Мейірімді «Құлыншақ»

Мейірімді «Құлыншақ»
ашық дереккөз
Мейірімді «Құлыншақ»

Талдықорғандық балаларды баурап алды

Жетісу жұрты театрға әуес екен. «Синтездік өнер саналатын драмаға да, комедияға да, синтетикалық өнер саналатын операға да аңсарымыз бірдей ауады» дейді олар. Иә, талғамы бөлек, таңдауы басқа талдықорғандық көрермендерге  облыстық қазақ драма театры бірнеше тартымды қойылымдар ұсынды. Алдымен жергілікті бүлдіршіндер драматург Ж.Омаровтың «Құлыншақ» ертегі фантазиясын тамашалады. Әдетте, біз қос жанары қанталап, қызылға мелдектейтін қасқыр атаулыдан тек қана қатыгездік, жыртқыштық байқайтынымыз бар. Төрт түлікті тамақтан оратын түз тағысын бұл жолы драматургтың сценарийі арқылы басқа қырынан танудың сәті түсті. Осы қойылым арқылы балалардың бойына мейірімділік, адалдық, адамгершілік сынды ұғымдардың дендеп енетініне де иландық. Режиссер Қуандық Қасымов ара-тұра мюзиклге еркіндік те берді. Бастысы, актерлердің бойындағы пластиканы елге көрсете алды. Рөлдегі әрбір кейіпкермен хореографтың мардымды жұмыс жасағаны да аңғарылады. Характерлердің берілуі де көңілге қонымды шықты. Декорация жұтаң болғанымен, аңғал құлыншақтың прогматикалық кейпі, актерлердің сахнада өмір сүруі оның бәрін байқатпады. Үйір жылқының ішіндегі жаңадан дүние есігін ашқан «Құлыншақтың» ерке болмысын сомдаған Зарина Асанның бойындағы шынайылық бәріне де ұнады. Көкжал қасқырдың тұқымы бөлтіріктің бойында да қылаудай мін жоқ. Киім үлгілері де сәтті таңдалып алынған. Қасқырларға қара түсті киімнің үйлестірілуі олардың қатыгездігіне сай келгенімен, бөлтіріктің шарықтау шегіндегі мейірімділігі балаларды қуантты. Иә, Көкжал қасқыр (Мәмбет Қожалиев) «бөлтірігімді құлыншақтың қанымен ауыздандырамын» деген кезде аналық қасқыр да, өзгелер де оны қолпаштай жөнеледі. Қарсы шыққан жалқы бөріні қалғандары жеп қоя жаздайды. Үйірінен оңашаланып, саяқ қалған құлыншаққа шабуыл жаса деген әмір түсісімен ортаға беттеген бөлтірік, әдемі құлыншақты көргенде не дерін білмей «Мен қасқырмын» деп дөңайбат танытқанымен, артынша үйірінде қасқырдың жауыздығын естіген құлыншақты аяп, өзі онымен дос бола кетеді. «Жемтігі» қылмауға ант-су ішеді. Тіпті, бұйрықты орындамаған соң, өздері шабуылға шыққан бөрілерге бөлтірік қарсы шығып, құлыншақты аман алып қалады. Өз кезегінде бөлтірікті таптап өтпек болған үйірін құлыншақ та тоқтатады. «Бөлтірік мені құтқарды. Біз – адал достармыз!» деп жанұшырған құлыншақтың жанайқайына бәрі бас иеді. Осылайша, қойылым достықпен түйінделеді. Бәрін бір шаңырақтың астына топтастыра білген режиссер Қуандық Қасымов ең бастысы ұзақ монологтан қашып, сахнадағы шаңырақты дер кезінде пайдаланғаны әдемі шешім болды. Суретші Рахат Сапаралиеваның жұмысы да көрген көзді қуантты. Бір сөзбен айтқанда, балаларға арналған қойылым көңілден шықты. Бұдан кейін біздің театр әйгілі «Қыз Жібекті» саунд-драма ретінде қойды. Бұл күні облыстық орыс драма театры да көрермен­дерге өз қойылымдарын ұсынды. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театрдың залы кіші болғанымен, көрермендерінің театрға деген махаббаты үлкен екен. Оны ыстық ықыластарынан байқадық...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жолдың» арнаулы тілішісі Талдықорғаннан хабарлайды:

Ұқсас жаңалықтар