Жаңалықтар
Жаппай жазалаудан кейінгі жазалау немесе 1938 жылғы партиялық аппеляция қалай жүргізілді?
- author «Ақ жол»
- 31 мамыр, 2021
- 282
Жаппай жазалаудан кейінгі жазалау немесе 1938 жылғы партиялық аппеляция қалай жүргізілді?
Саяси репрессиялар – ХХ ғасырдың 30 жылдарының екінші жартысындағы кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналғанын қазір ерінбеген адамның бәрі айтады. Алайда сол кезеңде бұл жүйе БК(б)П ОК мен Саяси бюроның сталиндік тобына, партияның өз ішінде және жалпы елде, сөз аңдығандардың сырттай саусақ безеп көрсеткен қарсыластарына қарсы саяси күрес арсеналының маңызды бөлігі болатын.
Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп, оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді. Мысалы, «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп» тағы солай тізбектеле береді. Айыптаушылардың міндеті елдегі саяси оқиғалар туралы ақпаратты елге басқаша өрбітіп, жеткізетіндерді анықтау болды. Шын мәнісінде, мұндай топтар да болғаны анық. Олар орайлы сәттерді пайдаланып, жаңа басқару жүйесін халықтың үрейін туғыза отырып жеткізді. Келесі кезеңде сот және соттан тыс органдар, негізінен ІІХК (НКВД) органдарының күшіне, яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйеніп, өз шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып – адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды. Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру туралы нұсқау берілді. Нұсқау тек бір бағытта ғана: ел арасында «жаулар» болуы керек.
Қатардағы партия мүшелері мен кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен, саяси репрессиялар да барлық басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс еді. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір тоқтамға келуі керек-ті. Қысқасы, қойған мақсатқа жеткен соң, бұрынғы бағытты өзгерту, не бұл процесті бақылаудан шығарып алу. Алайда ІІХК органдары ролін соншалықты асқақтату билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды. Мұндай жүйені бұлайша бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.
1938 жылы қаңтарда өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формальды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда қабылданған қаулыда, партияның өткен кезеңінде жағдайдың бақылаудан шыға бастағанын көрсететін фактілер көп келтіріледі. Осылайша, жаппай репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938 жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғары жаза еді. Оны халыққа «уақыт талабына сай» іс-шара деп көрсетті.
Көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі, сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК-ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшылар да осындай кепті бастан кешті. Бірақ бұл жаппай қылмыстың ізін жасыру еді. Әйтсе де гәп басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген,) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтылып, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына – ұлттық компартиялар орталық комитетіне, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі» атап көрсетілді. Ол ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасына енгізіліп, олардың \ саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.
1938 жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды - біріншіден репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса да, әлі өз тағдырының не боларын білмей түрмеде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ. Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге асыру, бәрінен бұрын партиядан шығарылғандардың аппеляциясын қараудан басталған еді. Облпартколлегияның 1938 жылдың 1 қазанындағы есебінде жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі нақты көрсетілген. «1938 жылдың 20 қаңтары мен 1 қазаны аралығында 559 аппеляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды:
- 1932 –34 жылдары шығарылғандар – 110 адам… 24-і партияға қайта қабылданды, немесе 22 пайыз… шығарылғандардың 61-інің қылмысы дәлелденді немесе 55 пайыз.
- 1935-1936 жылдары шығарылғандар - 287 адам, қайта қабылданғаны – 140, немесе 48 пайыз, 91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32 пайыз …1937 жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 аппеляция, қайта қабылданғаны - 57 немесе 55 пайыз … 36-сының шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 пайыз.
- 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 аппеляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері 43, кандидаттар 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны 8 немесе 14 пайыз, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері - 37. Кандидаттардың қайта қабылданғаны – 3 және шығарылғаны дәлелденгені – 12».
Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін
зерттеу орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік мол
- Бүгін, 11:19
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді