«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірді өркендететін жаңа жобалар

Өңірді өркендететін жаңа жобалар
ашық дереккөз
Өңірді өркендететін жаңа жобалар

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Тараз қаласында Индустрияландыру картасына жалпы құны 40 миллиард 830 миллион теңгенің 13 инвестициялық жобасы енгізілген. Олар толық жүзеге асырылған кезде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы мерзімде 35,4 миллиард теңгенің 10 инвестициялық жобасы іске асырылып, 1841 жаңа жұмыс орны құрылды. Үстіміздегі жылы жалпы құны 5,6 миллиард теңгелік 3 жобаны іске қосу көзделген. 

Олардың қатарында «Жамбылгипс» акционерлік қоғамында жылына 170 мың тонна гипс өндіретін цехты кеңейту және жаңарту, «Арайстроймаркет» ЖШС-ында қуаттылығы жылына 300 мың дана алюминнен жасалатын радиатор шығаратын шағын зауыт және «Alina- Holding» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 170 мың тонна құрғақ құрылыс қоспасын және гипс өндіретін зауыт құрылыстары бар. Бұлар толық қуатында істегенде жаңа 150 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, бағдарламаға енгізу үшін бірнеше жоба республикалық үйлестіру кеңесіне ұсынылды. Таразда «Полиэтилен-Агро» серіктестігі полиэтиленнен жасалынған өнімдерді және полиэтилен шикізатын қайта өңдеу зауытын салмақ. Оның құны 380 миллион теңге, 37 жұмыс орны құрылады. Латвиялық кәсіпкерлер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысын қолға алуды көздеуде. Кәсіпорын сондай-ақ 5 МВт электр қуатын өндіреді. Оның жобасы жасалған. «Dai-LTHҮ-2013» ЖШС қой және ірі қара мал терілерін өңдеп, хромды тері өндіретін болады. Жобаның құны 300 миллион теңге. Ол іске қосылғанда тәулігіне 5 мың қой терісі және 1000 ірі қара мал терісін өңдей алады. Жобалар үйлестіру кеңесінде қолдауға ие болса, құрылыстары келесі жылы қолға алынады. – Үйлестіру кеңесіне ұсынылған жобалардың барлығы халық көптен күтіп отырған маңызды нысандар. Олар іске қосылса, көптеген адамдар жұмысты болуымен қатар ауылдықтар қолда бар шикізаттарын өткізіп, айтарлықтай табысқа кенеледі. Мұның өзі экономикамызды серпінді дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Тараз қалалық әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Берген Омарбек.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол»

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар