- Advertisement -

«Жері бардың малы жоқ, малы бардың жері жоқ»

141

- Advertisement -

Ел экономикасының да, халықтың әл-ауқатының артуы да асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Содан да болар, бүгінде елімізде агросекторға баса назар аударылып жатқаны баршаға мәлім. Тіпті, партияішілік іріктеуде бақ сынап жатқан азаматтар да осы саланы өркендету туралы ойларын іркіп қалған емес. Біз өз кезегімізде облыс әкімінің кеңесшісі Мұратхан Шүкеевпен ауыл шаруашылығындағы табыстар мен назар аударатын өзекті мәселелерге ден қойдық.

– Мұратхан Жүнісәліұлы, өңір шаруалары үшін ең ыңғайлы жоба ретінде енгізілген пилоттық жоба бізге не берді?
– Облысымызда елді мекендердегі тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында пилоттық жобаны қолға алынған. Оған республикалық бюджеттен 7,2 миллиард, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініп, 10 ауылдық округтегі 11 елді мекенде жоба аясындағы жұмыстар басталып кетті. Сол жоба шеңберінде 2489 өтінім қанағаттандырылып, «Тараз» микрокредиттік ұйымынан 2,5 пайызбен қаражат беріліп, мал басы сатып алынды. Шаруалар негізінен өз ыңғайларына қарай жылқы, мүйізді ірі қара, қой, тауық алды. Одан бөлек 1 миллиард 271 миллионға ауыл шаруашылық кооперативтеріне техникалар сатып алынғанын айта кеткен ләзім. Пилоттық жоба республика бойынша біздің өңірде ғана жүріп жатыр. Оның артықшылығы сол, шаруалар несиені екі жарым пайызбен алады. Бұл шаруа қожалықтар үшін өте тиімді.
– Несие алған шаруа қожалықтары үшін бір жыл демалыс бар деседі…
– Иә, бір жыл демалысы бар. Одан кейін тиімді төлемдерді төлеуді бастайды. Мұның тағы бір басымдығы бар. Екінші деңгейлі банктер кепілдікке қойылатын дүниені қаладан сұраса, оның талаптары жоғары болса, мына несиені алып жатқан ауыл азаматтары өз үйлерін де, техникаларын да қоя алады. Үйдің жылына да қарамайды. Мұндай тиімділік ауылдың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Біріншіден, мал басы көбейеді, екіншіден, өндірілетін өнім артады. Ең бастысы алынған өнім тұрғындардың азық-түлікпен қамтылуына ықпал етеді. Одан бөлек үй іргесіндегі жерлерде қажетті дақылдар егіледі. Ол өнімдердің артығын кооператив арқылы жинап, тұтынушыларға ұсынады. Қазірдің өзінде біраз көкөністер аудан орталығындағы базарларға беріліп, халыққа тиімді бағамен (15-20 пайыз төмен) өткерілуде.
Бұдан бөлек пилоттық жоба арқылы жылыжай құрылысына 220 сотық жерге 138,1 миллион теңге несие берілді. Қазіргі кезге дейін 10 жылыжай салынып бітті. Олар тиісті дақылдарды егуге дайын. Қысқасы, қолға алынған жұмыстар нәтижелі болған жағдайда жоба өз жалғасын табатыны сөзсіз.
– Саладағы негізгі проблемалардың бірі егістік жерлерді дұрыс пайдалана алмау болып тұрғаны мәлім…
– Иә, бүгінгі таңда облысымызда егістік жерлер толық тиімді пайдаланылып жатыр деп айта алмаймыз. Белгілісі бізде қазір 18 мың шаруа қожалық бар. Оның 70 пайызы 5 гектардан 50 гектарға дейін иелігінде жері бар шаруашылықтар екені мәлім. Шағын шаруашылықтар өнім өндіргенде де, ауыл шаруашылығына байланысты жұмыстарды атқарғанда да үлкен кедергілерге тап болады. Өйткені аз ғана жермен ғылыми негізделген ауыспалы егіс болмайды. Сондай-ақ техника сатып алу ісінде 5 гектар жері бар адамға 8-10 миллионның техникасын алу тиімсіз. Оны ақтау үшін ол кемінде ширек ғасыр еңбек етуі керек. Жаңа технология алуда да оларда кедергілер жеткілікті. Мәселен, суармалы жерді тамшылатып суару мақсатында құрал-жабдықтар алу да оларға қиын соғады. Сондықтан бұл мәселені шешудің төте жолы – кооперация құрып, соған бірігу. Сонда ғана жер көлемі ұлғаяды, ғылыми негізделген ауыспалы егістікті де жүзеге асыруға мүмкіндік туындамақ.
Тағы бәр мәселе: кезінде кейбір азаматтар егістік жерлер мен жайылымдық жерлерді өздеріне рәсімдеп алған. Алайда олар сол жерді бүгінде пайдаланып жатқан жоқ. Кейбірі жақсы бір шаруа қожалықтарға жалға беріп, қарап отыр. Мәселен, кейбір аудандарда жайылым жер беруге мүмкіндік жоқтығы айтылады. Бірақ мәселені біз зерделеп көргенімізде, бірнеше шаруа қожалықтардың атында үлкен көлемде жерлер бар екенін білдік. Алайда өздерінде тіркелген бірде-бір мал жоқ. Қысқасы, жері бардың малы, малы бардың жері жоқ боп тұр. Президенттің өзі жердің ешкімге сатылмайтынын, мораторий атаулының алдағы жылдан бастап тоқтайтынын айтты. Мораторий тоқтатылған жағдайда жер өз иесін табуы тиіс. Іскер азаматтар сол жерлерді алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттырғаны жөн. Еліміз аграрлы мемлекет болған соң тек өзімізді қамтып қана қоймай, өнімді сыртқа шығаратын да әлеуетке иеміз. Сол үшін де жерді дұрыс пайдаланған дұрыс. Сонда біз экспортты екі жарым есеге көбейту туралы берілген тапсырманы орындайтын боламыз. Ол үшін майлы дақылдарды, көкөністі егіп, үдемелі алма бақтарды көбейткеніміз дұрыс болмақ. Бастысы бізде көкөністі екі айналымда да өсіруге, өндіруге мүмкіндік мол.
Облысымызда ғылыми негізге негізделген ауыспалы егісті дұрыс қолданбайды. Мәселен, бір ғана Тұрар Рысқұлов ауданындағы 3-4 шаруа қожалық он екі мың гектардан артық жерге ие. Соның елу пайызын парға қалдырады. Бұл дегеніміз жерді тиімді пайдаланбаудың бір түрі. Мұндай жағдай өзге де аудандарда кездеседі. Бұл мәселені ретке келтіруіміз керек. Сондай-ақ тұқым шаруашылығын қалпына келтіру де өзекті мәселе. Оны да назарда ұстаған абзал. Мұнымен қоса әр ауданда тұқым инспекторы болуы шарт.
– «Алқаптан-сөреге» жобасы елге не береді?
– Бұл жоба бойынша мемлекеттен несиелер бөлініп, тиісті келісімшарттар жасалды. Мұның ең тиімді тұсы ортада делдал болмайды. Баға несие берілген кезде белгіленеді. Сол бағадан асырмайды. Бұл жұмыстар да облыста ұйымдастырылып, атқарылып жатыр.
– Ағын су жетіспеушілігі жылда айтылып жатады ғой. Бұл мәселені шешудің жолдары бар ма?
– Жалпы өңірде 178 мың гектар суармалы жер бар. Алайда оның 90 мың гектары ғана толыққанды сумен қамтылады. Қираған лотоктар, тазаланбаған каналдар, су жүйелерінің бұзылуы секілді факторлар кездеседі. Оның бәрін реттеу облыста жасалған үш жылдық бағдарламада қарастырылған. Бұл іспен айналысу үшін құрылған механикалық отрядтардың алға қойған мақсаттары бар. Жұмыстар жүргізілуде. Ең басты мәселе – біз трансшекаралық өзендердің бойында отырмыз. Судың 70-80 пайызы Қырғыз Республикасынан келеді. Бірінші кезекте қай мемлекет болсын бірінші өзінің ішкі сұранысын қанағаттандырады. Содан кейін қалған суды жібереді. Осылайша белгіленген келісімшарттарды қырғыздар жағы бұзып жатады. Мұнымен қоса Тянь-Шаньдағы мұздықтар азайып барады. Бұл да су тапшылығын туындатуда. Өзекті мәселені шешудің төте жолы – тамшылатып, жаңбырлатып суаруға көшу және жер асты суларын пайдалану. Жер асты суларының қоры өңірімізде жеткілікті. Тастың үстіндегі Израиль елі сол технология арқылы өнімді екі есеге арттырып отыр. Мұның бәрі де сол ірілендірумен байланысты екенін қайта айта кеткен жөн шығар. Өйткені барлық дүние бір-бірімен тығыз байланысты.
– Өңіріміз мал етін экспорттаудан алдыңғы орында тұр. Бірақ неге өзімізде мал еті қымбат?
– Мал етін экспорттауда біз араб елдеріне қозы еттерін шығарып жатырмыз ғой. Олар өңірде қалыптасқан бағадан 20 пайыз жоғары бағамен алады. Сондықтан етті экспортқа шығару тиімді. Еттің бағасының көтерілуі жем-шөптің бағасының артуымен де байланысты. Мұны да шешудің жолдары бар. «Алқаптан-сөреге» деген сияқты шаруа қожалықтар өз өнімдерін тікелей сататын мүмкіндікке ие болса, еттің бағасы түседі. Қазір шаруалар ала таңнан базарға тиімді бағамен өткізгенімен, саудагерлердің қосқан бағасы жаға ұстатады. Мұны да реттеу керек.
– Қазір партиялық ішкі іріктеу жүріп жатыр ғой. Сол праймеризге өзіңіз де қатысып жатырсыз. Айтыңызшы, ауыл шаруашылығы саласында күйіп тұрған, шешімін табуы тиіс үш мәселе деп сіз нені айтар едіңіз?
– Жоғарыда айтқанымдай: жерді тиімді пайдалану, шаруашылықтарды ірілендіру, сосын мал шаруашылығында отандық селекцияны қалыптастыру керек.
– Жерді тиімді пайдалану мәселесіне келсек, ол үшін жер кодексіне өзгеріс енгізу керек шығар?
– Міндетті түрде. Сонымен қатар, ірілендіру туралы заңға да өзгерістер енгізген жөн. Қысқасы, заңды күшейтіп, шаруаларды біріктіретіндей жағдай жасамаса, біз ауыл шаруашылығын ешқашан дамыта алмаймыз. Бұл мәселе әсіресе оңтүстік облыстар үшін өте маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support