Жала жабу, кісі ақысын жеу, адам өлтіру және басқа да қиянат түрлерін жасаушылар оның ащы «жемісін» өзі немесе ұрпағы көреді. Қиянат ешқашан қырын кетпеген. Оны өмірде болған оқиғалардың мәніне терең үңіле қарап, түйсіну қиын емес. Басы бар тірліктің аяғы да болары сөзсіз. Ал, жақсылық жасаған адамның өзі де, ұрпағы да оның дәмді жемісін татады. Оған да өмірден көрген-түйгені мол жанның әлдеқашан көзі жеткен. Қазақ «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп өте дәлдікпен айтқаны осы сөздерімізге дәлел. Сондықтан өмір-мектебінен жөндеп сабақ алғанға не жетсін?! Біз бүгін Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың үш қиянатқа тыйымы туралы келелі әңгіме өрбіткелі отырмыз. Біріншісі, иянат (жала жабу), екіншісі, һиямат (уәдеге опасыздық жасау), үшіншісі, аманат (аманатқа қылма қиянат). Осы үшеуінің біреуін бұзсаң, қиямет-қайымдағы орның – тозақ болмақ дейді. Ол қиянатты – ораза, намаз, пітір-садақа да жуып кетіре алмайды екен. Демек, күнәнің ең ауыры – қиянат. Осы жайлар турасында кеңірек білмек ниетімен «Әулиеата» қалалық мешітінің бас имамы, «Һибатулла Тарази» орталық мешіті бас имамының бірінші орынбасары Ахметжан Керімбекті сөзге тарттық.
– Жала жабудың қиянат екені белгілі. Бұған беті шімірікпей баратындар да жоқ емес. Әйтеуір, аяқтан шалуды ойлаған арамзаның тірлігі емес пе бұл?
– Иә, ондайларға Алланың жазасы жеңіл емес. Хадистегі «бүһтан» сөзінің мағынасы: бір кісінің бойында болмаған нәрселермен айыптау. Яғни, жала жабу. Ал, кісінің сыртынан айып тағу қаншалықты ауыр күнә екенін Құран Кәрімде былай баяндайды: «Жала жабу – адам өлтіргеннен де ауыр күнә». Міне, тілдің адам баласына тигізер пайдасы қанша болса, залалы да сонша. Сол себептен де, қазақ «жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деп бекер айтпаса керек. Ибн Масғұд (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім бір кісіні ғайбаттап тамақтанса, Алла ол кісіні жаһаннам азабымен соншалықты тамақтандырады. Кім бір кісіні ғайбаттап бір нәрсе киінсе, Алла тағала дәл соның қарсылығын кигізеді. Кім де кім бір кісіні мақтап, риа (көрсету) үшін ғайбаттаса, Алла тағала ол кісіні қиямет күні масқаралайды», – дейді. Яғни, осы дүниеде қандай мақсатпен ғайбат айтқан болса, соған қарап жазасын тарттырады. Хадисте үш түрлі адамның кейіпін баяндаған. Біріншісі, бұл дүниеде ғайбатшы біреуді жамандап нан тауып жесе, уақыт сағаты жетіп, ішкен асы басына таяқ болып тиеді. Ал қияметте, Алла тағала оны ғайбат айтып жүріп тапқан асы мөлшерінде жаһаннам азабынан, жанып тұрған оттан асатып, жазалайды екен. Екіншісі, бұл дүниеде ғайбатшының біреуді жамандап жүріп киген киімі, уақыт сағаты жетіп, киінген киімі басына пәле болып жабысады. Ал қияметте, Алла тағала оны ғайбат айтып жүріп қанша киім киінсе, сол мөлшерде жаһаннам азабынан, жанып тұрған оттан үстіне киім кигізіп жазалайды екен. Үшіншісі, ғайбатшы бұл дүниеде біреуді жамандап, белгілі бір дәрежеге, билікке жетуі мүмкін, ғайбат айтып, айламен жеткен сол лауазымы уақыт сағаты жетіп, басына пәле болып жабысады. Ал қияметте, Алла тағала оны ғайбат айтып жүріп жеткен абыройы мөлшерінде жаһаннамда жанып тұрған отқа отырғызып жазалайды екен. – Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді бекер айтпаған ғой. Бірақ, оның мәнісін ұққысы келмейтіндерге не деуге болады? – Асыл дініміз ғайбат айтуды ғана тыйып қана қоймай, оны тыңдауға да тыйым салады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қасас» сүресіндегі 55-аятта: «Бос (бейбастақ) сөзді естісе, олар одан теріс айналады», – делінеді. Демек, ғайбат айтқан кісінің қасында тұрып, оны ескертіп тоқтатпай тұра берген адамның ғайбатшының күнәсінен үлесі болады. Ал, момын мұсылмандардың сипатын «Мүминун» сүресінің 3-аятында: «Олар бос сөзден аулақ болушылар», – деп баяндайды. Мұсылман өсек-аяң, өтірік, ғайбат, т.б. сол сияқты жат істерден басын аулақ ұстағаны жөн. Адам баласын махшарда Алла тағала бір-бірлеп сұраққа тартқаны сияқты, адамның әрбір ағзасы да сұралады. «Исра» сүресінің 36-аятында Алла тағала: «Өзіңе беймәлім нәрсенің соңына түспе. (Қияметте) көз, құлақ, жүрек (қылмыстары) туралы да сұрақ болады», – деген. Бұл аятта тек қана адам емес, күллі адамзат баласының ағзалары да сұраққа тартылатындығына бір дәлел. Имам Раббани хазреттері былай деген: «Өтірік айту және жала жабу харам болып табылады, бұлардан сақтану керек. Бұл екі жамандық барлық діндерде де харам еді. Жазалары өте ауыр» (3-том, 34-хат). «Жала жабу – үлкен күнә және үлкен жамандық. Мұнда өтірік айту да бар, ал өтірік айту барлық діндерде харам еді. Жала жауып, мұсылманды ренжіту де бар, бұл да бөлек харам. Бұлардан басқа, жала жабу жер бетінде бүлік шығаруға, қоғамды бұзуға себеп болады, бұл да харам болып табылады» (3-том, 41-хат). – Бір үлкен мекемеде басшылық қызметте болған кісі қылмысты әрекеттердің жолын кесіп, әділеттіліктің салтанат құруына бар білім, күш-жігерін жұмсайды. Оңай олжаға кенеліп жүрген топ оған қастандықпен жала жабуды ойластырып, ірі көлемдегі ақшаны «пара сұрады» деп, көлігіне әкеп тастайды да полицияға ұстатады. Жылдан астам уақыт бойы кінә тағуға дәлел таппайды. Қиянат жасаған арамза топтың басшысы да, оған қатысы барлар да өз бастарының қайғысымен быт-шыт болып, жан-жаққа тентіреп кетті. Кейбірі төтеннен айықпас дертке душар болып, көп ұзамай ана дүниеге аттанды. – Алла тағала пенденің ниетіне қарай «сыбағасын» тарту етеді. Сіз тұспалдап айтқан оқиғадан мен де хабардармын. Жала жабуға білек түре кіріскен марқұмның алдымен өзінің ұрпағына кесірін тигізгенін де білемін. «Қиянатқа барғанның ақыры болмайды» деген сөз осындайдан кейін айтылғаны ақиқат. – Кеңес заманында қолында билігі бар бір азаматтың қарамағындағыларға зәбір көрсеткенін, оларға өздеріне тиесілі жаңа мүлікті берер алдында қомақты мөлшерде пара талап ететінін естідім де, көрдім де. Бұл – кісі ақысын жеу. Оның басқа да қиянаттары жетіп артылатын. Сонда жұрт «мұны түбі көпшіліктің көз жасы сау жібермейді» деген еді. Таңқаларлығы, елдің осы айтқаны өмірде дәл келді. Қиянатшыл жан ұзақ ғұмыр кешті. Есесіне, кезінде кісіге жасаған зорлық-зомбылығы, арам жолмен тапқан байлығы – оны бақытсыздыққа әкелді. Ол қарттығын қорлықпен, азаппен өткізді. Осыған қарап-ақ, жұртшылық ой түйе білсе ғой... – Мұсылман адалымен тапқан нәсібесіне тәубе деп отыруы керек. Астамшылық, дандайсу алысқа апармайды. Екі дүниеде де ол лайықты жазасын алады. Сондықтан да әрбір пенде не істесе де Алла ұсынған хақ жолынан таймауы тиіс. Құдайдан қорықпай, қиянатқа саналы түрде ұрынғандар еш жазасыз қалуы мүмкін емес. Алла барлық істі таразылап, елеп-екшеп, уақыты келгенде өз шешімін шығарып отыратынын естен шығармаған абзал. Мұсылмандарға жаман ойда болу – зұлымдық жасау, мүліктерін тартып алу және көре алмаушылық, жала жабу, өтірік айту, ғайбаттау харам болады (Хадиқа). Хадис шәрифтерде былай делінген: «Бір адам бір мұсылман жайында ол істемеген бір нәрсені айтса, жалаға ұшыраған адам оны кешіргенге дейін Алла тағала оны тозаққа тастайды» (Әбу Дауд). – Уәдеге опасыздық жасау тұрғысында тілге тиек етсеңіз. – Мың рет уәде бергенше, бір рет уәдеңді орындаған артық. Уәдеде тұру – адамдықтың және адами құндылықтарды білудің белгісі. Уәдесін орындауға ықыласты болу – имандылықтың, ал сөзінде тұрмау – екіжүзділіктің белгісі. Уәдеде тұрмау да ашуға себеп болады. Өтірік уәде беру харам. Мұндай уәдені орындамау да бөлек тағы күнә болады. Орындау болса, әуелгі өтірікшілік күнәсін жояды. Бұзық, дұрыс емес сауда да осылай. Мұндай сауданы бұзу, бас тарту уәжіп болады. Бұзып, тәубе етсе, күнәлары қалмайды. Мұндай сауданы тоқтатпаса, күнә екі есе болады. Уәдеде тұру керек. Хадис шәрифте: «Екіжүзділіктің белгісі үшеу: уәдеде тұрмау, өтірік айту, аманатқа қиянат ету» делінді. Уәдеде тұруға күші жетпесе, екіжүзділіктің белгісі болмайды. Өзіне мал-мүлік немесе сөз, сыр аманат етілген адамның бұларға қиянат етуі екіжүзділік болады. – Ал, аманатқа қиянат ету жайлы таратыңқырап айтсаңыз, дұрыс болар еді. – Қиянат та үлкен харам және екіжүзділіктің белгісі. Қиянаттың терісі – аманат, адал, сенімді болу. Қиянат – өзін өзгелерге сенуге болатын, адал адам ретінде танытып, кейін сол артылған сенімді ақтамайтын тірлік істеу деген сөз. Бұл өте жаман мінездердің бірі. Қиянатшы – аманатқа қиянат жасайтын, жамандық жасайтын адам. Мұсылман болсын, кәпір болсын кез-келген адамға қиянат жасау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Сенімді болмаған адамда иман жоқ. Уәдесінде тұрмаған адамда дін жоқ» делінеді. Бұл хадис шәрифті әһли сүннет ғұламалары «аманатқа қиянат жасаған адамның иманы кәміл болмайды, бұл нәрсеге мән бермесе иманы кетеді» деп түсіндірген. Қиянат жасау адамдардың ренжуіне алып келеді, бұл өз кезегінде харам және екіжүзділіктің белгісі болып табылады. Аманат пен қиянат затта, мүлікте болатыны секілді сөзде де болады. Мұсылман – аманатты, сенімді ақтайтын, қиянат етпейтін адам деген сөз. Өзіне аманат етіп тапсырылған ешбір нәрсеге қиянат етпейді. Пайғамбарымыздың айтқаны секілді: «Мұнафиқтың (екіжүздінің) үш белгісі бар: өтірік айтады, сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат етеді». Аманат жайлы хикаяда бір кісі ғұламадан «Исм Ағзам (Алла тағаланың ұлық есімі)» дұғасын үйретуді өтінеді. Ғалым бұл үлкен жауапкершілік екенін түсіндірмек болады. Бірақ, әлгі мұсылман қолқалап қоймаған соң, ғалым: «Егер мына затты пәлен ауылдағы бауырыма апарып берсең, мен үйретейін»,– деп келіседі. Ол қолына беті жабылған темір торды алып, жолға шығады. Жолдың жартысына келгенде, ішінде не бар екен деп қызық көріп, тордың есігін ашпақ болды. Бірақ, райынан қайтады. Дегенмен, межелі ауылға жақындағанда бойын қызығушылық жеңіп, жабылған торды ашады. Тор ішінен пыр етіп шымшық ұшып шықты да, көзден ғайып болды. Ертесіне ғұламаға реніш кейіппен келіп: «Сіз бір маңызды зат берген екен десем, бала сияқты қолыма құс ұстатып жіберген екенсіз»,– дейді. Сонда ғалым: «Торға салып берген құсқа ие бола алмасаң, «Исм Ағзам» дұғасын қалайша саған аманат етіп табыстаймын»,– деген екен. Аманаттың үлкен-кішісі жоқ. Иә, кісінің «аманат» деп қолыңызға табыстаған заты да аманат. Сіздің тәніңіз де, кеудедегі жаныңыз да Алла тағала уақытша берген аманат. Соның ішінде бала тәрбиесі де үлкен аманат. – Мысал келтіріп айтқаныңыз әрі әсерлі әрі естен шықпай, сақталатыны кәміл. Тағы бір хикаяны әңгімелесеңіз. – Бір тақуа адамның гүл жайнаған бақшасы болыпты. Осы бақшаның жемістерінен кедей-кепшіктерге, мұқтаж адамдарға арнап үлес беріп, Алланың разылығын алуға ұмтылатын еді. Алайда, қаншалықты таратып отырғанымен, соншалықты бақша жемістері ешбір таусылмайтын, яғни, бүгін бір шелек таратса, ертеңінде Алланың құдіретімен орнына екі есе жеміс-жидектер шоғырымен толығып отырды. Жаратқанның бергеніне шүкіршілік, қанағат етіп, бұл қарт игі дәстүрін жалғастырудан танбады. Ол: «Осы бақта Алланың жаратқан бөгде пенделерінің де ризық, үлесі де бар», – деп қарақан басы үшін ғана игіліктенбей үнемі жомартттық жасаушы еді. Ұлы Аллаға деген ақ ниет ғибадатымен бірге, яғни, шариғат амалдарын орындаумен қатар салиқалы әрекеттері арқылы да Алланың құзырына жақындауды мақсат тұтқан қарттың өмірі өнегеге толы болды. Ұлы Жаратушы бұл мұсылманды екі ғұмырда жарылқап, жазмыштағы мерзімі жеткен мезетте өз тарапына қайтарды. Тақуа қарт дүниеден озған соң, бір ашкөз адам оның ұрпақтарына басқыншылық жасап, әсем бақты тартып алды. Ол ешқашан таусылмайтын жемістерінің, өнімдерінің молдығына құнығып, өктем күшіне сеніп, «түгесілмейтін бақша» иесі болуды армандады. Алайда, аты аңызға айналған сыры тылсым бақша әлгі қанағатсыз адамның қолына өтісімен ешбір өнім бермей, сарғаюға айналып, бір қалыпты күйге енді. Бөлекше мақсатты көздеген ол қиялдаған арманына жете алмай, іш-құса болды. Алла тағала алдында қиянатпен тартып алған дүниесінің қайыры болмай, ешкімге беймәлім жан азабын тартты. Жеті түнде ел тегіс ұйқыға бас қойған сәтте іргедегі бақшада қорқынышты, бір түрлі құбылыстар болып, адам жаны түршігетіндей өзгеше дыбыстар шығарып, ашкөздің тамағын белгісіз бейнелер тұншықтырды. Зұлым адамның түнгі ұйқысы төртке бөлініп, қасіретке көміліп, соңында түні бойы азаптанатын еді. Бұдан құтылу үшін басқа жерге уақытша тұруды ойлап, бас сауғалады. Алланың жазасы әркімге дүниенің қай тарапынан да жететіндіктен, зұлым барған жерінде де түн қараңғысы қоюланғанда құлағына үздіксіз келе беретін қайғылы дыбыстан, жан, ар азабынан құтылмады. Аяғында сол бақтың заңсыз иесі болғандығына өкініп, оны өртеп жіберуді ойластырды. Өзгеге деген қиянат қашанда өзінің алдынан айна-қатесіз қайталанатыны тірлік таразысындағы хақиқат. Сондықтан Хақ иесінің пәрменімен әлгі адам бақты да өртеуге жетпестен, өзінен-өзі ақыл-санасынан айырылып, диуана құсап дала кезіп кеткен екен. Мұсылман қолымен қаланған, жайқалған бау-бақша тақуаның ізгі мұрагерлерінің өз еншісіне өтіп, әуел бастағы мәуелі, берекелі қалпына еніпті. – Тағылымы мол әңгімеңізге рахмет.
Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді