Мұсаев уәдесін орындады, ал, диқандар ше?
Он жылдан аса егістік суының дұрыс берілмеуі аудан диқандарының Жер-Анадан ырзығын айыруға деген ынтасын жойып, амалсыздан басқа түрлі кәсіппен, айналысуға мәжбүр етті. 2018 жылдың күзінде аудан басшылығының тізгінін қолына алған Мәден Мұсаев Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Күшаман, Көкжелек, Қылышбай ауылдарындағы суармалы егістік жерлерін иеленуші шаруалармен жүздесіп, егістік суының үздіксіз берілетіндігін, қайыр басқан каналдардың арналары ашылатындығын, жерді жыртуға техникамен сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге көмек берілетіндігін айтып, оларды батыл іске кірісуге шақырған еді. Аудан әкімінің уәдесі мен ісі үйлескен пайымды шақыруын қабыл алған диқандар күзде егістік жерлерін жыртқызып, бей-берекет өсіп кеткен жыңғыл, жиде, шеңгелдерден тазалады. Ерте көктемнен бастап, егістік алқаптарының бас арықтарын тартқызып, жерді жыртқызып, маялап, тырмалап түрлі дақылдарын екті. Ала жаздай тынымсыз еңбектерінің жемісін күзгі егін жинау науқанында көрген диқан қауымы аудан әкімінің өзен суын жеткізудегі бастамасы мен қолдауы аяқсыз қалмағанына риясыз алғыстарын айтып, келер жылы егістік көлемін ұлғайтуға уәде берген болатын.
Аудан әкімі Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек ауылдарындағы егістік алқаптарын аралап, жаздың шіліңгір ыстығында бітік шығып, жайқала өскен егістік, бақша дақылдарын көріп, диқандардың еселі еңбектерінің нәтижесіне ризашылығын білдірді. Ал түрлі себептермен дұрыс шықпай қалған егістік алқаптарының жағдайын көргенде мұның себептерін анықтап, көмек беру жолдарын қарастыруды ұйғарды.
Алдымен аудан басшысы Айдарлы ауылындағы егістік алқаптарын аралады. Айдарлылықтар биыл 1515 гектар суармалы жер игерді. Оның 300 гектарына жүгері, қалған алқаптарға арпа, картоп, жоңышқа, бақша, тары дақылдары себілді. Қазір егістік алқаптарындағы дақылдардың шығуы көңіл қуантады. Ауылдық округ бойынша бірнеше азамат өздері игере алмайтындықтарына көзі жетіп, егістік жерлерін мемлекет меншігіне қайтарды. Диқандар пайдаланған егістік суының ақысын төлеуде. Ауданымызға белгілі айдарлылық диқан, «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі Ниетбек Алдабергеновтің егістік алқабындағы бітік шыққан дақылды көрген аудан басшысы басы пісе бастаған қарбыздан дәм татып, диқанның еңбегіне сәттілік тіледі.
Ниетбек – ауданымызда ең алғаш үйінің жанынан жылыжай салып, қияр, помидор өсіріп, мол тәжірибе жинаған кәсіби диқан. Ол биыл иелігіндегі 60 гектарға арпа, жүгері, басқа да бақша дақылдарын еккен. Су тоғаннан «ДТ» тракторының моторынан жасалған сораппен беріледі. Ол арпасын орып, 18 тонна дән алып, келісім бойынша сатып үлгерді. Бекжан Мағзұм, Серік Келдібаев, Нұржан Көкежанов сынды шаруа қожалығының мүшелерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында еккен дақылдары бітік шыққан. Н.Алдабергенов күздің күні егістік алқабына мал түспес үшін тікен сымды қоршаумен қоршап, айналасына терең арық қаздырып тастаған. Қазір бұл алажаздай тыным бермейтін аяқты малдың егістік алқабына түспеуіне едеуір септігін тигізіп отыр.
Бірлік - халық көп қоныстанған іргелі ауыл. Бірліктік диқандар үстіміздегі жылы 1445 гектар суармалы жерді игерді. Оның 260 гектарына жүгері, 100 гектарына арпа, 10 гектарына жоңышқа, 125 гектарына бақша, көкөніс дақылдарын еккен. 761 гектар ескі жоңышқалық алқап бар. Басында су беруде қиыншылықтар болғанымен, аудан басшылығының дер кезінде көмек беруінің нәтижесінде бұл кедергілер жойылған. Егін суы жүйелі берілуде. Алмасбек Әбдіқадыров жетекшілік ететін «Байбарақ Агро» кооперативінің егістік алқабындағы және 16 азаматқа бөліп берілген игерілмей жатқан 120 гектар жердегі жоңышқа, жүгері, арпа дақылдарының бітік, жайқала шыққанын көрген аудан әкімі М.Мұсаевтың биыл тоғандарға салынған шлюздердің көп пайдасы тигеніне көзі жетті.
Егістік басында жоңышқасын тырмалап, түктеп жатқан диқан Қуатбек Әміреқұлов 8 гектарға еккен жоңышқасының бітік шыққанына масайрап, мол өнім жинап жатқан жайы бар екенін аудан басшысына қуана жеткізді. Ал кәнігі диқан, былтыр аудан диқандарының көшін бастаған Алмабек Әбдіқадыров аудан әкіміне 45 гектар жерге екі сұрыпты жүгері, 25 гектарға жоңышқа еккенін, судан тарығып отырмағандығын айтты. Олардың сөзінен аудан басшысының қолдау-көмегіне деген ризашылықтары аңғарылып тұрды.
Биназар ауылы да диқандық кәсіпті жете меңгерген елдімекен. Мұнда биыл 575 гектар алқап игеріліп, оған жоңышқа, жүгері, арпа, бақша дақылдары егілді. Қазір диқан қауымының еңбектері өз нәтижесін беруде. Жоңышқа орылып, жиналды. Ауылдың «82» деп аталатын алқаптағы жүгері дақылының әртүрлі өсуін байқаған аудан басшысы судың кезекпен жүйелі берілмеуіне, тіпті бұрын егістік алқабы болған жерлердің игерілмей бос жатуына ренішін де білдіріп қалды.
А.Назарбеков ауылы тұрғындарының 80 пайызы сыртқа шама-шарқынша түрлі егістік дақылдарын еккен. Алайда, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан өзен суын алып келу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанымен дұрыс нәтиже бермей отырғаны байқалады.
Кеңестік кезеңде Көкжелек ауылы жүгері дақылын өсіруде едеуір жетістіктерге жеткен болатын. Кейін Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауыл халқы тары, бақша, дақылдарын егуге ден қойған-ды. Бұл тірлікте де ауыл диқандары біршама жетістіктерге жетіп, нәсіптерін осы егістік кәсібінен тауып келді. Соңғы он шақты жылдың аралығында егін суының жүйелі берілмеуі көкжелектік диқандарды әуре-сарсаңға салып, егін егуден мүлдем бас тартуға итермеледі. Ауыл диқандарымен ақылдаса келе аудан әкімі жергілікті қазынадан қомақты қаржы бөлдіріп, каналды қайта қаздырған болатын. Биыл егін суы жеткілікті көлемде берілуде. Ауылдың күн шығыс жағындағы 200 гектар алқаптағы егістіктің шығуы әртүрлі. Каналдан беріліп жатқан су мөлшері көп, ағысы қатты. Мұнда каналдың бас жағында орналасқан егістік алқаптары игерілмеген. Мемлекеттің мол қаржысы салынып, қолдау көрсетілгенімен диқандық кәсіппен аты шыққан азаматтардың егіншілік кәсіпке ден қоймауы түсініксіз. Егістік алқабында жолыққан кәнігі диқан Жамбыл Бүркітовтың еккен қауын-қарбыз, асқабақ, жүгері, тарысының шығымы жақсы. Бақша дақылдарын аз күнде жинауға дайындалып жатқан көрінеді. Өз кезегінде жағдайларының жақсы, су жеткілікті мөлшерде беріліп отырғанын, ауылға су алып келуге қолдау білдіргені үшін аудан басшысына алғысын айтқан Ж.Бүркітов аудан әкімінен ауылға кіреберіс жолдың ойылып, шұрқ тесік болып бара жатқанына қынжылысын білдіріп, жөндеуге көмек сұрады.
Соңғы екі жылда аудан жұршылығын диқаншылық кәсіппен жоғары деңгейде айналысуға аудан басшылығы тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетілуде. Негізгі каналдар тазаланып, оларға шлюздер салынды. Жыл сайын әр ауыл тұсынан Шу өзені байланып, су беріледі. Бірлік, Айдарлы, Күшаман ауылдарында қырман салынды. Егіншілікпен айналысуға қажетті техникалар сатып алынды. Диқан қауымының Жер-Ананың пайдасын көруге белшеше кірісуге жағдай мүмкіндігінше көрсетілуде. Жолдыбай ДӘМЕТОВ, журналист. Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді