Абай жаққан сәуле ешқашан сөнбейді
«Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма»,-деген хакім Абайдың ішкі жан дүниесінің жұмбағын шешу әсте қиын екені белгілі. Тіпті, адамзат ақыл-ойы алыбының ішкі әлемі ғана емес, туған күні де жұмбаққа айналғаны жасырын емес. Абай Құнанбайұлы туындылары алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургтегі баспадан шыққаны мәлім. Сол жинақта ұлы ақынның ғұмырбаянын тасқа таңбалаған Кәкітай Ысқақұлының жазбасы берілген. «1904 жылғы 23 июньде туған жері Шыңғыс тауында дүниеден қайтты атақты қазақ ақыны» деп басталған жазбада «Абай 1845-нші жылан жылында туды» деген де дерек келтірілген екен. Алайда деректерге сенсек, мұнда ақынның туған күні туралы ештеңе айтылмайды.
Хәкімнің ғұмырын тасқа жазған әйгілі қаламгер Мұхтар Әуезов өзінің «Абай Құнанбаев» атты монографиясында да, басқа да еңбектерінде ешқашан ақының туған айы мен күні туралы қалам тербеген емес.
Данышпан Абайдың туған күні туралы дерек тек Кәкітайдың баласы Әрхамның жазбасында ғана кездесетін көрінеді. Ол «Абайдың өмір жолы» атты жазбасында: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді... Құнанбайдың бұдан бұрын ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі – Күңкеден туған баласының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арапшалап қояды»,-деген дерек келтіреді. Әрхамның Абайды көріп өскенін саналы ғұмырын Абайтануға арнаған Қайым Мұхамедханов растайды.
Қайым Мұхамедханов тарихпен тамырлас деректерге сүйене отырып: «Әрхамның айтуы бойынша, Абайдың ескіше туған күні 10 август, жаңаша 23 август болады. Қазақ Совет энциклопедиясында Абайдың туған уақыты 10 август 1845 жыл. Өлген уақыты 6 июль(?) 1904 ж. деп берілген. Қайдан алғаны белгісіз. 1975, 1976, 1985 жылдардың қазақ календарында Абайдың туған күнін 8 август деп көрсеткен» деп тағы бір мәліметтің ұшын шығарады.
Иә, ұлы ақынның туған күні еліміздің көптеген өңірлерінде 10 тамыз күні аталып өтілсе, кейбір аймақтар 23 тамыз күні тойлап келгені де белгілі. Түрлі деректерге иек арта берсек, сан түрлі әңгімелер өрби беретіні сөзсіз. Ең бастысы, Абайдың туған күніне қатысты нүктені ел билігі қойды десек, қателеспейміз.
Ел Үкіметі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 10 тамызды Абай күні деп белгілегені мәлім. Осылайша күнтізбемізде жаңа мерекелік дата пайда болып отыр. Енді Абайдың дүниеге келген күніне қатысты көптеген әңгімелерді көпірте берудің қажеті шамалы шығар. Өйткені ресми түрде қаулы шықты. Иә, 10 тамыз – Абай күні. Сол күнді нақты түрде хакімнің туған күні деп атасақ, ешкім ренжи қоймас. Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді