Әндері жақын жүрекке...

Әндері жақын жүрекке...
ашық дереккөз
Әндері жақын жүрекке...

 Өнер тәуекелді талап етеді. Алайда, ел ішінде жүріп, тұла бойындағы Алла тарту еткен дарынды, талантты елі үшін сығымдап бергенімен, еңбегі көбінесе елеусіз қалатын азаматтар бар. Әлбетте, бұл қарапайымдылықтың белгісі.

Тұла бойындағы дарынын қарымына қарай пайдаланғанымен елде елеусіз жүре берген Қуандық Кенжебаев жасы жетпісті алқымдағанша жиырма шақты ән жазыпты. Алайда, соның тек біріне ғана авторлық құқықты қорғайтын сертификат рәсімдепті.

Төл туындылары әндерін баянда бебеулетіп отырып жазатын ол алдымен еңбек жолын Талас ауданына қарасты Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастаған. Сол кезде көркемөнерпаздар үгіт бригадасын ұйымдастырып, ол ұжым 1965 жылы Алматы қаласында өткен «Ауылдың алтын жұлдыздары» атты дәстүрлі шарада «Тараз жастарының вальсі» әнін ауыл өнерпаздары нәшіне келтіре шырқады. «Талас толқыны» ансамблі 1982 жылы іргесін қалады. Сол кезде ару қала Алматыдан арнайы балетмейстер шақырды. Мен музыкант болдым. Әндерімді таңдап алдық, одан бөлек Талас туралы ән жазу қажеттігі туындады. Ол ән жазылды. Жер-жерлерде шырқалды да. Сөзін Нарша ақын жазған ән кейіннен көпшілікке де ұнады. Әндерімнің барлығын да баянмен шырқаймын. Баянның сүйемелдеуімен жазамын. Әндерімнің сөзінің денін ақындар жазғанымен, «Астанам менің», «Кішкентай ғана бөбегім» әндердің мәтінін өзім жазғаным бар. Осы уақытқа дейін жазған әндеріме авторлық құқық алмаппын» дейді өнер иесінің өзі. Тұла бойынан нәзік те сырлы, лирикалық, патриоттық әндердің лебі есіп тұратын Қуандық ағаның туған жерге тағзым ретінде жазылған «Таласым» әнін бүгінгі таңда жұртшылық Ж. Тілеубеков. К. Арынов. О. Сандықбаев үштігінің орындауында телеарнадан да, радиодан да тыңдап жүр. Бүгінгі таңда Қуандық Кенжебаевтың елордамызға арналған «Астанам» әнін Роза Рымбаеваның ағасы Ғалым Рымбаев бебеулете шырқайды. «Бүгінде елге танымал болған композитор Әуезхан Салабековті тәрбиеледім. Көктем фестивалінде мен музыка мектебінде жүргенімде Сәрсенбек Бәкір де жарқырап көріне білді. Бүгінде бұл азаматтарды елдің бәрі таниды. Тамаша әндері елдің көкейінде» дейді Кәкеңнің өзі жұмыс жасаған жылдарын еске алып. Иә, ұзақ жылдар бойы Талас ауданының өнер саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан Қуандық Кенжебаевтың атқарған жұмысы аз емес. Өнегелі отбасын басқарып отырған ағамыздың әндері кезінде «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде жарияланды да. Қуандық Кенжебаев балалар тақырыбынан да алшақтаған емес. Оның «Кішкентай ғана бөбегім», «Достарым», «Қысқы кеш», «Біз бақытты баламыз» секілді әндерін бүгінде оқушылар да нәшіне келтіре орындауда. Нарша Қашаған, Әскербек Құйқабаев, Абдрахман Асылбеков сынды ақын азаматтармен шығармашылық тандем құра білді. Алдымен сөзге мән беретін ағаның әндерінің сапалы шығуының бір себебі де сол – сөзін кәсіби мамандар жазғандықтан шығар... Қуандық Кенжебаев өмірін мәдениет саласына арнаған жан. Оның әдемі, әуезді әндерінің барлығы да құрметке лайық. Талас ауданының мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтың осы күнге дейін тым болмағанда ауданның «Құрметті азаматы» атағын алмағанына таңқалдық. Жоғарыда айтқанымыздай, адамның бойындағы кішіпейілділік, қарапайымдылық қасиеттер кейде азаматтың қалтарыста қалып қоюына әсер етеді. Ауданды басқарып отырған азаматтар тым болмағанда өңірдің азаматын қолдап, оған «Құрметті азамат» атағын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені еткен еңбектің өтеуі болғаны дұрыс қой. Бүгінде мерейлі жасқа келіп, отбасын ұйытып отырған ағамыздың еңбегі еленетініне сенім білдіргіміз келеді...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

 Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар