«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Болашақ» бағдарламасы бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тигізді

«Болашақ» бағдарламасы  бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тигізді
ашық дереккөз
«Болашақ» бағдарламасы бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тигізді
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мыңжылдықтың бастауында тұрып-ақ әлемдік білім кеңістігіне кірігу үшін еліміз үлкен бетбұрыстар жасай бастағаны мәлім. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тағайындаған «Болашақ» халықаралық стипендиясы – соның бір дәлелі. «Болашақ» бағдарламасы бүгінде дарынды жастардың шетелде білім алуларына мүмкіндік беретін үлкен жобаға айналған. Көпшілігі үшін бұл жоба әлеуметтік жеделсаты болды. Дарынды жастардың шетелдік озық тәжірибелерді меңгеруіне жол ашқан бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдаланып, алған білім-білігін бүгінде еліміздің экономикасын, білімі мен технологиясын дамытуға арнап жатқандардың бірі – жамбылдық журналист, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Әуесбайдың Қанаты. Мереке қарсаңында әріптесімізбен «Болашақ» бағдарламасының артықшылықтары, кешегісі мен бүгіні туралы әңгімелестік. – «Болашақ» бағдарламасы қазақстандық жастарға не берді? – Бұл маған жиі қойылатын сауал. Жауап беруден жалықпаймын. Үнемі айтатыным бар – «Болашақ» бағдарламасы бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тиігізді. Рас сөз – осы. Кеңес Одағы тұсында елгезек ел жастарының арасында қолы жеткендері тек көрші Ресейде оқуға мүмкіндік алғаны есте. «Мәскеу көрген» зиялы, білімді, орта көрген жастардың синониміне айналғаны да сол тұс еді. Бұл қазақи идиоманың екіншісі – «Тәшкен көрген». Пысық, қағілез, епті, тез тіл табысқыш, орташыл адамдарға қатысты әңгіме бола қалса, «Е, ол Тәшкент көрген жігіт қой» деп айтылатыны белгілі. Меніңше, бүгінде бұл қазақи идиоманың мәні өзгерген. Кезінде өркениеттің дені шығыстан шыққан. Заманында шығыс батыстың көзін ашқаны белгілі. Қазіргімізге келсек, өркениеттің көп игілігі батыстан. Елбасы тұғырын нық қалаған тәуелсіздігіміздің арқасында зейінді қазақ жастары Еуропаның, Американың ең үздік университеттерінің төріне нық жайғасты. Бүгінде Алаш баласы әлемдік ең озық оқу орындары Гарвард, Кэмбридж, Оксфорд, Колумбия университеттерінде еркін білім алып жүр. Баласының қаламын тигізді дейтінім де сол. Алаштың баласы әлемдік білім мен ілімнің қазанынан айызы қанғанша азығын теріп, зердесін толықтырып жүр. 30 жылдың бедеріндегі тәуелсіздіктің басты жетістігінің бірі – осы. «Батыс көрген» дегеніміз кегежені кейін тартатын кертартпа стереотиптерден ада, жаңаша ойлайтын, орта көрген, алғыр өскелең ұрпақтың бітімі бөлек болмысын айқындайды деп білемін. «Болашақтың» жастарға бергенін осы тұрғыдан көремін. – Ел аузында «Болашақ» түлектерінің болашағы жарқын» деген сөз бар. Бұл расында солай ма? – «Болашақпен» бітіріп келгендерді алтынмен аптап, күміспен күптеп қояды, басқаларға жол жоқ екен» деген кертартпа стереотиптің бары рас. Бірақ көбіне бұл осы бағдарламаға түсе алмай, жолы болмай қалғандардың қаңқу сөзі болып шығады. Барлығы да адамның өзіне тікелей байланысты ғой. «Болашақты» бітірмей де биік табысқа қол жеткізетіндер көп. Бұдан басқа да білім бағдарламалары жетерлік. «Болашақ» – тек зерделі жасқа берілген көп мүмкіндіктің бірі ғана. – Ел көріп, жер көру – көптің арманы. Шетелде білім алу таным-түсінікке қалай əсер етеді? – Дүниетанымың түбегейлі өзгереді демеймін, дегенмен, әсері әлбетте болады. Өз елімізде жүргенімізде «өз қазанымызда өзіміз қайнап жүргендейміз. Яки, өз еліміздегі көп кемшілікті байқай бермейміз, артықшылығымызды да бағалай алмауымыз мүмкін. Кемшіліктеріміз бен артықшылықтарымыз шетелге шыққанда айқын білінеді. Халқымыздың меймандос пейілін – өз басым артықшылығы дер едім. Британдықтарда мұндай қасиетті байқамадым. Олар британ аралдарының тұрғыны болғандықтан, қарым-қатынаста қашықтық сақтауды құп көреді. Өзара суық амандасады. Өмірлік қашықтықты қатты ұстанады. Бір көргенде арқа-жарқа араласып-құраласып кетуі аса сирек. Кемшілігіміз неде десеңіз? Бізде табиғат құндылықтарының қадірін білу, қоршаған ортаға қамқор болу жағы кемшін. Мәселен, су мен жарық сияқты ресурстар. Үйдегі шүмектен аққан суды сарылдатып ағызып қою, жарықты үйге ұры түспесін деп, іште ешкім жоқ болса да қосып кету – біздің халыққа тән әдет. Ағылшындардың бойынан мұны байқамайсыз. Қысқасы, біз неден оздық, неден қалып қойғанымызды білу үшін ел шекарасынан ары асып тұрғанның пайдасы көп. – Қазір «Атырау» телеарнасында тың жобаларды жүзеге асырып жатырсыз, бұған Еуропа көрген Əуесбайдың Қанатының жаңа көзқарасы қаншалықты əсер етіп жүр? – Мен телевизия сияқты адамзат «құдіреті» дүниеге келген Британияда оқыдым ғой. Джон Логи Бэрд есімді тегі шотландтық өнертапқыш 1926 жылы тұңғыш рет телевизиялық жүйені ойлап тапқанда дәл менің қазіргі 38 жасымда болған екен. Содан бері ғасырға тақау уақыт өтіпті. Ал, елімізде қазақ телевизиясы 1958 жылы ашылды. Британиялық телевизияның қаншалық дамып кеткенінің тағы бір дәлелін келтірейін. Бүгінде цифрлы телевизия деп жүрміз ғой. Сол цифрлы телевизияңыз британияда бұдан 22 жыл бұрын, 1998 жылы пайда бола бастады. Біз бұл дүрмекке тек 2012 жылы ғана арада 14 жыл өткеннен кейін ғана бетбұрдық. Демек, британдық телевизиядан бұл тұрғыда үйренеріміз көп. Задында телевизияда бірдеңені жаңадан ойлап табу қиын. Дейтұрғанмен, өз «көрпемізге қарай көсіліңкіреп, британиядан көрген тәжірибемізді барынша енгізуге тырысып жүрген жайымыз бар. Соның бірі – радионың телевизиялық форматын пайдалану. Біз мұны «Атырау» телеарнасында пайдаландық. Радионы телевизиялық сигналға қосып, «Эфирде 102 FM» деген телерадиобағдарламаны эфирге қостық. Оның ерекшелігі де сонда. Хабарды радиотыңдарманмен қатар, телекөрермен де көре алады. Тың жоба деп айта алатын тағы хабарымыз – «Нұржан айтады» әлеуметтік толғауы. Мұнда біз ақпараттық-сараптамалық мәліметті тұңғыш рет айтыскер ақын Нұржан Өмірбайдың мақамымен өлең ұйқасына салып бердік. Бұл жерде инфографика, санайғақ сияқты мәліметтер де бар. Айтыскер ақынының телевизиялық монологы расында телевизиямызда ақпараттық-сараптамалық бағытта тұңғыш жасалып отыр десек шындықтан қағыс кетпейміз. – «Болашақ» ауыл баласы үшін қаншалықты қолжетімді? Жастарға өз арманына қол жеткізу үшін қандай кеңес берер едіңіз? – «Болашақ» бағдарламасына тек дәулетті, қалталы отбасылардың балалары ғана барады деген ертеректе пайда болған көзқарас. Ол тек 90- жылдары ғана өзекті болды. Бастапқыда расында да ағылшын тілін біліп бару талабын тек жағдайы жеткен азаматтардың балалары ғана орындай алды. Өйткені, ағылшын тілі курстары қазіргідей қолжетімді емес әрі өте қымбат еді. Қазір ағылшын тілін екінің бірі біледі десек, артық емес. Өз салаң бойынша тиісті білімің жетіп тұрса, тілді меңгеріп тұрсаң, тәжірибең жетіп тұрса, «Болашақпен» оқуға еш кедергі жоқ. Менің жиі айтатын сөзім бар: қайта оралмайтын үш нәрсе бар – уақыт, сөз, мүмкіндік. Сондықтан өзімнен кейін ізімнен еріп келе жатқан іні-қарындастарыма айтарым да осы. Уақыттың қадірін біліп, сөзді текке шығындамай, мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Мақсатыңа жетудің төте жолы осы. – «Шетелде білім алғандардың барлығы бірдей елге келіп еңбек етпейді» деген пікір де көп айтылады. Бұған не дер едіңіз? – «Болашақ» бағдарламасымен оқыған азаматтардың бәрі міндетті түрде елге келіп қызмет атқарады. Өйткені, кепілзат ретінде пәтерін қояды. Оның үстіне, бес жылға дейін өз саласы бойынша елге келіп қызмет атқаруын міндеттейтін заң талабы тағы бар. Ал, бұл бағдарламамен емес, өз бетімен түсетіндер арасында шетелде қалып қоятындар әлбетте бар. Оларды бұл әрекеті үшін сөгуді құптамаймын. Ең бастысы, шетелдегі бұл азаматтарымызды шетелде қалып қойса да, еліне қандай пайда тигізіп жатыр деген критериймен бағалауымыз керек. Америкада, Еуропада тұрып та Қазақстанда инвестиция ретінде көптеген аса тиімді жобаларды жүзеге асырып жүрген мың болғыр жігіттерді білемін. Олар елде жүргеннен гөрі, шетелде жүріп қазақ жері үшін көп пайдалы іс атқаруы мүмкін. Тиісінше, елде жүріп, абыройсыз тірлікке баратын пәтуасыз жандарды да талай көріп жүрміз. Сондықтан ең бастысы, қазақ елің сенің жүрегіңде болуы тиіс. Қалғаны керітартпа көзқарас деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

 
Бірінші болайын деп бірінші болғанымыз жоқ. Бұл бағдарламамен оқуға барғанымда «журналистика» санаты әлі енгізілген жоқ еді. БАҚ өкілдері тек 2014 жылдан бастап «Болашақпен» оқуға мүмкіндік алды. Өз басыма келер болсам, 2013 жылы бұл бағдарламамен Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті ретінде оқуға мүмкіндік алдым. Яғни, бұл ғылыми-педагогикалық бағыт еді. Дегенмен, телевизия саласында көп жыл қызмет атқарған тәжірибелі журналист болғандықтан, әрі сол жылы «журналистика» санаты әлі енгізіле қоймағандықтан маған қатысты осы бағдарламамен оқыған тұңғыш журналист делініп жүр. Бір нәрсе ақиқат. Англияның Норвич қаласында оқыдым ғой. Оқуға түскен кезден бастап, түрлі басылымда осы бағдарламамен білімін шыңдауға журналист кадрлар да жіберілуі керек деп жиі жазып, үкімет назарын аударуға тырыстым. Оның да әсері болған болар, 2014 жылдан бастап, бұл бағдарламамен журналистер де бара бастады. Солардың дені қазір елімізге танымал журналистер, әр салада қал-қадерінше қызмет атқарып жүр. Мәселенки, журналистикада танымал есімдерге айналған тараздың түлектері – әуелде телевизияда жүргізуші, продюсер болып, кейіннен мемлекеттік қызметке ауысып, қазірде ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Руслан Желдібай, журналистикадан PR саласына ауысқан Ырыс Амангелді есімді жігіттер бар.

Ұқсас жаңалықтар