Жігіттер ел чемпионатында ерледі
Көкшетау қаласында есту қабілеті төмен балуандар арасында еркін және грек-рим күресінен ел чемпионаты өтті. Бірнеше күнге созылған Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамасы бақ сынады. Жалпы алып қарағанда ел чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл додаға жамбылдық балуандар да қатысып, толайым табыстармен оралған болатын. Еркін күрестен ересектер арасында өткен аламанға 11 командадан 67 спортшы қатысып, бәсеке көркін қыздырғанын айта кеткен жөн. Қатысқан спортшылардың барлығы да кіл «сен тұр, мен атайын» деуге лайық жігіттер. Білекті балуандар бәсекесінде жамбылдық бес балуан топ жарды. 61 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Нұрсұлтан Дүйсембиев қарсыластарының барлығын алып та, шалып та жығып, дода жеңімпазы атанса, 70 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Әділет Жамбыл, 74 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілеген үмітіміз Ғасыр Тұрғынбай, 79 килограмм салмақтағы Бағдат Сәбитов, 86 килограмм салмақтағы Шыңғысхан Әлдибаев та жеңісті жорықты лайықты жалғастыра білді. 57 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Ершат Жанабіл, 65 килограмм салмақтағы Ғабит Есжанов, 79 килограмм салмақтағы Абзал Досжанов, күміс жүлдегер атанса, 65 килограмм салмақтағы Жан Қоқамбаев пен 92 килограмм салмақтағы Нұргелді Амангелді қола жүлдеге қол жеткізді.
Облыстың құрамасы еркін күрестен барлық санатта ойдағыдай нәтиже көрсеткені қуантты. Айталық, жастар арасындағы жарыста біздің өңірдің спортшылары екі алтын, екі күміс, екі қола жүлдені қоржынымызға түсіріп, жанкүйерлердің сенімін ақтай білді. Жасөспірімдер арасындағы сында да жігіттеріміз намысты қолдан берген жоқ. 48 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Нышанбек Мырзахмет қарсыластарының барлығынан айласын асырып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді.
23 жасқа дейінгі балуандар додасы да тартысқа толы жағдайда өтті. Мұнда облыстың құрамасы төрт алтын жүлде, бір күміс, екі қола медаль иеленіп, ойдағыдай нәтижемен оралды.
Грек-рим күресінен өткен аламанда да облыс намысын қорғаған сайыпқырандарымыз бапкерлер артқан сенімді ақтады. Ересектер арасындағы аламанда 67 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Рауан Аңсабек қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтын жүлдені мойнына ілсе, 77 килограмм салмақ дәрежесіндегі балуанымыз Асан Нұржан да сол үдеден шыға алды. 63 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Елдос Бекжанов тиісінше үшінші орынды иеленді.
Жастар арасындағы додада да балуандарымыз көңіл көншітерліктей нәтижелерге қол жеткізген болатын. Олар екі алтын, екі күміс жүлдені қоржынымызға түсірсе, жасөспірімдеріміз бір алтын жүлдені иемденді. Ал 23 жасқа дейінгі саңлақтар арасындағы додада облыс құрамасы кереметтей нәтиже көрсеткенін мақтанышпен айтуға болады. Олар бес бірдей салмақта алтын медаль жеңіп алып қана қоймай, қоржынымызға тағы бір күміс медаль салды.
Балуандарды аталмыш додаға дайындаған бапкерлердің бірі Ерназар Қонысбаев жігіттердің нәтижесі көңіл тоғайтатынын айтады. «Бұл жарыста облыс құрамасы ойдағыдай медальдарды иеленді. Жігіттеріміздің барлығы да жеңістің ең биік тұғырынан көріну үшін жан аяп қалған жоқ», – дейді ол өз ойымен бөлісіп. Шынында да ел чемпионатында біздің өңірдің балуандары күреп медаль алғаны – дайындықтың зор болғаны.
Табиғат Абаилдаев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді