«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құрылыс материалдарын қашанғы шеттен тасимыз?

Құрылыс материалдарын қашанғы шеттен тасимыз?
ашық дереккөз
Құрылыс материалдарын қашанғы шеттен тасимыз?
Әсем де еңселі үйде тұру – адамзаттың ежелден келе жатқан басты армандарының бірі. Адамдардың бақуаттылығы – олардың тұрған үйлерінің дәрежесінен де айқын байқалады. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық, екіншісі – ақ жаулық, үшіншісі – он саулық, төртіншісі – баспана» деп текке айтпайды. Қазір арамызда пәтер жалдап күн көріп, ондаған жылдар бойы 2-3, тіпті 1 бөлмелі пәтерге қол жеткізе алмай зарығып жүрген отбасылар қаншама? Кейде осындай кісілердің аузынан «Басында баспанасы, пәтері бар адам қандай бақытты?!» деген сөздерді де естіп қаласың. Қазақ «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп текке айтпаса керек.  Кімнің де болса, әсіресе қалаларда көпқабатты пәтерлердегі жағдайы түзелген азаматтардың жер үйде тұрғысы келеді. Әйтсе де бұл мәселе көп адам үшін арман күйінде қалатын сияқты. Қазір элиталы үйлерді айтпағанда, орташа жабдықталған жеке үй салу үшін 100 мың АҚШ доллары қажет. Көп адам пәтердің өзіне қол жеткізе алмай жүр. Құрылыс материалдарының құны өскен сайын пәтерлердің бағасы да қымбаттауда. Мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасына сәйкес ипотекаға берілетін пәтерлердің әрбір шаршы метрінің құны біраз уақыт бұрын 160 мың теңгеге жетсе, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігінің берілуіне байланысты пәтер құны тағы шарықтады. Қазір әрбір шаршы метрінің құны 190-220 мың теңгеге көтерілді. Элиталы үйлердің құны бұдан да қымбат. Бүгінде облыс бойынша пәтер кезегінде – 32 мың, жер теліміне 125 мың адам кезекте тұр. Қазір кеңестік кезең емес. Коммуналдық пәтерлер әлеуметтік жағынан аз қорғалған І топтағы мүгедек, яғни аса мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Дені сау, жұмыс істеп жүрген азаматтар пәтерді ипотекалық несиеге алуы тиіс. Демек, енді бұрынғыдай кезекке жазылып, пәтер алу оңайға соқпайды. Еліміз экономикасы еңсесін тіктей бастаған кезде Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет «Тұрғын үй» бағдарламасын жасап, игілікті істі қолға алды. Бағдарлама мақсаты – әуелі жас отбасыларын қолжетімді пәтермен қамтамасыз ету. Мұның өзі көптеген жастардың жүрегіне қуаныш отын ұялатты. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған мүгедек азаматтар да коммуналдық пәтерге ие болып, қуаныштары қойындарына сыймай жүр. Тараздағы табиғи шөп өсіп, бос жатқан талай алаңқайларда шаһардың ажарын асқақтатқан әсем де зәулім үйлер шоғырланған бірнеше бүтіндей мөлтек аудандар бой көтерді. Осы мерзімде мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа бөленуде. Құрылыс – экономика локомативі екенін дәлелдеді. Елімізде және облысымызда құрылыстың қарқын алуына байланысты ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттік «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары арқылы жүздеген көпқабатты үйлер салынды. Өткен жылы облыста 618 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл оны 700 мың шаршы метрден асыру көзделуде. 2020 жылы облыста бюджет есебінен 34,8 миллиард теңгені құрайтын 3 822 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 2131 пәтерлі 38 көпқабатты үй іске қосылған. Ағымдағы жылы 23,9 миллиард теңгені құрайтын 4490 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу, жыл соңына дейін 3590 пәтерлі 61 көпқабатты тұрғын үй тапсыру көзделуде. Мұның барлығы да экономикамыздың еңсе тіктеуінің, өркендеуіміздің арқасы. Әйтсе де, құрылыс материалдары мен пәтер бағасының уақыт өткен сайын шарықтап өсуі кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енгізуде мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында елімізде құрылыс индустриясын дамытуға, қолжетімді тұрғын үйлер салуға ерекше көңіл бөлуде. Өкінішке қарай, қазіргі салынып жатқан үйлерді қолжетімді деп айта алмайсың... Құрылыс материалдары мен үйдің бағасы неліктен үздіксіз өсуде? Олардың бағасын тұрақтандыру және арзандатудың жолдары жоқ па? Біз осы сауалдарды біраз мамандарға қойған едік. Елімізде құрылысқа қажетті материалдардың 50 пайыздан астамы шет мемлекеттерден жеткізіледі. Облысымызда 125 кәсіпорын 13 түрлі құрылыс материалдарын өндіреді. Өңірде 1 миллион 139 мың адам тұрады. Тұрғындар санына шаққанда бұл көрсеткіш тым аз. Бір үй салу үшін 40-тан астам құрылыс материалдары қолданылады екен. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров өңірде құрылыс жүргізуге қажетті материалдардың 12-сі – облыста, 19-ы Қазақстанда өндірілетінін және 11 түрлі материалдар шеттен тасымалданатынын айтады. Демек, өңірде өндірілген материалдар қажеттілігіміздің 20 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Бұл – қай жыртығымызға жамау болады? Мамандардың әлі күнге дейін осыған тоқмейілсіп жүргеніне қарның ашады. Жамбыл өңірі табиғи ресурстарға бай. Бізде құмның, шағалдың басқа да құрылысқа қажетті материалдардың мол қоры бар. Әйтсе де өзімізді қарапайым кірпіш, жылу радиаторлары және полиэтилен түтіктер мен құбырлармен қамтамасыз ете алмай келеміз. Есік-терезелер мен газоблоктардың сырттан тасымалданатыны қынжылтады. Облыста 17 кірпіш зауыты бар. Олардың көпшілігі ескі технологиямен жұмыс істейді. Шығарған өнімдері халықаралық стандарттарға сай келмейді. Соның салдарынан олар осы материалға деген қажеттілікті өтей алмай келеді. Тапшылықтың салдарынан бүгінде олардың әрқайсысының бағасы нарықта 55-60 теңгеге өсіп кетті. Бізде басқаны былай қойғанда бояу, сыр және шеге де өндірілмейді. Елімізде жылына 80-85 миллион тонна мұнай өндіріледі. Осындай ен байлықтың ортасында отырып, битумға жарымай келеміз. Оның шеттен жеткізілуі және тапшылығына байланысты мердігерлер нысандарын белгіленген мерзімде тапсыра алмауда. Елімізде қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама арқылы көптеген жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Олардың арасында құрылыс материалдарын шығаратындар да бар. Әйтсе де алғашқы кезде жұмысын жақсы бастаған олардың біразы жабылып тынды. Облысымыз тағы да аса қажет заттарға зәру болып қалды. Ең бастысы, осынау мемлекеттік бағдарлама арқылы өңірде Мыңарал және Хантауда екі ірі цемент зауыты салынды. Қазір олар өз өнімдерін республика аумағына өткеруде. Сырттан жеткізілетін тауардың бағасы қашанда жоғары болады әрі ақшамыз сыртқа ағылады. Сайып келгенде бұдан қарапайым тұтынушылар ұтылады. Өңірде бұл бағытта ірі ізденістер жасап, ел игілігіне өз үлестерін қосып жүрген ұйымдар да жоқ емес. Тараздағы «Ғимарат-Темірбетон», «Бином», «Тараз көлік жолы» ЖШС, басқа да бірқатар кәсіпорындар құрылыс материалдарының ондаған түрін шығарып, халыққа ұсынуда. Олардың сапасы өзгелерден кем емес әрі бағасы да қолжетімді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген осы. Бізде нысан салуға қажетті санфаянс, битум, ағаш материалдары, медициналық жабдықтар электр желілерінің сымдары және басқалар Қытай және Ресей мемлекеттерінен жеткізіледі. Қажетті 19 түрлі өнімді еліміз аумағынан жеткізеді екенбіз. Осы материалдарды өзімізде өндіруге мүмкіндігіміз жоқ па?! Біз құрылыс материал-дарының денін өзімізде өндірмесек, бәсекелестік орта қалыптастырмасақ, бұл саладағы бағаны қалай ауыздықтаймыз? Тұрғындарымызға қолжетімді үйді қалай ұсынамыз? Қазір «Іс бастаймын, кәсіпорын ашамын» деген азаматтарға екінші деңгейдегі банктер орасан қаржы беріп жатыр. «Істің басы – ниет» дейді халқымыз. Бауыржан Момышұлы атамыз «Талаптанғанның шегесі тасқа кіреді» деп айтқан жоқ па? Әйтпесе ең соңы ұсақ-түйек заттарды шеттен тасығанымыз масылдық психологиядан арыла алмай келе жатқанымыздың айқын айғағы емес пе? Осы мәселеге байланысты көптеген мамандармен әңгімелесіп, пікірлесуге тура келді. Олардың көпшілігі бізде өндірілген материалдың бағасы шеттен әкелінетіндерге қарағанда қымбат болады деген уәж айтады. Бұған да түсіністікпен қарауға болады. Бізде энергия русурстары қымбат. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнына үлкен әсерін тигізеді. Бірақ осылай жауырды жаба тоқу, тығырықтан шығудың жолы емес. Қазақстан – кеңестік кезеңде шикізат базасы болғаны белгілі. Біздің қазіргі жағдайымыз да жетісіп тұрған жоқ. Егемендік алғанымызға 30 жыл болса да өндірілген өнімнің 80 пайызы экспортқа шикізат күйінде өткеріледі. Тапшылық – қымбатшылықты туғызады. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді халқымыз. Егер біз қажетті заттарды өзімізде өндірмесек, оның молшылығын жасамасақ, көп ұзамай үлкен өкінішке ұрынамыз. Еліміздегі шикізат қоры ары кетсе жарты ғасырда таусылатыны туралы ғалымдар үлкен алаңдаушылықпен жазып жатыр. Одан кейін еліміздің күні не болады? Қазақстанға құрылысқа қажетті ағаштың 90 пайызы Ресейден әкелінеді. Бір күннің қамымен еш уақытта өмір сүруге болмайды. Америкалықтар өздеріндегі қазба байлықтарды және басқа да табиғи ресурстарды келешек ұрпаққа сақтап, барлық қажеттіліктерін шеттен сатып алуда. Біздің еліміз оның ішінде облысымызда неге құрылысқа жарамды ағаштар өсірмеске... Жеріміз – кең байтақ. Онда жасыл желектің алуан түрін өсіруге болады. Әсіресе бізде құрылысқа аса қажетті – төзімді терек қаулап өседі. Осыдан 40 жыл  бұрын Жуалы ауданында шағын ормандар өсіру қолға алынған болатын. Олар 15-20 жылда қажетке жарап қалады. Сол кезде 5-10 гектар алқапқа терек өсірген бірқатар азаматтар өсірген өнімін сатып, қыруар ақшаға кенелді. Теректерді Тараз және Шымкент қалаларынан жүк көліктерімен келіп өздері кесіп, тиеп алып кетті. Орман – жердің өкпесі. Оттегі өндіруші «зауыт» әрі жердің көркі. Әйтсе де сол жақсы іс кейін жалғасын таппай қалды. Демек, біз ағаш өсіру арқылы өзімізді қажетті материалмен қамтамасыз етумен қатар экологияны да сауықтыруға өз үлесімізді қосар едік. Жамбыл өңірінің құрылыс жүргізетін мердігер ұйымдары тас қалаушы, ағаш ұстасы, бетон әзірлеуші, краншы және экскаваторшы сияқты білікті мамандарға зәру. Облысымызда осындай мамандарды даярлайтын кәсіптік-техникалық оқу орындары аз емес. Алайда оларды бітірген азаматтар құрылысқа бара бермейді. Орыстарда «Жұмыс істегісі келген адам резервтерді, істегісі келмеген сылтау іздейді» деген қанатты сөз бар. «Бәрін айт та-бірін айт» демекші, бізге қажетті құрылыс материалдарын өзімізде өндірудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру керек. Онсыз күнделікті қымбаттап жатқан тауарлардың бағасын ауыздықтай алмаймыз. Баға бұлай шарықтай берсе, баспанаға қол жеткізу – еліміздегі ең үлкен мәселенің біріне айналатыны сөзсіз.

Ақылжан Мамыт

Ұқсас жаңалықтар