Жамбыл десе – көз алдымызға Алатау елестейді. Жамбыл жырлары әлемнің 160 тіліне аударылған. Француздың белгілі жазушысы Ромен Роллан жыр алыбына «Жамбыл – жырдың жүрегі», деп баға берген. Дүниежүзінің көптеген әйгілі ғалымдары Жамбыл жырын жоғары бағалап, тәнті болған. Ақынның 30 томдығы әзірленуде. Жақында Жамбыл Жабаевтың музейінде құрметті қонақтардың қатысуымен кітаптардың тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Ол 30 томдықта Жамбыл мұраларынан бөлек ақынның ұстаздары мен шәкірттерінің де еңбектері жинақталды. Мұны Жамбыл ақынның алдыңғы толқын ұстаздарына және кейінгі толқын ақындарға тигізген шапағаты деп бағалауға болады. Жамбыл мерейтойы Түркияда, Қырғыз елінде аталып өтті. Жақында Украина мемлекетінен де шақырту алдық. Енді еліміздің делегациясы Украинада өтетін Жамбыл Жабаевқа арналған іс-шараға қатысып қайтады. Жамбылдың әдебиетке, қазақ ұлтының дамуына қосқан үлесі мәңгілікпен астасады деген ойдамыз. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы өнер институты Жамбылдың 3 томдық академиялық жинағын әзірлеп, аяқтап қалды, – деп облыс әкімі Бердібек Машбекұлына аталған 3 томдық академиялық жинақтың алғашқы даналарын сыйға тартты. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің конференцияда айтқан мына бір тұжырымы – осы конференцияның түйіні секілді болды: «Жамбыл – мінез. Ұлтымыздың, қазақтың мінезі». Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Жамбылдың барлық қазақы қасиеттерді бойына жиған тұлға екенін көрсететін мысалдарды қайта қозғағаны да көптің көкейіне көп ой салды. «Ол өзін ешкімнен бөліп-жармай, өз баласын майданға аттандырды. Әйтпесе Жамбылдың сол кезде баласын майданнан алып қалатын абырой, беделі болды. Жамбыл ақын ғана емес, елдің сөзін сөйлеуші, жылағанды жұбатушы. Сыдық төрені Шәбденге таныстырып, екі елдің татулығына дәнекер болған да – Жамбыл», – деп жыр алыбының шығармаларына зор баға берді. Ал жазушы Жұмабай Шаштайұлы Жамбылға хатшы болған Тайыр Жароковтың ақынның өлеңдерін қайта тыңдап, түзетіп, көп ізденгенін тілге тиек етті. «Сапарғали Бегалин неге Жамбылды бұрмалай бересіңдер деп бекер айтпайды. Бізге Жамбылдың жады қымбат. Ол «Сұраншы», «Өтеген», «Көрғұлы» дастандарын таңнан таңға жатқа жырлаған» – деп толғанды. Мұнан соң Қырғыз елінен келген ғалым Келдібек Койлубаев, ақын, «Манасшылар» театрының директоры Азиз Бимырза қырғыз бен қазақ елі арасындағы достық, бірлік, татулыққа кеңінен тоқталып, облыс әкіміне өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты. Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген, жазушы Елен Әлімжан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов ойларын ортаға салды. Конференция жұмысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, айтыстың атасы Жамбыл Жабаевқа құрмет қай кезде де толастамайтынын айтып, жиынға келген қонақтарға алғысын білдірді. Конференция соңында Дәурен Абаев, Бердібек Сапарбаев, Ұлықбек Есдәулет, Келдібек Койлубаев облыстық Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы дайындаған «Жамбыл жырау» кітабының тұсауын кесті.Есет Досалы
Ұқсас жаңалықтар
АҚШ билігіне Трамп қайта келді: Алдағы ахуал қандай болмақ?
- 11 қараша, 2024
Аймақ намысын қырық палуан қорғамақ
- 11 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді