«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сұлтан ӘСЕТҰЛЫ – Азия чемпионы

Сұлтан ӘСЕТҰЛЫ – Азия чемпионы
ашық дереккөз
Сұлтан ӘСЕТҰЛЫ – Азия чемпионы
Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен өтіп жатқан ел чемпионатының алғашқы күнінде қазақстандық балуандар жасындай жарқырап, жүлделі орындардан көрінді. Олардың қатарында сары құрлықта қарсылас шақ келтірмеген жамбылдық жампоз Сұлтан Әсетұлы да бар. Жалпы 19 жасар балуан жерлесіміз өткен жылы ғана ересектер арасындағы аламанға араласа бастаған болатын. Иә, 2020 жылы өткен ел чемпионатында бақ сынаған Сұлтан Әсетұлы ересектер арасындағы жарыста қарсыластарының барлығынан айласын асырып, жеңістің ең биік тұғырынан көрініп, жанкүйерлерді қуантқан еді. Сол Сұлтан Әсетұлы енді міне, Азия чемпионатында да өзінің шын мықты екенін дәлелдеді. Алматыдағы аламанға сары құрлықтың кіл мықты оғландары келгенін ескерсек, Сұлтанның бұл жеңісі кездейсоқтық еместігін түсінеміз. 63 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен ол ә дегенде тайпейлік Чжу Чи Хуанға қарсы бозкілемге шықты. Бұл кездесуде он тоғыз жастағы оғлан шалт қимылдарымен қарсыласының басын айналдырып жіберді десек те болатын секілді. Тайпейлік спортшы Сұлтанұлының әдісінен сақтанамын деп жүргенде, қалай әдіске түсіп қалып, айқын басымдылықпен жеңілгенін ұқпай да қалды. Бұдан соң Сұлтан Әсетұлы сириялық Мұхаммед Фуаздытырпты да ойқастап жүріп, оңай жеңді. Сириялық балуан да жамбылдық жас перінің шалт қимылдарына төтеп бере алмады. Жалпы Алматы төріндегі аламанда алғашқы қарсыластарын бұйым құрлы көрмеген Сұлтан финалда да өзінің шеберлігімен жанкүйер қауымды тәнті етті. Ол шешуші белдесуде ирандық мықты балуандардың бірі Мейсам Далханиге қарсы шықты. Екінші кезеңге дейін жанкүйерлер: «Сұлтан алтын жүлдені қоржынымызға түсірер ме екен?» – деп қобалжыған еді. Жас балуан сол сұрақтың жауабын лезде тапты. Кездесудің екінші кезеңінде әдемі әдіс жасап, қарсыласын алып ұрған ол айқын басымдықпен жеңіс тойын тойлады. «Дәл қазір сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмайтын жағдайда тұрмын. Мен үшін бұл өте үлкен қуаныш. Өйткені Азия чемпионатында абыройлы болу үшін қаншама жаттығу жасадық, тынымсыз тер төгіп, барымызды салып дайындалдық. Қуаныштысы сол, еткен еңбегіміз еш кетпей, бағымның жанғаны. Оның үстіне өз елімізде жалауы желбіреген жарыста жанкүйерлердің сенімін ақтап, алтын медаль алу – үлкен бақыт. Оны спортшылардың барлығы жақсы біледі, түсінеді. Қазақ елінің, қазақ жанкүйерлерінің үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Ә дегенде тайпейлік балуанмен белдескенімді көрдіңіздер. Ол кездесу мен үшін әлдеқайда оңайырақ болды. Ал финал расымен қиынға соққаны жасырын емес. Қарсыласым физикалық тұрғыда өте мықты балуан екен. Белдесу барысында өзім де қателіктер жіберіп алдым. Алдағы уақытта сол қателерді түзетуге тырысамын. Үш белдесудің үшеуін де мерзімінен бұрын аяқтадым. Өте керемет сезімді бастан кешіп тұрмын», – депті Әсет алтын жүлдені мойнына ілгеннен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Ересектер арасындағы алғашқы жарыстарынан бастап-ақ жоғары нәтиже көрсете бастаған жампозға классикалық күрестің жанкүйерлері де, бапкерлер де зор сенім артады. Даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров туған облыстан шыққан Сұлтан аңыз адам бағындырған биіктерді күндердің күнінде қайталайды деген сенімдеміз. Өйткені оның көзінде от ойнап тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар