Оның екінші толқынына барлығы 45 коммуналдық меншік субъектісі еніп отыр
Бұл туралы кеше облыс әкімдігінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте әңгіме болды. Кеңестің күн тәртібіндегі екі мәселенің алғашқысы бойынша, яғни, облыстағы коммуналдық меншіктің жай-күйі туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев хабарлама жасады. Асқар Санатұлы алдымен, облыстың коммуналдық есебінде тұрған мемлекеттік заңды тұлғалар жайлы ақпарат берді.
– 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі ахуал бойынша облыстың коммуналдық меншігінің есебінде 1380 мемлекеттік заңды тұлға болса, оның ішінде: мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар – 79, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар – 271, коммуналдық мемлекеттік мекемелер –1006, мемлекеттің қатысуымен акционерлік қоғамдар – 2, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – 22, оның ішінде облыстығы – 4. Ал коммуналдық меншіктегі негізгі құралдардың бағасы 92 миллиард теңгені құрады, – деді хабарламашы А.Қырықбаев. Оның айтуынша, облыстың коммуналдық меншігін басқарудан түсетін түсім 2014 жылдың сегіз айына жасалған болжам бойынша 65 миллион теңге болса, нақты түскені 109 ммиллион теңгені құрапты. Орындалуы – 169 пайыз. Дегенмен, жекешелендіру мәселесі төңірегінде аудандарда әлі де болса ширата түсетін жұмыстар баршылық. Жекешелендірудің екінші толқынына облыста барлығы 45 коммуналдық меншік субъектісі кіріп отыр, оның ішіндегі жекешелендіруге жататыны 42 болса, біреуін қайта құру керек, ал, таратылатыны – екеу. Сондай-ақ, Асқар Қырықбаев үстіміздегі жылы жекешелендіруге шығарылған 10 ұйымның сауда-саттығына сатып алушылардан өтініштердің түспеуіне байланысты өтпей қалғанын айтты. Хабарламашы мұндай сәтсіздікті жекешелендіруге жауапты мекемелердің түсіндіру-жарнамалау сияқты жұмыстарды өз деңгейінде жүргізбегендігімен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, мүлікті жария ету үшін комиссиялардың қарауына бар болғаны 25-ақ өтініш түскен. Осыған байланысты бұл акцияға тұрғындарды белсенді қатыстыру бағытындағы жұмыстарды жөнге қою мәселесі туындап отыр. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселе бойынша орынбасары Е.Мәнжуов, қаржы басқармасы басшылығы мен Тараз қаласы, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Ал кеңестің екінші мәселесі бойынша облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Данияр Медетбеков хабарлама жасады. Орталықтың биылғы сегіз айда атқарған жұмыстарын шолып шыққан ол облыста жылдан-жылға халыққа қызмет көрсетуде қызметтер санымен қоса сапасының да артып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, 2007 жылы көрсетілетін қызмет саны 25 болса, бүгінде ол 160-қа жеткен. Ал филиалға биылғы сегіз айда жеке және заңды тұлғалардан 1 157 683 өтініш түсіп, тұтынушыларға 1 205 601 құжат берілген. Дегенмен, Д.Медетбеков саладағы жұмыстарды одан әрі жандандыруда Жуалы, Меркі, Шу аудандарында орталық ғимараттарының тарлық етіп отырғанын жасырмады. Ал өз кезегінде Кәрім Нәсбекұлы хабарламашыдан және бірқатар аудан әкімдерінен жергілікті ХҚКО ғимараттарының жай-күйін сұрады. Сонымен қатар, Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарынан жаңа орталық ғимараттарын іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді