Онлайн оқыған оқушылар партаны «жатырқап» қалған
Кеше мектепке бардым. Жас жеткіншектердің қандай күйге түскенін қайдам, өзім іштей қобалжып тұрдым. Қайткен күнде де бәрі бұрынғыдай емес қой. Абыр-сабыр болып жатқан ешкім жоқ. Есіктен енгеннен бастап, дене қызуыңды өлшеп, қолыңды антисептикпен тазалап, тура жүріп, бір кабинетке кіресің... Тура бір жылдан соң онлайн жүйеден дәстүрлі сабаққа оралған оқушылар партаны «жатырқап» та қалғандай көрінді. Карантиндік шектеулер сананы да шырмап тастағандай. Әйтеуір, әлденеге тастүйін дайын болу керек деген «пәрмен» тұрады ойыңда. Тәртіп! Талап! Сақтық!
Шу қаласында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің төртінші тоқсандағы сабақтардың аяқ алысын байқап, ұстаздар мен оқушылардың бір күндік жұмысымен осылай таныстым. Білім ошағында барлық санитарлық талаптар сақталып, дезинфекциялық құралдармен толық жабдықталғанын бірден байқауға болады. Қажетті антисептиктер мен дене қызуын өлшеуге арналған құрылғылар да жеткілікті. Аталған мектептің мұғалімі Гүлнәз Махажановамен тілдескенімізде толықтай онлайн жүйеден гөрі аралас форматта оқытудың тиімділігіне көз жеткізгендей болдық. Тәжірибелі ұстаз бұл формат ең әуелі оқушылардың індет жұқтыруының алдын алуға үшін енгізілгенін айтты.
– Аралас форматтың бір ерекшелігі – әр сыныптың сабағы әртүрлі уақытта басталады. Мәселен, мен жетекшілік ететін 7 сыныптың сабағы түскі сағат 13.00-де басталып, 17.05-те аяқталады. Осы аралықта 40 минуттан 5 сабақ өтеді. Үзіліс кестесі де әртүрлі. Оқушылар екі сабақтан кейін 10 минуттық үзіліске шығады. Бұл уақытта мектебіміздің қызметкерлері сыныпты кварцтеу, желдету, ылғалдандыру және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Үзіліс кезінде балалардың бетперде тағуын қатаң қадағалау біздің міндетіміз. Шынын айту керек, қашықтан оқыту кезінде мұғалімдердің барлығы түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Шәкірттер тапсырманы уақтылы жібермейді. Тіпті, кейбіреулері ұмытып кетіп, берілген тапсырманы ойына түскенде орындап, түн ортасында жолдап жатады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретіндіктен өзің жетекшілік ететін сыныптың сабаққа қатысу процесін қадағалаудан бөлек, басқа сыныптың оқушыларына да тапсырма беріп, оны бақылауда ұстап отыруға тура келеді. Бұның барлығы мұғалімдер үшін оңайға соқпайтыны сөзсіз. Ал қазіргі формат ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де өте тиімді деуге болады, - дейді ол.
Мектеп директоры Бағила Сейдахметова бірқатар сабақтардың қашықтан оқытылатынын айтты. «Аралас формат дегеніміз – мектеп бағдарламасындағы пәндердің 70 пайызы дәстүрлі форматта оқытылса, қалған 30 пайызы қашықтан оқытылады. Мысалы музыка, өзін-өзі тану, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, денешынықтыру сияқты сабақтар белгіленген кестеге сәйкес қашықтан оқытылып жүр. Ал қашықтан оқытудағы платформаға келер болсақ, мектеп ұжымы оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, бірнеше платформамен жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «ZOOM», «Daryn.online», «whats app» желілері бар. Оған қоса, балалар үшін икемді сабақ кестесі бекітілді. Осылайша, әр сыныпқа әртүрлі қоңырау кестесі белгіленеді. Сол арқылы оқушылардың індет жұқтыру ықтималдылығын азайтып, өзге сыныптармен тікелей қарым-қатынасқа түсуінің алдын алып отырмыз. Бас санитар дәрігердің 25 наурызындағы №12 қаулысында көрсетілген барлық санитарлық талаптар сақталған. Сондай-ақ, 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек көрсетілетін оқушылар түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», - дейді мектеп басшысы.
Жасыратыны жоқ, бұл індет елдегі барлық саланың күнделікті қалыпты тіршілігіне кері әсерін тигізіп, дүйім жұртты дүрбелеңге салып қойды. Әсіресе, қайнаған өмірдің бастау бұлағы саналатын мектептердің бұл сынға әзір болмағанына өткен жылы көзіміз жетті. Қазір жағдай бірте-бірте тұрақтала бастағанда жауапты министрлік өкілдері оқытудағы олқылықтардың орнын толтыруды ойлап, мектептерге аралас форматта оқыту жүйесін енгізгені белгілі.
Қалай десек те, жауапты жұмысты мүлткісіз атқарып жүрген ұстаздар қауымы үшін пандемия кезіндегі бірқатар өзгерістер олардың мойнындағы жауапкершілік жүгін одан әрі ауырлата түсті. Жас жеткіншектердің сабаққа деген ынтасы азайды. Мұғалімдер балалардың оқу үлгерімі де өзгергенін айтып жүр. Мектеп оқушылары да қашықтан оқудың танымға кері әсер еткенін жеткізді. «Кез келген оқушы үшін қашықтан немесе аралас форматта оқу қолайсыздық тударғаны шындық. Мысалы, қазір оқушылар қоңырауда бұрынғыдай арқа-жарқа әңгіме айта алмайды. Үзілістің өзінде сыныпқа тазалық жұмыстарын жүргізіп біткенше, акт залында отырамыз. Мектептің ішінде белгіленген арнайы жол белгілері арқылы арақашықтықты сақтап жүруіміз қажет. Әрине, бұның барлығы індеттің өршіп кетпеуі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінемін. Сондықтан барлық сақтық шараларын сақтауға тырысамыз», - дейді аудандағы Ш.Уалиханов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Аружан Азаматқызы.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы оқу жылында бірқатар мектептер қашықтан оқыту жүйесіне көшсе, шалғай елді мекендердегі білім ошақтары дәстүрлі түрде оқыды. Ал бір апта бұрын ғана басталған төртінші тоқсанда сабақ аралас форматқа ауысты. Әлбетте, оқушы үшін бұрынғыдай қалыпты жағдайда білім алу әлдеқайда тиімді. Дей тұрғанмен ұстаз бен баланың денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Осыны ескерген білім және ғылым министрлігі білім алушылар үшін аралас форматта оқыту жүйесін жолға қойып отыр.
Негізі шалғайдағы Шу ауданында барлығы 47 мектеп бар десек, бүгінгі таңда ондағы 20891 оқушының басым бөлігі аралас форматта оқыту жүйесіне көшкен. Басым бөлігі дейтініміз, кейбір ата-аналар балаларының денсаулығына байланысты мектепке баруына қарсы болып, онлайн форматта оқытып жатқан көрінеді.
Қалай десек те, ұстаздар мен оқушылардың сақтық шараларына салғырт қарауына болмайды. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Оның үстіне шалғай аудандағы эпидемиологиялық ахуал да күн өткен сайын күрделене түсуде. Шу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы берген мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы төрт айының өзінде ауданда 80 адам коронавирус індетін жұқтырып, сырқаттану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 77,8 пайызды құрапты. Вирус жұқтырғандардың 59-ы – Шу қаласынан, қалған 21-і ауылдық округтерден тіркелген. Сондай-ақ, жыл басынан бері 1 мұғалім мен 1 оқушының індет жұқтырғаны анықталған. Сондықтан өңір тұрғындары босаңсуға жол бермей, бас санитардың қаулысындағы барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді