Қордағы қаржыдан қайыр бар ма?
Зейнетақы қорындағы жиған-тергеніңіздің бір бөлігін алуға рұқсат берілгелі де бір жарым айдан аса уақыт өтті. Жоғарыдан пәрмен болған соң, «Жаппарқұлда жан бар ма», жұрт «ә» дегенше тиісті мекемелер қордағы жиғаныңыздың қанша екенін тиынына дейін есептеп беретін оңай онлайн жүйені де жасап қойды. Қош, сонымен ендігі мәселе қаражатты есептеуден ауысып, «алатын аз-кем ақшаны қалай ұқсатамын» дегенге ойысты. Қалай десек те, дәл қазір зейнетақы қорындағы қаржысын алудың жолын іздеу тұрғындардың зеріктірмейтін жұмысына айналды. Әсіресе, карантин талаптары «тәк-тәкпен» адымын аштырмай, көбіне-көп жартылай немесе толықтай онлайн жүйеге көшіп, үйде отырғандардың да, басқасының да басты уайымы – осы. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының директоры Абдыманат Еспаевтың айтуынша, өңірімізде зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын 15,9 мың салымшы бар екен. Қордағы қаржының бір бөлігін алу тетігі іске қосылғаннан бастап, бір айға жуық уақытта 800 жамбылдықтан өтінім түскен. Оның 271-і мақұлданып, 75-і қабылданбаған.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, өтінімдердің қабылданбауына негізінен сұранымдардың дұрыс толтырылмағаны себеп болған. Сондай-ақ «түйе сұрасам, ең кемі бие берер» деген қазақы көзқарастан ба, шекті деңгейден артылған қаржыдан артық соманы сұрағандардың өтініштері де кері қайтарылыпты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиғаны шекті деңгейден асатындардың есеп-шотындағы қалған соманы алып, бір кәдеге жаратқысы келетіні сөзсіз. Қаржыны жұмсаудың талаптары жарияланғанда, әсіресе, пәтер алуға шамасы жетпей, «ең құрығында жер учаскесін алып, баспана тұрғызып алсам» деп армандап жүргендер «тілеуімді берді» деп қатты қуанған. Олардың бірден өтінім беріп, керек құжаттарды түгендеуге кіріскені де, сондықтан. Бірақ бұл шаруа біз ойлағандай оңай болмай шықты. Рас, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиған-тергеніңіздің бәрі өзіңіздікі! Әйтсе де оны кез келген уақытта, тіпті үй салуға жер телімін алу үшін де «сұрап» ала алмайды екенсіз! Себебі – талап сондай!
Сондағысы ол қандай талап дейсіз ғой, біз бұл сұрақты «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназароваға қойған едік. Маман қордағы қаржының бір бөлігін салымшыларға берудегі негізгі мақсат әр отбасының баспаналы болу мүмкіндігін арттырудан туындағанын, соған байланысты
жер учаскесін алу және үй немесе пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін талап қоярда осы мәселеге назар аударылғанын түсіндірді.
– Дау туғызып отырған 6-пункт – тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін бір банктік қарыздың шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғын үйді және (немесе) тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына тоқталсақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін жасағанда осы пункт бойынша, яғни қаржыны тек жөндеу жұмыстарын жүргізілетін пәтер немесе үйді қоса сатып алғанда ғана беру талабын енгізген. Жер учаскесін сатып алу тәртібі де солай. Міндетті түрде үй салынуы керек. Ондағысы – салымшылардың әрқайсысы бір баспаналы болсын деген мақсат. Ақша қолма-қол салымшыға берілмейді. Қаржы есеп-шоттарға ғана аударылады. Ал тұрғындар келісімшарт жасасқан мердігер компаниялардағы қаржылық қозғалыс аударымдары арқылы бақылауда болады.
Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлары ретінде екінші деңгейлі банктер де таңдалған. Негізгісі – «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы. Олай дейтінім, басқа екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтей аласыз. Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мүмкіндігін пайдалану үшін сол қаржылық ұйымдардың қызметін қолдануға болады. Ал біздің банк басқа 7 талап бойынша тұрғындардың өтінімін қанағаттандыра алады. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» азаматтарға www.hsbk.kz сайты арқылы арнайы есеп шот ашуға онлайн жүйе жасаған. Содан кейін www.Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы өтінім жасап, қаржыны қай мақсатқа жұмсайтыныңызды көрсетесіз, - дейді Гүлзат Мұратқалиқызы.
Банк филиалының басшысы қордағы қаржыны пайдалануға болатын 8 талаптың әрқайсысы бойынша қандай талаптар қойылатыны www.Enpf-otbasy.kz платформасында да, банктің әлеуметтік желідегі парақшаларында толық көрсетілгенін, барлық пункт бойынша өтінімдер мен құжаттарды онлайн рәсімдеуге болатынын жеткізді. Арнайы есеп-шот ашу үшін де ешқайда сабылып, кезек күтудің қажеті жоқ. Тағы бір айта кететіні, қаржыңызды белгілі бір мақсатта пайдалануға өтінім беріп, кейін ол ойыңыздан айнып қалсаңыз, ақша екі ортада қалып қоймайды екен. Гүлзат Бекназарованың айтуынша, қос тарап бойынша мақұлданбаса, қаражат қайта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Мамандар түсіндіріп берген зейнетақы қорындағы жиған қаржыны пайдалануға болатын мақсаттар:
- Кез келген банктен немесе ипотекалық ұйымнан тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыз бойынша берешекті толық немесе бір бөлігін өтеу;
- Көп қабатты үйден пәтер, жеке тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме сатып алу үшін. Баспананы алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ салынып жатқан үйде (ҚР заңнамасына сәйкес кепілдік берілген жағдайда) үлестік қатысу шартына сәйкес сатып алуға болады.
- Зейнетақы жинақтарыңызды «Отбасы банкінде» бастапқы жарна ретінде пайдаланып, ипотека рәсімдеу;
- «Отбасы банкінен» және еліміздегі басқа екінші деңгейлі банктері арқылы тұрғын үй сатып алуға, зейнетақы жинақтарын бастапқы жарна ретінде пайдалануға;
- Сатып алу құқығымен жалдамалы түрде алған баспанаңызыдың қарызын өтеуге;
- Зейнетақы жинақтары есебінен де, сондай-ақ зейнетақы жинақтарына өз қаражатыңызды қосып та жеке тұрғын үй салуға (оның ішінде жер учаскесін сатып алу);⠀
- Ипотекалық несиеңізді басқа банктен қайта қаржыландыруға немесе оны тиімді шарттармен «Отбасы банкіне» аударуға;
- Емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы ереже Денсаулық сақтау министрлігінде әлі де қаралуда.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді