- Advertisement -

«Абай Қордайға келіп кеткен» деген әңгіме қаншалықты рас?

178

- Advertisement -

Абай тағылымын таразылауға, Абай мұраларын зерттеуге әркім өзінше үлестерін қосуда. Ғалымдар ғылыми ізденістерін жалғастырса, ақындар Абайды әр қырынан жырлап, драматургтер жаңа шығармаларымен ерекшеленуде. Міне, жақында жазушы — драматург Болат Бекжанов «Абай –Ақмай» драмасын жазып шықты. Осы орайда тілшіміздің «Абай –Ақмай» драмасының авторымен сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.


– Болат Үмбетәліұлы, жаңа еңбегіңіз құтты болсын. Осы орайда сізге бірнеше сауалымыз бар. Бұл драмаңызда Абайдың Жетісуға, оның ішінде Қордайға келуі баяндалады екен. Осы даулы мәселе емес пе?
– Рахмет. Сиясы кеппеген осы драмамда Абайдың Алматыға, одан бергі Қордай жерінен келгені көрініс табады. Әрине, бұл даулы мәселе. Бірақ, біздің дәлеліміз де жоқ емес. Абайдың Қордайға келуі туралы белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтың «Асыл арналар» кітабында Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың сөзімен айтылады. Оны өз еңбектерінде қырғызстандық (түбі қордайлық) Құрмантай деген әдебиетші ғалым да растай түседі. Сондай-ақ, бұл сапардың растығын белгілі тарихшы ғалым Нысанбай Төреқұлов та, әдебиетші Рымғали Нұрғалиев те жазып кеткен. Ал Тұрсын Жұртбай болса, Рымғалиға қарсы мақала жазыпты. Бірақ, ол да келді — келмеді деген нақты пікір айтпайды. Тек не үшін келгені жөнінде дау айтады.
Негізі, Абайдың Қордайға келу себебіне мынандай болжамдар бар. Абайдың баласы Әбдірахман Омбыда әскери оқу бітіріп, Верный (қазіргі Алматы қаласы) қаласына қызметке келген. Әбдірахман Верныйда қайтыс болғаны жөнінде де бүкіл әдебиет зерттеушілері жақсы біледі. Бұл қазаға Абай сырқаттануына байланысты келе алмаған. Әбдірахманның денесі Алматы маңына уақытша жерленіп (аманат ретінде), кейіннен туған жері Семейге қайта жерленген. Мұны орайы келген соң айттық. Енді сәл шегініс жасайық.
Жалпы Құнанбай әулетінің Жетісу өңірімен жекжаттық ілік-шатыс қатынасы болғаны белгілі. Ұзынағашта тұратын Тәйтік деген құдасының үйіне Құнанбай қажылыққа бара жатып соғып, қона жатқаны осындағы ел аузында жүр. Сосын сол Тобықтының жесірі Ақмай болса, оның жездесі Мырқасым саудагер, ірі көпес болған кісі. Мырқасымның әйелі Ақшай – Ақмайдың туған әпкесі. Ал енді Құнанбайдың туған жиені Әпсемет те саудагер. Кәсіптері, істері бір болған соң, Әпсемет пен Мырқасымның арасы жақын, сыйластықтары болған. Бір-бірімен тату тұрған. Бір кездері белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы осы Әпсеметтің ұрпақтарын іздеп тапқан. Олар Алматы маңайында Байсерке деген ауылда тұрады екен.
Сол дәуірдің жақсысы мен жайсаңы саналған Мырқасым Жетісуға ықпалы жүріп тұрған Ноғайбай бимен де жолдас — жора болған. Ал Ақмай болса, Мырқасым жездесі мен Ақшай әпкесін пана тұтқан. Тісқаққан жездесі қазақтың жесірін сыртқа жібермейтінін, жердің түбіне кетсе де артынан іздеп келетінін жақсы білген. Сондықтан, үйінде жүрген балдызына қорғаныш болу қиын екенін, оны ертең әмеңгерлері алып кететінін Мырқасым жақсы түсінген. Оның бір ғана жолы Ақмайды – ұзату. Ұзатқанда да діңгегі мықты, қорғаныш бола алатын жерге ұзату. Осындай ниетпен жас жесір келіншек Ақмай Ноғайбайға көрсетіледі. Жас әрі сұлу келіншек Ноғайбайға бірден ұнайды да, әйелдікке алады. Ноғайбайдың бәйбішесі – Әсем. Әсемнің Ақмайды қалай қарсы алғаны туралы әңгімені қордайлықтар жырдан қызық қып айтады. Сонымен, Ноғайбай мен Ақмайдан Ілияс деген ұл, сосын бір қыз туылады. Олардан туылған ұрпақты қордайлықтар бүгінгі таңда: «Арғын апа балалары» деп атайды. Бұл – анық. Сол кезеңде Жетісу өңіріне белгілі атақты суретші Хлудков салған Ақмайдың да, Ноғайбайдың да суреттері республикалық архивте күні бүгінге дейін сақтаулы.

– Бұл мәселені ғалымдардан тағы кімдер растайды?

– Осы тарихи мәселе туралы абайтанушы ғалымдар Мекемтас Мырзахметұлымен де, Жаңғара Дәдебаевпен де сөйлестім. Олар да Абайдың Қордайға келуі жайлы Кененнен бастап, көнекөздердің айтылуымен жеткен әңгіме көп екенін, алайда, қолда нақты мөр басылған құжат болмағандықтан, қарсы дау айта алмайтындарын айтады. Ал мен өзім Абай Әбдірахман қызметке жаңа келгенде баласына мұндағы таныс-тамыр, жекжаттары арқылы қолдау көрсетіп, аяқтандырып жіберуі үшін келуі әбден мүмкін деп ойлаймын. Ал жесірі Ақмай ойында болды ма, болмады ма, оны да айта алмаймын. Дегенмен, Абай Мырқасымның үйіне түсті, сол жерге Ноғайбай да қонаққа шақырылды деген әңгіме бар. Мырқасымның үйіне Абай келіп жатыр дегенді естіген Ноғайбай ту бие алдырып, жігіттерін алдымен жіберген. Абайдың құрметіне әлгі ту бие сойылған. Артынша сол үйге Ноғайбай да барған. Ноғайбай Абайдан 11 жас үлкен екен. Ноқаң Абайды Қордайға қонаққа шақырған. Абай өзіне жасалған құрметке жақсы ізет танытып, «Жол алыс екен. Мүмкін болса, Ақмайды осында әкеле аласыз ба?» деп уәж айтыпты дейді. Сонда сол жерде отырған Сарыбас ақын домбырасын қағып-қағып жіберіп:
– Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбай-ды,
Тобықты Ырғызбайлап ұрандайды.
Қазақта бірінші боп қажы болған,
Өз әкең есінеп алып, бір Құдайды.
Меккеге тәңірге арнап үй салғызған,
Туғызған кемеңгер ғып бұл Абайды.
Ноқаңды көрген шақта жесіріңіз,
Айналып аққу –қаздай шыға алмайды.
Шалатұғын палуандай сөзің әрлі,
Абайжан көңілің қалай бұраңдайды.
Бармаған шақырғанға зар болады,
Құрметпен барған қонақ ұялмайды, -деп шырқап жібереді. Сонда Абай сөзге тоқтап, баруға келісімін берген деген сөздер айтылады.
– Енді өзіңіз жазып шыққан «Абай-Ақмай» драмасына тоқталсаңыз?
– Биыл – хакім Абайдың мерейтойы. Бұл мәселені думандатып, ас та төк той қып, ішіп –жеу үшін емес, бүгінгі және келешек ұрпақ тағылым етер мағыналы іске бұрсақ жөн болар еді. «Абай-Ақмай» драмасы да Абай ғұмырнамасының аясын кеңейту үшін жазылды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мәселен, орыс ғалымдары мен әдебиетшілері Пушкиннің бүкіл өмірін, қай күні қайда болғанына дейін жазып қойды. Өзіңіз де білерсіз, Пушкиннің тек үш күні ғана белгісіз. Бірақ, оны да тынбай іздестіру үстінде. Түбі олар оны да табады. Сонда біз дана Абайымыздың бүтін бір Жетісу өлкесіне келуін жазсақ, онда тұрған не жамандық бар. Драмада Ақмайдың тағдыры, сол кездегі дәстүр, рулар тартысы, әмеңгерлік жол, соларға Абайдың көзқарасы, Абайдың ойы, парасаты, биіктігі көрініс табады. Абайдың өлмейтін шығармашылық мұралары, әндері назарға алынады. Драмада Абайдың құрдасы әпенді Түңлікбай мен Түңлікбайдың әйелі сылқым Шәріп арқылы юмор, әзіл жанры да көрініс тауып отырады. Ол да шығарманы ширықтырып отыратын әдеби тәсіл. Ел болған соң бәрі данышпан, бәрі шешен, көсем емес, әртүрлі мінездегі адамдар болады ғой. Әр халық сонысымен ұлы, сонысымен дана. Ал әмеңгерлік, тұл қайыру секілді қазақтың салтындағы жоралғылар еш халықта кездесе бермейтін даналықтың көкесі. Ал шығарманың соңы:
Ноғайбайдың Абайға:
– Абай, сен кетіп барады екенсің,
Ғасырдан ғасырға өтіп барады екенсің.
Жер –жаһанға желдейін есіп барады екенсің,
Дүние – әлемге бет алып көшіп барады екенсің!
Қош, Абай, Адамзаттың асылы!.., -деген құрметті сөзімен түйінделеді. Бәрінен Абай болмысы, Абай парасаты асқақ тұрады.
Әрине, драманы жазу барысында ұзақ іздендік. Жауапкершілігін сезіндік. Оның қалай жазылғаны туралы пікірді басқалардың айтқаны дұрыс деп ойлаймын. Алайда, осы кезге дейін Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтан, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтан, театр сыншысы Еркін Жуасбектен, белгілі режиссер, өзі де қордайлық, бұл әңгімелерді өзі де естіп өскен азамат Қуандық Қасымовтан, тағы да біраз режиссер, театртанушы мамандардан драмаға байланысты пікірлер келіп түсті. Еркін Жуасбектің бірқатар сөздерін келтірсек. Ол: «Қазақтың маңдайына біткен көсемі Абай туралы бұл пьесса, әдеттегідей Абайдың өз шығармасына немесе Мұхтар Әуезовтың дүниелеріне «байланбай», нағыз драматургтың қиялы мен шығармашылық шабытының қанатында жазылған жақсы шығарма болып шығыпты.
Автор «тұл қайыру» дәстүрін пайдалану арқылы, заң орнына жүретін дәстүрдің көркем суреттелуімен қатар, халықтың кемеңгер тірлігінің көркем көрінісін алға тартқан. Пьесаның өне бойында шешендік шумақтардың, хордың, жырдың ұтымды қолданылуы, Абай ғана емес, бүкіл қазақ тұрмысының «бекзаттығын» бейнелеп, білдей бір ұлтқа жалалы жабысып келген «жабайы» ұғымын жоққа шығара білген. Бұл пікірлер шығарманың бойында «жеткере» түссе деген жері жоқ деп ойлауға жетелемесе керек. Ондайды автордың кемшілігі дегеннен гөрі, бізге жетпей қалған тұсы деп ортаға салсақ. Бірінші көрініс, Ордабай бастаған топтың арқасында жап-жақсы шиырланып тұрса да, бұл оқиғаның қақ ортасында тұрып «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың бәсең (пассивный) көрінуі оқырманды (көрерменді) «теріс» ойларға бағыттап жіберетіндей. Бірақ, бұл айтарлықтай кемшілік емес, оны режиссер өзі де дұрыстап жібере алады.
Бір қызығы, бұл пьесса, тек сол Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы театрдың сахнасында қойылғаны қисынды болады деген ойдың көңілде тұрып алғаны. Неге екеніне де жауап жоқ. Тағдыры қалай болса да, осындай шығарма жазған авторды құттықтаймын», -депті. Ал, драманың қалай шыққанына алдағы уақытта көрермендер де баға бере жатады деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

****

Жақсы дүниенің жазылғанына қуандым
Абай өлеңдері, ғақлиясы қаншама адамзаттық құндылық десек, оның өмірін зерттеп, зерделеу де соншалықты күрделі әрі бір ғана өмірбаяндық өлшемде қалып қоймауы тиіс қажеттілік.
Б.Бекжановтың «Абай — Ақмай» драмасын қуана қабылдадым. Автор көнекөз Кенекеңнің, айтулы ғалымдардың еңбектерін негізге ала отырып, Қордай өңірінде осы күнге дейін ауызекі айтылатын әңгімелерге сүйеніп, әдемі әдеби дүние келтіріпті. Шығармада қазақтың ұмыт бола бастаған «Тұл қайыру», «Әмеңгерлік» дәстүрлері арқылы қазақ халқының ұлттық қасиеттері, адамгершілік қағидалары ның пәлсапалық мәні ерекше көрініс тапқан. Тартыс та бар, оқиға да бар. Абай жайлы тағы бір үлкен дүние өмірге келді деп қуандым.
Тұңғышбай Жаманқұлов, өнертану ғылымының кандидаты.

Романға жүк болатын шығарма
Б.Бекжановтың «Абай—Ақмай» дарамасын оқып шықтым. Шығарма оқиғасы бірден тартысты басталып,көрерменді алға жетектеп отырады. Абай десе біздің көз алдымызға өткен ғасырдың қырықыншы жылдары жазылған М.Әуезов пен Л.Соболевтің драмасы келетіні анық. Қаншама театрларымыз сол шығарманы қайталап қоюмен келді. Рас, аракідік Б.Римованың «Абай- Әйгерім», Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» секілді шығармалары бар. Ал «Абай-Ақмай» шығармасы солардың қатарын толықтыратын ірі шығарма екен. Драма авторы сол кезде-ақ, Абайдың аты дүниеге жайылып, тарап бара жатқанын меңзейді.
Абай Жетісуға келді ме, келмеді ме деген басқа әңгіме. Ал – бұл көркем шығарма. Тіпті оқиғасына қарап отырып, бұл тақырып бір романға жүк болатын дүние екен деген ойға келдім. Қазақ драматургиясына бір сүбелі шығарма қосылды деп есептеймін.
Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы -драматург.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support