Жұқпалы індет жоламасын десек…
Базарларда кісі қарасы көп болуынан, автобустардың жолаушыларды лық толтырып алып, карантин талаптарын орындамайтындығынан, жасырын өтетін ас, тойларда әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауынан кейінгі күндері вирус жұқтырғандар саны облыс аумағында өсіп барады.
30 наурызда «Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұққан науқастар саны артатындай қандай қателіктерге жол берді?» деген сұраққа жауап берген министр Алексей Цой бұған санитарлық талаптарды сақтамайтын кәсіпкерлер мен «санасыз» азаматтарды кінәлады. Осы уәжге делел ретінде жолаушылар таситын автобус ішіндегі күнделікті жағдай көз алдымызға келеді. Автобустың тар салоны таңертең және кешке жолаушыға лық толады. Олардың көбісі бетперде тақпайды. Жолаушылар тасымалдайтын көлікке кірген жас жігітке «Бетпердең қайда, неге тақпайсың?» деген үлкен кісіге «Сіздің не шаруаңыз бар?» – деп салон ішіне ілгерілей берді.
«Не шаруаңыз бар» дегені несі? Санитарлық талаптарды орындамасақ, індет қайтадан өршіп кетеді ғой! Осындай «санасыз» адамдар қайдан шығады», – деп үлкен кісі шарасыздық танытты. Адамдардың топтасып жиналуын, бетперде тақпауын тексеруші органдар тоқтата алмайды. Халық көп жиналатын орындарда, оның ішінде қоғамдық көліктерде, тойханаларда тексеру жүріп жатыр. Әр азаматтың соңына адам салып, оның санитарлық талаптарды бұзбауын қадағалау мүмкін емес. Әртүрлі жиындар, банкеттер, жасырын ұйымдастырылатын шаралар мемлекеттік органдардың айтуымен өтіп жатқан жоқ. Бұған тәртіп бұзатын кәсіпкерлер мен санасыз азаматтар барып отыр.
Облыс орталығы Тараз қаласының өзінде тұрғындардың көбі көшеде бетпердесіз жүріп, азық-түлік дүкендері, мейрамхана мен дәмханаларға еркін кіре береді. Шектеулерге осылай немқұрайды қарап жүре берсек, эпидахуал күннен күнге қиындай түседі.
Құрметті жерлестер, соңғы күндері коронавирус індетімен ауырған азаматтардың саны өсуде. Ақпан айынан бастап елімізде жаппай тегін вакцинация басталғаны белгілі. Әзірге екпемен қамтылған азаматтар қатары аз болғандықтан, ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ерте. Біз күнделікті санитарлық талаптарды сақтауымыз керек. Жасырын той, ас беру қалада тоқтаусыз өтіп жатыр. Кейбір тойханаларда 300-ден астам кісі қатысқан фактілер бар, тойхананың артқы жағынан асхана арқылы кіргізіп, өткізеді, сонда кімді алдап жатырмыз?
Мен өзім де осындай бір жиынға барып, асқа жиналған 250-300 адамның алдында және осы жиынды өткізіп жатқан отбасының балаларына түсінік жұмыстарын жүргіздім. Коронавирустан қайтыс болған кісіге балалары елді жинап Құран оқытып жатыр. «Ағайын, туыстарды жинап, қонақасы бермесек ұят болады» деген түсінік бүгінде халықты шарасыздыққа тіреуде.
Бізде санитарлық нормаларды сақтайтын мекемелер, азаматтар бар. Ал, бірақ сауда орталықтарында, әсіресе көшелерде бетперде тағу, арақашықтықты сақтау ережелері ұмыт қалуда. Соңғы күндері бәріміз осы коронавирус туралы көп айтамыз, тыңдаймыз, меніңше, індет тарамау үшін қатаң шара қолдану керек. Қажет болса, айыппұлды көбейтіп, тәртіпке шақырып, сана-сезімді ояту керек. Халықты індет туралы ақпараттандыруды арттырған жөн.
Шын мәнінде, былтырғы қателігімізден ешкім сабақ алған жоқ. Үкімет қойған шектеуді елемей отырмыз. Билік азаматтарға бетперде тағып, үйден шықпау керегін, вирус қаупі артып келе жатқанын айтқанымен, халық қазір вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарағаны секілді бұл ескертулерге де сенбейді. Өзім жақында індетке қарсы «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін салғыздым.
Той, ас, тағы басқа іс-шараны 30-50 адамнан көп жинауды болдырмау, уақытша қонаққа баруды мүмкіндігінше азайту, мүмкіндігіне қарай барлық жиналыстарды онлайн режимде өткізу, автобуста жүргенде, бетпердемен жүру, вакцина туралы әртүрлі алыпқашпа сөзге ілеспей, тез арада вакцина алу қажет.
Індеттен аман болайық, тәртіпке бағынсақ, бұл пандемия да өтер!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
қалалық мәслихаттың хатшысы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді