ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ ЖАЛҒАСУДА
Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған халықтық театрлардың облыстық «Театр kz» фестивалі жалғасын табуда. Әр ауданнан түрлі жанрда спектакльдер әкелген өнер ұжымдарының додасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тамашалап, аймақтардан келген өнерпаздарға ақ жол тіледі.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауымға арнаған үндеуінде: «Құрметті мәдениет қайраткерлері! Бүгінде мемлекет алдында, халық алдында қыруар міндеттер тұр. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды. Тіпті, өзіміз қол жеткізген ұстанымдарды ұстап тұрғымыз келсе де, үнемі алға қарай қозғалуымыз қажет. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіру міндетін қойдық. Өнер мен әдебиет – халықтың жаны. Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашанда рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін болады» деген болатын. Демек, өнерге де бәсекеге қабілеттілік қажет. 79 жылдық тарихы бар облыстық қазақ театры облыс өнерінің қара шаңырағы болып саналады. Бүгін осы қара шаңырағымызда үлкен өнер бәйгесі өтуде. Үш күн бойы халықтық театрлардың өнер сүйер қауымға қойылымдар ұсынуы әртістердің шеберлігін насихаттап, халықтық театрлардың бір-бірімен бәсеке алмасуын жетілдіретін игі қадам, – деді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен үш күнге созылған «Халық театрлары» фестивалі ең алдымен аймақтардағы жас таланттарға жол ашуда. Байқағанымыздай, аудандардан келген театрларға елден ерекше талап та қойылған жоқ. Тек бір қойылымды сахналап, көрерменге өнерлерін ұсынса болды. «Біз осы арқылы өңірдегі театрлардың мәдени қарым-қатынасын кеңейтіп, шығармашылық байланыстарын нығайтуды көздедік. Екі күннен бері 7 халықтық театрдың өнерін тамашаладық. Әрбірі өз хал-қадірлерінше әзірлеген қойылымдарын ұсынды. Әртістер бір-бірімен тәжірибе алмасуда. Осындай басқосулар шынайы өнер бәсекесін жандандырып, театр өнерін дамыта түсері сөзсіз», дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев. Аудандардан келген кейбір театр әртістерінің киімі, жүріс-тұрысы, сахнада өздерін еркін ұстап, рөлдерді сомдаудағы шеберлігі көпшіліктің ризашылығын туғызды. Әсіресе, Жуалы ауданынан келген «Мыңбұлақ» халық театрының ұжымы «Тірі жан» спектаклін тартымды етіп қоя білді. Оқиға желісі өзекті тақырыптардың бірі – бала сату бизнесіне арналған. Күйеуі тастап кеткен жалғызбасты ана сәбиін амалсыз балалар үйіне өткізіп, өзі қалталы жігіттің жетегінде кетеді. Ал ол нақсүйерінің баласын шетелдік азаматқа сатып жібереді. Ұлынан айырылып, шерменде болған ананың зары мен тек бүгінгі күнін ойлайтын пенделік қасиеті көп ер азаматтың арасындағы тартысты әсерлі етіп көрсеткен қойылым соңында қазақтың Жорабайы ағылшынның Джорджы болып кете барады. Сай-сүйегіңді сырқырататын, ұрпақ алдындағы адалдықтың қадірін ұқтыратын спектакльді көрермен тұшына тамашалады. Тараз қалалық «Дулати» жастар халық театрының «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклі де көптің көңілінен шықты. Драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың бүгінгі заман адамдарының болмыс-бітімін, тіршіліктегі әрекетін, өмірдегі өзіндік күресін көрсететін туындысы негізінен жастық шақ, махаббат, сенімді сипаттайды. Арудың қадірі кеткен заманда, адам адам болудан қалады. Ал адамдар адам болудан кеткен қоғамда махаббатқа – сенім, сыйластық, кішіпейілдік, адалдық деген тірек керек. Бұл шығарма махаббатқа тұрақты болу мақсатында адам бойындағы игі қасиеттердің жаңғыруына жол ашуды көздейді. Шығарманың алтын желісі – адамгершілік-имандылық қасиеттердің беріктігін, қуаттылығын танытады. Сайыстың аты – сайыс. Өнер додасына түскен халықтық театрлардың бірінің бәсі осылайша артық түсіп жатса, енді бірінің ізденіссіз келіп, өздері нысанаға алған тақырыпты аша алмай қалуы да байқалып жатты. Мәселен, «Қордай» халық театрының «Менің анамның туған күні!» спектаклі мен Сарысу аудандық «Саудакент» халық театрының ұсынған «Үндемейтін жігіт» қойылымдары таптаурын болған тақырыптарды қайталап қана қоймай, оны тек шағын көрініс ретінде көрсеткенін айтуға болады. «Халық театрлары ұжымдарына біз кәсіби ұжымдарға қойылатын талаптарды қоя алмаймыз. Әр ұжымда жылт еткен бір жақсылық, жетістік бар. Өз жұмыстары, толып жатқан басқа да шаруалары бола тұра, өнер жүгін қоса арқалап жүрген жандарға тек қана алғыс айту керек. Театр — өмір айнасы. Алыс ауылдарға кәсіби театрлар бара бермейді. Ал қазіргі жаһандандыру дәуірінде, теледидар, компьютерде отырған баланың назарын өнерге қалай аударамыз дегенде, алдымен осы халық театрларының рөлі зор екенін ескеру керек. Өнерге жақын өскен бала жаман болмайды. Сондықтан халық театрларының жұмысын жандандыруға, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге күш салу керек» дейді облыстық Халық шығармашылық орталығының директоры Ғани Садырбаев. Шыны керек, бұл басқосу тек сахнаға шығып, өнер көрсету емес, халық театрларының қазіргі жай-күйін саралап бергендей болды. Өзіміз куә болғанымыздай, халық театрларының барлығының басындағы хал ұқсас. Мәселелер де жоқ емес. Бұл құрамдағы әртістерге арнайы штат бөлініп, жалақы төленбейтіндіктен өнерге деген сүйіспеншілік үшін ғана жұмыс жасауға келісетін актерлерді, басқа да техникалық кәсіп иелерінің басын қосу да қиынға соғады екен. Репертуар мәселесі, сахнаға қажетті киім, лайықты декорацияның жоқтығы да бар. Тағы бір айта кетерлігі, халық театры режиссерлерінің біліктілігін көтеру мәселесі де ұмыт қалуда. Өйткені, олардың күн сайын облыс орталықтарындағы кәсіби драма театрына келіп, сахна шеберлерінен дәріс алып, тәжірибе алмасуларына мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан, облыс орталықтарындағы драма театрлары халық театрларын қамқорлыққа алса құба-құп болар еді. Бұл туралы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов: «Халық шығармашылық орталығына халықтық театрлардың аймақтық фестивалін өткізуге ұсыныс жасап отырмын. Тіпті, оған іргелес жатқан көрші елдердің театрларын шақыруға болады. Еліміздің әр аудандарынан өздері ұсынған осындай үздік халықтық театрлардың басын қосып тұру керек. Сонда ғана, оларға жіті назар аударылып, мәселелерін шешуге мүмкіндік аламыз» дейді. Халық театрларының «Театр kz» фестивалінің жабылу салтанаты алдағы аптада өтетін болады.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді