«Ерке сылқым» дәстүрлі фестиваль мәресіне жетті
Қара домбыра, қоңыр үн. Қос ішектен саусаққа ілесіп, шанақтан шыққан сиқырлы әуенде боз інгенді иітіп, боз жорғаны билетуге жарайтын құдірет жатыр. Тек мұндай өнерді домбыра ұстағанның кез-келгеніне бағындыру бұйырмаған. Алладан нұр құйылған, арқалы адамның алар биігі бұл. Әр дәуірдің мұндай перзентін өмірге әкеліп, өз тұғырына қондыруы заңдылық. Әбдімомын Желдібаев та жаңа заманда халқының маңдайына біткен біртуар тұлғасы, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды дәулескер күйшілер салған сара жолдың жібін жалғаушы дәуір перзенті. Оның бай шығармашылығының бағасын арттырып, атағын өнер тарихында түбегейлі бекітіп тастаған дүниесі – «Ерке сылқым» екені даусыз.
Күй қазынасына ие болып жүрген бүгінгі жас толқын өнерпаздар атақты туындыны тебірене орындаумен қатар, автордың өзімен бір уақытта өмір сүріп жатқандары үшін бақытты. Облысымызда ұйымдастырылуы дәстүрге айналған «Ерке сылқым» атты күйшілер байқауында бой көрсетіп, бағын сынауға тұлғаның туған жері Шу ауданына келген жастардың негізгі жүлдесі, алдымен, Желдібаевпен жүздесу болса керек. Күйдің шырақшылары биыл да орайы келіп, ұйымдастырылған дәстүрлі фестивальге бабын келістіріп, бар ынта-ниетімен қатысты. Шу аудандық мәдениет үйінің алдында оркестрдің төгілтіп орындаған күйінен кейін, жиналған жұрт әр ауданның намысын арқалаған 12 үміткердің өнерін тамашалау үшін ішке беттеді. Сахна шымылдығы байқау иесінің «Бәйдібектің жайлауы» атты әнімен ашылды.
Қазылар алқасына ақын, шертпе күйлердің зерттеушісі Қуаныш Мақсұтов төрағалық етті. Іс-шараның кіріспесінде облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Есіркеп Айтуаров құттықтау сөз сөйлеп, Ә.Желдібаев пен Қ.Мақсұтовқа қазақы құрметпен шапан жапты.
Жас өнерпаздардың шеберліктерін арттырып, шығармашылығына кеңінен жол ашу мақсатындағы байқауға қатысушылар автордың «Ерке сылқыммен» қоса тағы бір күйін және халық композиторларының бір шертпе күйін орындады. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орын Қордай ауданының арқалы күйшісі Қуаныш Ахметовке бұйырса, бас жүлде Тараз қаласынан келген жас үміткер Перизат Беделбаеваның қанжығасында кетті. Әбдімомын Желдібаев «Ерке сылқым» фестивалінде қыз баланың жеңіске жеткенін құптап, разылығын жеткізді.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді