«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көлқайнардағы құс фабрикасы

Көлқайнардағы  құс  фабрикасы
ашық дереккөз
Көлқайнардағы құс фабрикасы

Іргетас қалануда

Биыл Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Еңбек елді мекені аумағынан ағайынды Құрманбековтер құс фабрикасының іргетасын тұрғызуды қолға алған-ды. Бүгінде жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқан ондағы құрылыс жұмысы 2016 жылдың басында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

Жуырда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов бастаған топ құрылысы жүріп жатқан осы нысанның жұмысымен танысты. Құрылыс басында жүрген «Аса-Даму» ЖШС-ның директоры Мейірбек Құрманбеков әңгімесін әріден бастады. – Інім Үсен екеуміз «Неге ауылдан құс фабрикасын ашпасқа?» деген ниетпен іске құлшына кірістік. Құрылыс жұмысының жүруіне, сапалы атқарылуына қомақты қаржы керек-ақ. Бұл істе құрылтайшы ретінде Үсен бауырым көмек қолын созып отыр. Ал, құс өсіруге ыңғайлы 7,3 гектар жер бөлген аудан басшылығына алғыс айтамыз. Біздің компания негізінен жұмыртқа өндіру және сатумен айналысады. Құстарымыз табиғи таза микроэлементтермен, сондай-ақ, құнар қосылған жеммен қоректендірілгендіктен экологиялық таза өнім алатын боламыз, – дейді «Аса-Даму» ЖШС директоры М. Құрманбеков. Фабриканың құрылыс жұмысына жұмсалатын құрал-саймандар негізінен Германиядан әкелініпті. Мұнда бүгінде 27 құрылысшы еңбек етуде. Алдағы уақытта жұмыс көлемі артқан сайын жұмысшылардың қатары да өсе түспек. Фабрика пайдалануға берілгеннен кейін мұндағы жұмысшылардың саны 96 адамды құрайтын болады. Ал, көлемі 102х18 метр болатын 8 корпустың бірінде инкубаторлық цех та жұмыс жасайды. Онда 316 мың тауық, 84 мың балапан өсіріп, жылына 102 миллион жұмыртқа алынатын болады. Аудан көлемінде алғаш қолға алынған бұл жобаның келешегі зор. Әрине, аудан экономикасының дамуына асадамулықтардың үлесі мол болатыны даусыз.

Дүйсенбек ОРМАНОВ. журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар