- Advertisement -

АҚКӨЛГЕ СУ ТОЛҒАНЫМЕН ЕГІСТІК КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯ МА?

81

- Advertisement -

«Су – тіршілік көзі» деп тегін айтылмаса керек. Оның шындығын күнделікті өмірімізден көріп те байқап та жүрміз. Талас ауданының аймағынан екі ірі өзен ағып өтіп, жасанды 15 су қоймасы бар болғанымен табиғатқа тәуелді. 2017 жылғы мол судан кейін биыл міне, үшінші жыл табиғаттың қуаңшылығымен ел есін таңдырып тұр. Талас бойындағы шаруашылықтар еккен жүгерілеріне су таба алмай қиналса, шабындық та мәз емес.


Алайда Ақкөл көлінің жөні бөлек. Сыйымдылығы 261 миллион текше метр су жинайтын айдынды көлде биыл бар-жоғы 80 миллион текше метр су бар деп есептеп отыр мамандар.
1971 жылы Ақкөл су бөгеті салынды. Оның ұзындығы 209 метр, ені 6 метр. Плотинаның биіктігі 8 метр, секундына 105 литр су өткізетін қабілеті бар. Көлдің мүмкіндігін ескеріп 1978 жылы Ақкөл су жүйелері каналымен суландыратын 1600 гектар суармалы алқап пайдалануға берілген. Өкінішке орай су жүйелері басқармасы тараған жылдары суармалы алқап игерусіз қалды. Қазіргі уақытта алқаптың небәрі 300-ден аса гектары ғана игеріліп отыр. Биыл 80 гектарға жүгері егіліпті. «Бекен» шаруа қожалығы көпжылдық шөп егіп, ауыл тұрғындарына арзан бағамен шөп дайындап беріп жатыр дегенді естіп қуанып қалдық.


— «Үмітсіз шайтан ғана»,- дейді «ҚазСушаруашылығы» аудандық мекемесінің басшысы Хамит Ахметов, — көзін тапса осы сумен де талай нәрсені тындыруға болады. Өкінішке орай ауыл халқы егін шаруашылығына иек артпауда. Әйтепесе ең болмағанда көп жылдық шөп егіп, шөпті сырттан сатып алмай, мал азығын дайындап алар еді ғой деп қыңжыласын. Мемлекетке рахмет, болашақты ойлап Ақкөл көлінің бөгенің жаңғыртуға қыруар қаржы бөліп отыр. Бөлінген қаржы 721 миллион теңгені құрайды. Осы қаржыға көлдің бөгенің биіктету, қас бетін нығыздау, Ақкөл ауылының ортасын жарып өтетін Аса өзенінің екі қапталын биіктетіп, бетондап, бекемдеу жұмыстары кіреді. Жоспарланған жұмыстың басталғанына үшінші ай. Бұл жұмысты «Арай строймаркет» ЖШС (директоры Мұрат Есибаев) қолға алғалы бері талай жұмыстың басы қайырылыпты.


Учаске басшысы Айтекеев Пәрімбектің қазірдің өзінде бөгеттің ұзындығын биіктетіп, енін кеңейтіп, суағарларын нықтап, өзеннің екі қапталын бетондап, қыруар жұмысты тындырған. Әсіресе бульдозершілер Манап Бақатов, Дүйсенбек Қарғабаев, эксковаторшы Бекібаев Алмас пен «Камаз» жүргізушісі Төреев Сейілхандар адал еңбек етіп, топ жарып жүр. Жұмыстың сапасы басты назарда көрінеді. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстың 55 пайызы атқарылған. Сәтін салса қоңыр күзге дейін негізгі жұмыстар аяқталмақшы. Құрылыс басында 22 адам еңбек етеді. Оның жетеуі ауыл тұрғындары.
Қыруар қаржы бөлінген Ақкөл көлінің болашағына ел де алаңдайды әрине. Ол үшін көлге суды жинауды ерте бастан қолға алған жөн деп есептейді. Әрі тозығы жеткен канал бойындағы шлюздерді қалпына келтіріп, суармалы алқапқа дренаждар жасап, көпжылдық шөпті егуді қолға алып, ауыл халқы белсенділік көрсетсе, бұл ауыл шөптен де жемістен де тарықпас еді-ау деп ойлайсың. Көршілес Сарысу ауданы сыйымдылығы небәрі 30 миллион текше метр су сиятын «Ынталы» су қоймасы маңайындағы 6 ауылды жүгерімен, көкөніспен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігін шешіп отыр. Ақкөл ауылының тұрғындары да ауыздарын қу шөппен сүрте бермей, су байлығын, оның әр тамшысын тиімді пайдалана білсе дейміз.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Ақкөл ауылы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support