Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында шаруашылықтар тарап, жұрт жұмыссыз қалған жоқ па?! Әсіресе, көзін шаруамен ашқан ауылшаруашылығы мамандарына қиын болды. Шаруашылықтың жыл он екі ай кезең-кезеңімен келетін науқандық жұмыстарынан бай тәжірибе жинақтап, бір шаруашылықты басқарса, дөңгелетіп әкетеді-ау деген білікті мамандардың қатарында «Трудовой пахарь» колхозының бас инженері Бөкенбай Битабаров та бар еді. Жұртқа мәлім бұл шаруашылық облыста оза шапқан озат шаруашылық болатын. Еңбек Ері А. Нахмановичтай білікті басшының басқаруымен шаруасы шалқыған колхозда мықты мамандар өсіп шықты. Осында өмірге келіп, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітіріп, еңбекке білек сыбана кіріскен жас маман Бөкенбай Битабаров автомеханик, жөндеу шеберханасының меңгерушісі, бас инженеріне дейінгі жолдан өтті. Нарық заманында тараған колхоздың орнында шағын шаруашылықтар пайда болды. Қазір сол алғашқы шаруашылықтар ұмыт болды. Орнын жаңасы басуда. Алайда, 1999 жылы «Достық-99» шаруа қожалығын құрған білікті маман Б. Битабаровтың қожалығы осы жылдар аралығында тек өрлеу, өсу үстінде болды. Осы ауылдың 300 тұрғынының басын біріктіріп, олардың үлесіндегі жер телімдерін игеріп, ұқсатып отырған Бөкенбайға ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Осы жылдар аралығында жұрттың үлесін алып, қара басының пайдасына бола тірлік етіп көпшіліктің обалына қалған талай пысықтарды көрдік қой. Қазіргі таңда «Достық-99» шаруа қожалығының иелігінде 1276 гектар жер бар. Оның 636 гектары суармалы, 4500 гектары жайылымдық, 1000 гектары шабындық жер. Бұл – тиімді пайдаланса, табысты тасытатын байлық қой. Өйткені, атамыз қазақ «Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» деген. Жермен жұмыс істеген шаруаның еңбегі қашанда берекелі болған. Мұнда осы заманғы озық ауылшаруашылығы техникасының түр-түрі бар. Сондықтан 24 механизатор жыл бойы осында тұрақты еңбек етеді. Биыл бидайды – 320, мақсарыны – 320, арпаны – 400, жүгеріні – 46, жоңышқаны – 90, бақша дақылдарын 40 гектар жерге еккен қожалық айтарлықтай өнім алды. Енді жайқала өскен жүгеріге шалғы түсірмек. Осы уақытқа дейін егін шаруашылығымен айналысып келген қожалық енді мал шаруашылығын дамытуды да қолға алмақ. Осы мақсатта өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 12 миллион теңгеге 35 құнажын, 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. 7 пайыз өсіммен алынған бұл несие екі жылдық каникул жеңілдігімен берілген. Қожалықтың қарамағындағы 1000 бас қойды көбейту үшін жемшөп қорын жасау жоспарлануда. Алдағы қысқа дайындалған 1000 тонна шөп қыстау басына жеткізілді. Өсіріп отырған егін дақылдары үшін мемлекет тарапынан субсидия алып келген қожалықтың еш қарызы жоқ. Жылды ондаған миллион теңге таза пайдамен аяқтап жүрген шаруашылықтың шаруасы кеңіп, жұмыс ауқымын ұлғайтуы заңды-ақ. Бюджет қоржынына қомақты қаржы аударып, аудан экономикасының артуына сүбелі үлес қосып жүрген шаруашылық – аудан мақтанышы. Биылдың өзінде ауылішілік жолдар жөнделіп, көгілдір отын кіріп ауылдардың берекесі кіріп жатса, ол осындай табысы мол кәсіпкерлер еңбегінің арқасы. Солардың арасында білікті маман, ұйымдастырушылық қабілеті бар Бөкенбай Битабаровтың еңбегі ерен екендігі даусыз.
Есіркеп Серікбайұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.
Суретте: Б. Битабаров.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді