Байзақ ауданында зардап шеккен үйлер толық қалпына келтірілді

Байзақ ауданында зардап шеккен үйлер толық қалпына келтірілді
ашық дереккөз
Байзақ ауданында зардап шеккен үйлер толық қалпына келтірілді
Жарылыс салдарынан көбірек зардап шеккен Қайнар ауылында барлық тұрғын үй қалпына келтіріліп, тұрғындар баспаналарына қайта оралды. Мұндағы құрылыс жұмысын жеті мердігер мойнына алып, облыс әкіміне берген уәделерінде тұрды.  Әскери бөлімге жақын орналасқан Жібек жолы, Үшбұлақ және Базарбай елді мекендеріндегі жарылыстан қирап-бүлінген тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар да жөнделген. Ал Жібек жолы ауылындағы мектеп жарамсыз болып қалуына байланысты онда 150 орындық білім ордасы салынуда.  Мектеп пен Қайнар ауылындағы құрылыс жұмыстарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев апта сайын аралап көріп, жағдайды үнемі өз бақылауында ұстап келеді. Кеше өңір басшысы  тағы да құрылыс нысандарына барды. Жібек жолы ауылындағы құрылыста ширақтық байқалады. Өткен аптада құрылыс басында 95 адам жұмыс істеген болса, олардың саны бүгінде 120 адамға артқан. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабаты аяқталуға жақын. Ондағы құрылыс жұмысымен «Сырым Белеке» ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков таныстырды. Оның айтуынша, құрылыс жұмысы екі ай бұрын басталыпты. Оған бөлінген қаражат 729 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда оның 300 миллион теңгесі игерілген. – Негізгі құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Осы аптада бірінші қабаттың плитасын қойып, екінші қабатты бастап кетпек ниеттеміз. Жоспарымыз, қараша айының 25-не дейін екінші қабатты аяқтап, төбесін жауып алу. Одан кейін ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына құрылысшыларды жұмылдыратын боламыз. Тосыннан ауа райы бұзылып, құрылыс тоқтап қалмаса, нысанды мерзімінде, яғни қаңтарда пайдалануға беретін боламыз, – деді серіктестік директоры. Оның бұл жауабы Бердібек Машбекұлының көңіліне қона қоймағандай. «Талап бәрімізге бірдей. Қолға алған істі жауапкершілікпен атқаруға тиіспіз. Алдымызда екі ай бар. Ауа райына сылтауратып, қарап отыруға тағы болмайды. Құрылыс материалы жеткілікті. Мүмкіндік те бар. Бәрін жұмылдырып, құрылысты мерзімінде тапсыру қажет. Біздің ендігі мақсатымыз үшінші тоқсанда балаларды өз мектебінде оқыту», – деді. Осылайша өңір басшысы мердігерге жүктелер жауапкершіліктің салмағын арттырып қойды. Сонымен қатар балалардың білім алуына қажетті құрал-жабдықтарға қазірден тапсырыс беру керегін ескертуді ұмытқан жоқ. Ал техникалық бақылаушыға құрылыстың сапасын үнемі бақылауда ұстап отыруды тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі Қайнар ауылында болып, онда елді мекен тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Алдымен Бердібек Машбекұлы уәде етілген мерзімде аяқталып, тапсырылып отырған соңғы үйлерді аралап шықты. Соңғы аптада мұнда көп өзгеріс орын алыпты. Атап айтсақ, үш көшеге асфальт жабыны төселіп, жарық тартылған. Таза ауыз су жүйесі аула-аулаға кіргізілген. Ең бастысы барлық үй жаңарып, жаңашылдыққа бет бұрғаны байқалады. Ауыл тұрғындары да істелген жұмысқа дән риза. Әр ауланың табалдырығын аттаған сайын, тұрғындар ықылас-пейілімен қатар, алғысын да айтып жатты. Мәселен, ауыл тұрғыны Есенгелді Сарымсақов баспанасына жаңа оралғанын айтып, «Бас аман болса, қалған майда-шүйдесін өзіміз жасап аламыз» деп қанағатшылдық танытты. Ал зейнеткер теміржолшы Әбдіғапар Сүйіндіков «Құдайға шүкір! Бәрі жақсы. Рақметтен басқа айтарым жоқ. Үй жылы, таза ауыз су келіп тұр. Газ жанып тұр. Үйіміз бұрын-соңды мұндай жөндеу көрген емес еді. Хан сарайында отырғандай жаңарып, жасанып қалдық», – деп ағынан жарылды. Облыс әкімінің Қайнарға келуді дәл осы күнге бекер жоспарламаған екен. Осында екі айдан аса жұмыс істеп, халықтың алғысына бөленген мердігерлердің есебін берген келелі жиын болды. Онда өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жарылыс орын алған алғашқы күні халықты сабырға шақырып, берген уәделерінің толық орындалғанын жеткізді. – Сіздер мен біздің қауіпсіз жақсы өмір сүруіміз үшін бірнеше адам өз жандарын қиды. Енді мемлекет, билік ол отбасыларға көмектесіп жатыр. Сол кезде көп қиыншылықты көрген ауылдардың тұрғындары. Біздің негізгі міндетіміз – халықты аман-есен алып қалу, азаматтарымыздың қауіпсіздігін сақтау болды.  Мемлекет басшысы да, Елбасы да қара жамылған отбасыларға қайғырып, көңіл айтты. Зардап шеккендероге қолдау көрсету үшін тиісті тапсырмалар берді. Үкіметтің арнаулы комиссиясы осында келіп барлық зақымданған үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтен 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Олар негізінен зақым келген үйлерді, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге жұмсалды. Қазір зақым келген 176 нысан қалпына келтірілді. Жібек жолы ауылындағы ескі мектеп апатты жағдайдағы нысан деп жарияланды. Біздің құрылыс компаниясымен арада келісіміміз бар, берген уәдеміз бар, сонда жұмыс істеп жатқан мердігер жаңа жылда ол мектепті тапсырады. Мақсатымыз – балаларымыз келесі үшінші тоқсанды сол мектепте оқыса, – деді. Осыдан кейін Бердібек Машбекұлы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге атсалысқан мердігерлердің еңбегін ерекше атап өтті. Салтанатты жиын барысында оларға облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Ал Қайнар ауылы тұрғындары атынан Әбдіғапар Сүйіндіков пен Раушан Мамытбекова сөз алып, елдің алғысын жеткізді. Шара соңында ерлік көрсеткен ерлердің рухына арнап ас беріліп, рухтарына Құран бағышталды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар