Басшылар босаңсыса баға бақылаусыз қалады
Өңірде соңғы уақытта азық-түлік бағасының өсуі байқалуда. Соның ішінде халық көп тұтынатын әлеуметтік тауар түрлерінің бағамында да өсу бар. Жалпы азық-түлік бағасы бойынша қаралған Үкімет отырысында республикада Атырау мен Жамбыл облысындағы нарық бағамының өскені айтылған еді. Осыған орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірімізде азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстың барысы қаралды. Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, онлайн режімінде аудан әкімдері қатысқан жиында Бердібек Машбекұлы «Неге баға өсіп жатыр?» деген сұрақты төтесінен қойды.
– Халық арасында жүргізген сауалнамаларда олар бағаның негізсіз жоғарылағанын көрсеткен. Кешегі Үкімет отырысында да облысымызда әлеуметтік азық-түліктің төрт түрі бойынша өскендігі айтылды. Олар – күнбағыс майы, қарақұмық, картоп пен жұмыртқа. Картоп пен жұмыртқа өзімізде өндіріледі. Яғни бұл тауарлардың көтерілуі өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуді дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанымызды көрсетеді. Күнбағысты Түркістан, қарақұмықты басқа облыстан алады екенбіз, басқа азық-түлік бағасын өсірмей ұстап тұруға болады ғой, – деді облыс әкімі.
Жалпы бұл азық-түліктерден бөлек, өңірде дәрі-дәрмек бағасы 122 теңгеге, басқаны былай қойғанда театрдың билеті 87 теңгеге, монополист компаниялар суық су бағасын 12 теңгеге жоғарылатса, көмір бағасын 170 теңгеге өсіріп жіберген.
Жиында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасады. Оның айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысымен облыс бойынша жалпы инфляция 101,9 пайызды құраған. Оның ішінде азық-түліктер бойынша – 103,1, әлеуметтік азық-түліктер инфляциясы 104,2 пайызды құрап, әлеуметтік азық-түліктер инфляциясы 1 пайызға жоғарылаған. Соның салдарынан өңірде қарақұмық бағасы – 2,9, күнбағыс майы – 2,8, картоп – 4,2, қант – 3,5, жұмыртқа 4,3 пайызға өскен. Атап айтсақ, картоптың Павлодар, Қырғыз бен Ресей мемлекеттерінен, қарақұмықтың Павлодар мен ШҚО-нан, күнбағыс майының Алматыдан, жұмыртқаның Солтүстік өңірлер мен Алматы облысынан тасымалдануы себеп болған. Соның салдарынан жұмыртқа бір аптада 23 теңгеден 27 теңгеге, құмшекердің бір килограмы 190-нан 220 теңгеге, күнбағыс майы 420-дан 560 теңгеге бірақ өсіп кеткен.
Бердібек Машбекұлы басқарма басшысынан «Неге баға өсіп жатыр?» – деп сұрады. Қайрат Аманов біздегі бағаның республикадағы көрсеткіштен төмен екендігін айтты. «Олай болса неге республикада бұл бойынша Жамбыл облысын сынайды?» – деп облыс әкімі сұрақты төтесінен қойды. Бірақ қойған сұраққа басқарма басшысы да, орынбасарлары да жауап бере алмады.
– Облыста әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қала және аудан әкімдеріне тапсырма берілген. Тараз қаласында 16, аудандарда 20 әлеуметтік дүкен салу жоспарланған. Бұл жұмыс та соңына дейін толық жеткізілген жоқ. Қазір Тараз қаласында 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұрса, ондағы баға ірі сауда орталықтарындағы бағаға қарағанда едәуір төмен. Бүгінгі бағаның облыста жоғары болуы бір жағынан осыған жауапты мамандардың жұмысының босаңсып кеткенін көрсетеді, екіншіден, басқарма мен статистика басқармасы арасында байланыстың жоқтығынан қазір екі түрлі, бір-біріне үйлеспейтін бағаны көріп отырмыз, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімі тарапынан ауыл шаруашылығы басқармасына біраз сын-ескертпелер айтылып, бағаны тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкелерді Тараз қаласы мен аудан орталықтарында апта сайын өткізу тапсырылды. Тұрақтандыру қорының да жұмысын жандандыру міндеттелді. Сауда орталықтарына шығып, түсіндіру жұмыстарын күшейту де назардан тыс қалмады.
Бұдан кейін, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша баян етті. Оның айтуынша, статистикалық деректер негізінде мониторинг жүргізілетін азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 8 түрінің ішінде жыл басымен салыстырғанда бүгінгі күні 5-нің бағасы көтеріңкі екендігі анықталды. Олардың ішінде көмірдің бағасы – 170, сабынсу – 19, жуғыш ұнтақ – 8, кір сабын – 3, тіс пастасы 2 теңгеге жоғарылаған.
Жуғыш және тазалағыш заттар негізінен импортқа және АҚШ долларының ағымдағы курсына тәуелді болғандықтан, жеткізілетін бағасы ауытқып тұрады екен. Көмір еліміздің орталық аймақтарынан тасымалданатындықтан, бағасына тасымалдау және жеткізу қызметтерінің шығындары әсер еткен. Қазір өңірде көмір 15144 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек бойынша мониторинг жүргізілетін 32 көрсеткіштен 6 дәрілік препараттың бағасы шамалы қымбаттаған, 2-уі арзандаған. Бағалары қымбаттағандардың ішінде Ингавирин 7 капсуласы (өндіруші ел – Ресей) – 113, Хилак-форте 30 мл (Австрияда өндіріледі) – 101, Омез 10 мг 30 капсула (Үндістан) – 41, Фенистил Нью тамшылары 20 мл (Швейцария) – 21, Аквалор 125 мл (Ресейде шығарылады) – 16, Энап 5 мг 20 таблеткасы (Словения) 7 теңгеге көтерілген. Бұл дәрілік препараттардың барлығы шет мемлекеттерден импортталатындықтан, сатылатын бағалары АҚШ долларының ағымдағы курсына байланысты болуда. Ақылы қызметтің ішінде дәрігерге алғашқы қаралу 100 теңгеге және ультрадыбыстық зерттеу қызметтерінің бағасы 122 теңгеге көтерілген.
«Қазіргі кезде облыстағы дәріхана басшыларымен тұтынушылар үшін қажетті дәрі-дәрмекті «МедСервис» ЖШС-нан арзандау бағада сатып алу мүмкіндігін пайдалану туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – дейді басқарма басшысы.
Ал тұрақтандыру қорының өкілі қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 3-6 айға жеткілікті 444 тонна қант, 173 мың дана жұмыртқа, 53 тонна қарақұмық, 1500 тонна ұн, 181 тонна күнбағыс майы және басқа да жалпы 11 атаулы тауарлардың 3 382 тонна қоры жинақталғанын айтты. Сондай-ақ маусым аралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысынан 15 мамырға дейін үш жақты жеткізу келісімі негізінде қырыққабат – 55, облыстың жергілікті өндірушілерінен сәбіз – 100, пияз – 30, картоп 100 теңгеден ірі 7 сауда желілеріне тікелей жеткізілуде. Бөлшек саудада қосылатын үстеме ақыны 5-15 теңгеден асырмау жөнінде келісімдер жасалыпты.
Бердібек Машбекұлы олардың жұмысын да сараптай келіп, «Бүгінгі жиналыс басқармалардың статистикалық басқармамен бірлесіп жұмыс істемейтіндігін тағы көрсетіп отыр. Сөйтіп өзіміз жасаған жұмысты көрсете алмай келеміз. Дәрі-дәрмек оған қойылған шектеу бағадан да асып кетіп жатыр. Мұндай жағдай аудандарда да байқалып отыр. Мәселен, Мойынқұмда 7 әлеуметтік тауар түрі 21-ден 70 пайызға, Таласта 4 тауар түрі 22-61 пайызға, Т.Рысқұлов ауданында бір ғана қырыққабаттың бағасы 70 пайызға көтеріліп кеткен», – дей келіп облыс әкімі жоғарыда аты аталған аудан әкімдерін тыңдады. Олардың барлығы да бағаның көтерілуіне тасымал құнының артуы, кейбір тауардың сақтау мерзімінің өтіп кетуінен өзге тауарлардың жоғарылауына алып келгенін айтып, әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын бір аптада реттейтіндіктерін жеткізді.
Жиынның қорытындысында Бердібек Сапарбаев «Бүгін бақылаудың әкімдік тарапынан жоқтығын көріп отырмыз. Сондықтан да мониторинг топтың жұмысын жандандыру керек. Тараз қаласы мен барлық ауданда бағаның өсімін қайта қарап орнына қою қажет. Дәрі-дәрмек бағасынан мәселе туындамауы тиіс. Театр билеті мен жүкті әйелдердің ультрадыбыстық зерттеуден өту құнын қайта қарастырған жөн», – дей келіп, әрбір басқарма мен орынбасарларына, қадап-қадап тапсырмалар берді.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді