«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа маусым ашылды

Жаңа маусым ашылды
ашық дереккөз
Жаңа маусым ашылды

Бүгін облыстық қазақ драма театры 79-шы маусымының шымылдығын түреді. Биылғы маусым жылдағы дәстүрге сай Ерсайын Төлеубайдың режиссерлігімен сахналанатын Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» пьесасымен ашылмақ. «Қасиетті анамыздың әруағына тәу етіп, театрымыздың өнері мәңгілікке айналсын деген ниетпен, өзімізше айдар тағып, осы шығарманы таңдап отырмыз» деген театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов маусымашар жаңалықтардың көптігін алға тартып отыр. 

Театрдың биылғы жаңалығы расында да көп. Жұмыс барысы да біршама өзгерген. Атап айтсақ, театр сахнасында қойылған кейбір спектакльдерге қатысты өзгертулер мен толықтырулар болады. Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» деген балаларға арналған қойылымы жас актерлердің мүмкіндігіне сай етіліп, қайта жаңғыртылса, ілкіде ұсынылған «Қыз Жібек» спектаклін өзгертіп, жаңаша шығармақ. Театр ғимаратында орыс және қазақ драма театрлары орналасқандықтан, мұндағы спектакльдерге дайындық жүргізу жұмыстары, сахна мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Осы мәселені шешу жолында театрдың кіші залы іске қосылады. Дәл осы сахнаға лайықталып Маар Байжиевтің «Қалыңдық пен күйеу» спектаклі қойылады. Режиссер Әлия Баймаханованың жетекшілігіндегі жұмыстың нәтижесі де таяу арада көрермен назарына ұсынылмақ. Сонымен бірге, театр ұжымы облыстық, республикалық деңгейдегі қойылымдармен шектеліп қалмай, театрдың абыройын арттыру үшін әлемдік деңгейдегі фестивальдерде топ жаратын шығармаларды қолға алуда. Бұл бағытта өзбек драматургі Ибраһим Садықовтың «Әпенденің бес қатыны» музыкалық комедиясы, Еврипидтің «Троя арулары» премьералары ұсынылады. Оларды Грекияда, Македонияда өткізілетін халықаралық театр фестивальдеріне ұсынуды да жоспарлап, келіссөздер жүргізілуде. Осылайша, әрбір жұмыстың болашағын ойлай отырып еңбек етуді бастаған өнер ұжымы қарашада дәстүрлі «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» фестивалінің өтуіне мұрындық болмақ. Былтыр тұңғыш рет республикалық деңгейде өткізілген өнер додасы биыл халықаралық дәрежеде ұйымдастырылады. Алыс-жақын шетелдерден келген режиссерлермен тәжірибе алмасуды көздеген фестивальдің өнер додасына қатысушылар үшін үлкен мектеп болары даусыз.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

3Мәкен Рақымжанова, Халық әртісі:

– Біздің театрымызда, әртістер құрамында көптен күткен үлкен серпіліс пайда болды. Жаңа маусым жаңалыққа толы болғалы тұр. Негізінен, көрермендер театр сахнасында өтіп жатқан оқиғаға, оның жалпы тыныс-тіршілігіне бей-жай, немқұрайлы емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен қарап отырулары керек. Міне, біз осы үдеден шығуға ұмтылып жатырмыз. Бұған бірден-бір себеп, театрымызға көркемдік жетекші ретінде елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де есімі таныс, белгілі режиссер Қуандық Қасымов келді. Сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актер десек, біздің шығармашылық әлеуетімізді шыңдап, күш беретін, көрерменімізбен етене жақындастыратын басшылықтың болуы қуантып отыр. Дәл қазір өзбектің драматургы Ибраһим Садықовтың «Әпенденің бес қатыны» деген музыкалық комедиясын жаңа маусымға дайындап жатырмыз. Мен онда осы бес қатынның ішіндегі ардың-гүрдің жүретін біреуін сомдайтын боламын. Бұған қоса, Эврипидтің «Троя арулары» деген Қайрат Жұмағалиевтің аударуындағы пьесасына да дайындық басталды. Өзімнің әріптесім ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова бастаған әртістерге осы спектакльді ойдағыдай алып шығу тапсырылды. Біз де өз кезегімізде осы үдеден шығуға тыры­сып жатырмыз. Жалпы ұжым болып театрымыздың атын елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танытуға жұмыла жұмыс жасауды бастап кеттік.

4Асқарбек Сейілхан, әдебиет бөлімінің жетекшісі:

– Халық қашанда театрдан санаға ой салар, жанды тебірентер қойылымдар күтеді. Өйткені, театр – қоғамдық-мәдени мән-маңызы бар үлкен өнердің бірі. Ол көрерменсіз, жеке өз алдына өмір сүре алмайды. Осыған байланысты сахна мен көрермен бірігіп отырып шынайы өмір құбылысына ой жүгіртеді, оған өз тұрғысынан баға береді. Ол үшін театр өзінің көрерменін табуы керек. Театр көрермендердің ішкі жан сезіміне әсер етіп, терең толғандырған жағдайда ғана өзінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін атқарып, мақсат-мұратына жетеді. Жаңа маусым бізге осындай тың жаңалығымен келгелі отыр. Өйткені, театр репертуары құнды дүниелермен баюда. Сондықтан, өнерді ерекше қадірлейтін жандар әр қойылымнан шабыт алып, кейіпкерлермен бірге тыныстап, киелі сахнаның исін жұтып, рухани ләззат алатын болады. Театр ұжымы ерекше сағынышпен, айрықша аңсаумен келетін көрерменіне ой салатындай тамаша қойылым ұсынбақ ниетте.

Ұқсас жаңалықтар