Парасат-пайымның парқы қандай?

Парасат-пайымның  парқы қандай?
ашық дереккөз
Парасат-пайымның парқы қандай?

Масат Берік, «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі.

«Nur Otan» партиясы өзінің 20 жылдық тарихында талай игілікті іске ұйытқы болып, баянды бастамалар мен жарқын жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл тұрғыда саяси науқандардың салмағы бөлек. Мұның бәрі де түптеп келгенде аймақтардың дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі қадамдар екенін көпшілік жақсы түсінеді. Ең бастысы партия өмір көшінен қалып қойған жоқ. Керісінше уақыт тынысын сезіне отырып, үнемі алға қарай аршынды адымдар жасауда.

[gallery size="large" link="file" bgs_gallery_type="slider" ids="120997,120998,120999"]

Баршаға белгілі, 2019 жылғы 21 тамызда өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасын ұсынған болатын. Партия жұ­мысын жүйелі жаңғыртуға бағытталған құжатқа сәйкес еліміздің ең іргелі саяст күшінің тыныс-тіршілігінде оң өзгерістер басталып кетті. Қазіргі таңда ұйымдастырылып жатқан праймериз – осы сөзіміздің бір дәлелі. Жалпы, праймериз әлем елдерінде бұрынннан бар тәжірибе. Оның ағылшын тілінен аударғандағы мағынасы бастапқы сайлау дегенге саяды. Алғаш рет праймериз XIX ғасырдың ортасында Америка Құрама Штаттарында сынақтан өткізіліпті. Франция, Италия, Аргентина, Уругвай, Канада, Германия, Түркия, Ирландия сияқты мемлекеттер де танымал тұлғаларды іріктеудің түрлі әдістерін қолданды. Тіпті, көршілес Ресей мемлекеті де праймериз өткізген елдер санатында. Ал «Nur Otan» партиясы барлық елдердегі тәжірибелерді зерделей келе, праймеризді кең көлемде өткізуге шешім қабылдады. Айта кету керек, біз бұл іске бірден кірісіп кеткен жоқпыз. Аталмыш жұмыс тәсілі партия практикасында бұрын да болған. Алайда ол дәл қазіргідей деңгейде қолға алынған емес еді. Сондықтан да әуелі пилоттық жоба қолға алынып, 2019 жылғы 23 қазан мен 21 қараша аралығында еліміздің 14 қаласы мен ауданында партиялық кадрлық резервке кандидаттар дәл осылай іріктелді. Бұл «жеті рет өлшеп, бір рет кесудің» қарекеті еді. Нәтижесінде, жоба өз тиімділігін дәлелдеді. Түптеп келгенде, праймериз – демократиялық жаңғырудың бір көрінісі. Осы орайда «Nur Otan» партиясы санасы сергек, жауапкершілігі жоғары, елінің ертеңіне бейжай қарай алмайтын әрбір азаматтың өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашты. Мәнді мәселелерді қозғау үшін мінбер ұсынды. Тіпті, әлеуметтік квота белгілеп, әйелдер қауымының, қандастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жастардың қызығушылығы мен белсенділігін арттырды. Ашықтық деген осы емес пе? Праймериздің басталуына байланысты жасаған Үндеуінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Билік партиясының «қайта жаңғыруының» нәтижесі ел бойынша ауқымды праймериз өткізу болады. Бұл – партияішілік сайлау. Бұл – шынайы әлеуметтік лифт. Бәсекелі таңдау, тың идеялар мен жобалар іздеу. Көптеген танымал саясаттанушылар мен белсенділер аталған идеяны қолдады. Бұл «Nur Otan» жақтастары лигасына біріккен және реформаларға қатысуға даяр белсенді азаматтық позициясы бар азаматтар. Ашық және есеп беретін партияішілік сайлау үшін қажетті жағдайды біз жасадық. Ең бастысы – ашықтық пен адалдықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндіктер мен бәсекелестікті қамтамасыз ету», – деп атап көрсеткен болатын. Жергілікті БАҚ беттерінен оқып-біліп отырғанымыздай, бүгінде праймеризге қатысу үшін облыс бойынша 789 кандидат тіркелген. Үміткерлердің 227-сі 35 жасқа дейінгі жастар екен. Мағжан ақын сенім артқан «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай құсты қанатты», бастамашыл жастар шоғырының қалыптасып келе жатқаны бізді қуантады. Дана халқымыз ежелден өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөліп, дұрыс бағдар беруге ұмтылған. «Қой асығы демеңіз, Қолға жақса сақа ғой, Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой», «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу», «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер» деген мақал-мәтелдер осы сөзімізді нықтай түскендей. Байырғы бабалардың өмір жолына қарасақ та осындай сабақтастықты байқаймыз. Мысалы, Төле би 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиындарына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнерінің арқасында таныла бастаған. Ал ұлы ақын Абай Құнанбайұлы 13 жасынан ел билеу ісіне араласады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ендеше, осындай ұлы тұлғалардың ізін басқан бүгінгі буынға неге сенім артпасқа? Заман талабына сай білім жиған, ілкімділікпен ілім қуған, бос уақытын тиімді мақсаттарға арнай білетін, жақсылардың жарқын жолын жалғай білетін жастардың саяси маңызы зор шарадан жарқырап көрінуіне тілектеспіз. Енді аға буынға қарай ойысайық. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер қатарында белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергенді байқап отырмын. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында жемісті еңбек етіп, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары деңгейіне көтерілген, «Jambyl» телеарнасын біліктілікпен басқарып, бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің тізгінін ұстап отырған Мейрамбек Мылтықбайұлы халық қалаулылары қатарынан көрінуге әбден лайықты азамат деп білемін. Оның үстіне ол облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де өзекті мәселелерді қозғап, сайлаушылардың сенімін ақтай білген жан. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, дертіне дауа іздеген талай жанға көмек қолын созып жүрген іскер басшы, «Мейірім» медициналық орталығының құрылтайшысы Гүлдара Нұрымова да саяси додада бақ сынауға бекінген екен. Несі бар? Қашанда қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, іскер әйелдер қауымдастығының басы-қасынан табылған Гүлдара Алданышқызының ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін жұртшылық біледі. Ол пандемия кезінде де мұқтаж жандарға көп көмегін көрсетті. Сондықтан да осындай қыз-келіншектер Парламент Мәжілісінің депутаты болуға әбден лайықты деп есептеймін. Жастайынан іскерлігімен көзге түсіп, мемлекеттік қызметте әбден ысылған, бүгінде Мойынқұм өңірін басқарып отырған отырған Мәден Мұсаев та мәртебесі биік, ел-жұрты сыйлай білетін азаматтардың бірі. Мәден Тоқтарбайұлы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып тұрған уақытта Әулиеата өңіріндегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына сүбелі үлесін қосты. Өмірлік жиған тәжірибесі мол, қандай жұмыста болмасын қажыр-қайратымен халықтың ықыласына бөленіп азаматтың алар асуы мол болғай! Жоғарыда аталған айтулы азаматтар еліміздің жоғары өкілетті органында өңіріміздің өсіп-өркендеуіне қатысты өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, оң шешім табуына ықпал жасайды деген зор сенімдеміз. Расында да тұңғыш рет кең ауқымда өткізіліп жатқан «Nur Otan» партиясының праймеризі азаматтық қоғам институтының дамуына тың серпін берді. Осылайша, еліміздегі сайлау жүйесі демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Іске сәт дейміз.

Ұқсас жаңалықтар