Жас жүрген жер – мереке

Жас жүрген жер – мереке
ашық дереккөз
Жас жүрген жер – мереке
Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі. Өйткені, жастар қоғамның ең белсенді мүшесі, қоғамның қозғаушы күші ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жастар білімді, саналы, патриоттық рухы мол, еңбекқор болуы керек. Өйткені олар – еркін елдің ертеңі. Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясатының да негізгі мақсаты осы. Сол себептен біздің сарысулық жастар да көкейдегі ойын еркін жеткізіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жолында ынталанып, болашаққа нақты мақсат қоюда. Бұл істе жастарды белсенді де батыл қадамдарға бастайтын ауданның Жастар ресурстық орталығы өз жұмысын жоспарлы түрде атқаруда. Бүгінгі таңда 14-29 жас аралығындағы аудан жастарының саны – 9545. Бұл аудан халқының 21 пайызын құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында жыл басынан бері 11 бағыт бойынша рухани-адамгершілік, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әскери-патриоттық  тақырыптарында 300-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық жас қамтылды. Еріктілеріміздің жасап жатқан ерлік істерінің, таңдауы бөлек, талғамы биік жастарымыздың атқарып жүрген жұмыстарының салмағы ауыр. Сауапты істерде белсенділік танытып жүрген еріктілер туралы сөз қозғау заңдылық. Ауданда 203 еріктілер базасы бар. Кәсіпкерлердің, ерікті жандардың демеушілігімен жастар болып бірлесіп, ауданымызда аз қамтылған, көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларға арнайы азық-түлік пакеттерін тұрақты түрде таратуға атсалысады. Қасиетті Рамазан айында «30 күнде – 30 игі іс» атты ауызашар тарату жұмыстары жасалды. Жағдайы төмен 58 отбасыға тегін азық-түлік пакеттері таратылды. «Janatas jastary» волонтерлік қозғалысы мен аудандық орталық мешіттің бастамасымен аудан тұрғындарын тарта отырып, «Бір отбасы – бір баспана» акциясы жүзеге асты. Акция барысында өткен жылдан бері жағдайы төмен 2 отбасыға баспана тарту етілді. «Асар» жобасы аясында қала және ауылдық округтерде белсенді волонтерлер жобаға бар күшімен атсалысуда. Бүгінгі таңда «Janatas jastary» мен «Біз Сарысуданбыз» атты  волонтерлік қозғалысының ерікті жастары белсенді түрде жұмыстарын жүргізуде. Апта сайын өтетін жәрмеңкеде «Тегін такси» атты қайырымдылық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мақсаты – қарт кісілердің азық-түлік себеттерін үйлеріне дейін тегін жеткізіп беру. Сондай-ақ, «Ардагерлерді ардақтайық!», «Саулық», «Қамқор» бағыттары бойынша еріктілердің күшімен жыл басынан бері 157 іс-шара өткізілді. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы барысында Жаңатас қаласында тұратын жалғызбасты қарт кісілердің үй шаруаларына көмек көрсетіліп, жерлері аударылса, «Саулық» бағыты бойынша аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен бірлесе қарт кісілердің қан қысымы тексеріліп, тегін дәрі-дәрмектері жеткізілді. «Қамқор» бағыты бойынша тұрмысы төмен 56 отбасыға кәсіпкерлердің демеушілігімен тегін азық-түлік пакеттері таратылды. Акцияға 100-ден астам еріктілер тартылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы еліміз үшін айтулы мереке екені баршаға мәлім. Маңызды шараны атап өтуге жастар да айрықша атсалысуы керек. Осы жолда жыл басынан бері «30 жылдыққа – 30 жоба» аясында «Тәуелсіздік жылдарындағы батырлар», «Тәуелсіздік құрдастарының тартуы», «Тегін такси» атты бірқатар ауқымды жобалар мен тың идеялардың басы-қасында жастарымыз жүр. Атап айтсақ, «Тәуелсіздік жылдарындағы батырлар» жобасы аясында ауданға еңбегі сіңген 5 адамнан сұхбат алынып, тәрбиелік мәні зор арнайы материалдар әзірленді. «Тәуелсіздік құрдастарының тартуы» жобасы бойынша 12 қайырымдылық акциясы өтті. Атап айтсақ, жыл басынан бері Жаңатас қаласының Тәуелсіздік құрдастары Қасиетті Рамазан айында ауызашар ұйымдастырса, Игілік ауылдық округінің жастары жағдайы төмен 5 адамға тегін азық-түлік пакеттерін таратты. Сондай-ақ, Жайылма ауылдық округінің Тәуелсіздік құрдастары жалғызбасты қарт кісі Орынкүл апаның үй шаруасына көмек көрсетті. Жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық десек, бүгінде ауданда 291 жұмыссыз жас тіркелген. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері бекітілген индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, ваканттық бос жұмыс орындарына 171 жас жолдама алып, тұрақты жұмысқа орналасса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 161 жас алты айлық мерзімге уақытша жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 12, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 140 жас жолданды. Жастар арасында кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында биыл «Бизнестің  жол  картасы»  мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 миллионға дейінгі қайтарымсыз грантқа 5 өтініш  берілген. Жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» мақсатында 19 жасты қысқа мерзімді оқуға жіберу жоспарлануда. Ал 75 жас 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Наурыз айынан бастап  «Жасыл ел» еңбек жасағы жауынгерлері Жаңатас қаласындағы қоғамдық орындар мен саябақтарды күл-қоқыстан тазалап, талдарды әктеу, шөп жұлу сияқты жұмыстарды атқаруда. Еңбек жасағы аясында 42 жас науқандық уақытша жұмысқа тартылса, бекітілген жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 50 жасты уақытша жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жастардың негізгі проблемалық мәселелерін шешу жолдарының бірі оларға консультативтік қызмет көрсету болып табылады. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 4 кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, 40-қа тарта жастың мәселелері шешіліп, тиісті әкімдіктерге жолданса, 15 жасқа психологиялық қызмет көрсетіліп, отбасыларындағы мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды. «Бейбітшілік және келісім» жобасы барысында өзге ұлт өкілдерінен сауалнама алынып, нәтижесінде ауданда саяси жағдай тұрақты екендігі анықталды. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын «Өзгер» атты челлендж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге материалдар әзірленіп жарияланды. Сыбайлас жемқорлық бойынша «Жастар жемқорлыққа қарсы», «Жемқорлыққа жоқ де!» тақырыптарында 22 іс-шара өткізіліп, «Сарысу адалдық алаңы» жобалық офисімен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімінің бастамасымен, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында, аптаның демалыс күндерінде аудандық мәдениет үйінде кино көрсетіліп, балаларға арналған мультфильмдер ұсынылады. Сонымен қатар, әр сенбі-жексенбі күндері аудан басшысының қатысуымен таңғы серуендеу, таңғы жаттығу жасап салауатты өмір салтын қалыптастыру қолға алынуда. Ауданда спортпен шұғылданатын жастар саны 5 мыңға жуықтады. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 3 «Коворкинг» орталығы, 21 цифрландырылған орталық, 26 кітапхана, 2 мәдениет үйі, 2 аула клубы бар. Спорттық нысандар, спорт кешені, бокс мектебі, спорт алаңы, спорттық алаңшалар жастарға қызмет көрсетуде. Жаңатас қаласы мен барлық ауылдық округтерде жыл соңына дейін бірнеше алаңшалар, street workout, тренажерлық құрылғылар орнатылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі цифрландырылған ақпараттық орталықтарды «Коворкинг» орталықтарына айналдыру жоспарда бар. Аталған жұмыстар «Әулиеата жастары – 2021-2025» аудандық кешенді жоспары аясында іске аспақ. Сарысулық жастарды жасампаздыққа жетелейтін жұмыстардың бір парасы осындай.

        Жадыра ЖҰМАҒҰЛ,

аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры.    

 Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар