- Advertisement -

МЕРКІДЕН… БАХРЕЙНГЕ «ҚазАгро» қазақстандық ет экспорттаушыларына жаңа бағыт ашты

102

- Advertisement -

16 14«ҚазАгро» Ұлттық холдингі қазақстандық мал шаруашылықтары үшін экспорттың жаңа бағытына жол ашты. Мысалы, биыл облыс шаруашылықтары қой еттерінің алғашқы партиясын Бахрейн Корольдігіне жібере бастайды. Сондай-ақ, етті Иран мен Қытайға экспорттаудың мәселелері де шешілуде. 

Тарқатып айтсақ, «ҚазАгро» холдингінің құрамындағы «ҚазАгроӨнім» АҚ еншілес компаниясы мен оның серіктес-экспортшы компаниясы «Empire Group Corporation» ЖШС-ның шақыруымен Бахрейн мал шаруашылығы мамандары елімізге келді. Сапардың мақсаты – республиканың ветеринарлық жағдайын зерттеу және мемлекетіміздің қой шаруашылықтары мен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының «Халал» стандарттарына сәйкестігін сараптау. Бахрейн Корольдігі азық-түлік және аграрлық сала комитетінің төрағасы Халед Әли Рашид Аламин бастап келген делегацияда мемлекеттік ветеринарлық қызметтің, карантиндік қауіпсіздік, логистика және бизнес қызметтерінің өкілдері де бар.
Іссапар барысында Бахрейн мамандары облысымыздағы бірқатар мал шаруашылықтары мен ет комбинаттарын аралап, онда қойларды бағу, ветеринарлық қауіпсіздік, инфрақұрылым жағдайымен, малды сою және етін сақтау ережелерімен танысты. 2020 жылға дейін қой шаруашылығы саласын дамыту жоспары шеңберінде қой етінің экспорттық әлеуетін жүзеге асыру үшін «ҚазАгроӨнім» АҚ өткен жылдан бері қой етін экспорттауды ұйымдастыру бойынша іс-шараларды іске асырып келеді. Компания мамандарының пікірінше, «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің көмегімен ашылып жатқан жаңа сату нарықтарының пайда болуы отандық шаруашылықтар мен қайта өндірушілердің жұмыс қуаттылықтарын күшейтуге ынталандырады.
Бахрейн мамандары Меркі ауданындағы «Племзавод «Меркі» АҚ шаруашылықтардың жайылымдықтарын аралап, өрістегі малдың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, делегация мүшелері «Мeat & Product Service» ЖШС және «Меркі-ет» ЖШС ет комбинаттарының мал сою орындарының жұмысымен және мүмкіндіктерімен танысты. Бахрейн мамандары ұсынылған мал бастарының қоңдылығын жоғары деп бағалап, өңірдегі малды бағу мен азықтандыру жағдайының экологиялық тұрғыдан мінсіздігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық қой етінің дәмі мен жұғымдылық қасиеттеріне жоғары баға берді. Малды союға байланысты ережелер мен шарттар бойынша ескертпелерін де айтты. Қазақстандық тарап ескертпелерді орынды деп тауып, оны жақын арада талапқа сәйкестендіруге міндеттенді.
Барлық қажетті шаралар дайын болғаннан кейін Меркі қойының етін Бахрейнге жеткізу тірі салмақта жүзеге асырылады. Одан соң тоңазытылған түрінде жөнелтіле бастайды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support