- Advertisement -

Жақсылық жасауға асыққан атымтай жомарттар

103

- Advertisement -

48 миллион теңгемен көмек қолын созды

Жұма күні Тараз қаласының №5 емханасына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың ірі партиясы жеткізілді. «Бұл күні келген барлық дәрі-дәрмек бағасы 43 миллион теңгеден асса, 5 миллион теңгеден астам сомаға оттегі концентраторының 10 данасы алынды. Олар осы жерден әрі қарай тиісті мекемелерге таратылатын болады», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Самат Қосалиев.Бұл бойынша «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров қазіргі ахуалға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жасаған үндеуіне орай барлық кәсіпкерлер қолдарынан келгенінше көмек қолын созып жатқанын жеткізді. Мұқаш Зұлқарнайұлының сөзіне сүйенсек, біраз азаматтар бірігіп, ең керекті деген дәрілер мен құрал-жабдықтарды әкеліп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсыруда. – Өңіріміздің белгілі кәсіпкерлері мен Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың мүшелері ниет білдіріп, өңіріміздің медицинасына зор көмек беріп жатыр. Бұл жолы жалпы сомасы 48 миллион теңгенің препараттары әкелінді. Оның ішінде пневмония мен коронавирусқа қажетті антибиотиктер, антикоагулянттар мен вирусқа қарсы препараттар бар. Олар емдеу-сауықтыру мекемелеріне қажеттігіне байланысты таратылатын болады. Яғни амбулаторлық деңгейде ауырған және стационарда ем қабылдап жатқан науқастарға беріледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов. Бас дәрігер бұл ақ халаттыларға жасалып жатқан үлкен демеу, қамқорлық пен қолдау екенін де жасырмады. Сондықтан медицина саласындағы қызметкерлер әрі қарай да халыққа аянбай қызмет ете беретініне сендірді.

Бұл қайырымдылық акциясының өтуіне көптеген адамдар атсалысқан. Соның бірі тағылымды істің басы-қасында жүрген – «Альтаис Групп» ЖШС-ның бас директоры Әлімбек Жұмабаев:
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, игі шараға жамбылдық кәсіпкерлер мен біздің облыстың басқа өңірлерде тұратын тумалары да қолұшын берді. Басты мақсатымыз – дәрі-дәрмекті жағдайы төмен отбасылар алса, соларға қолжетімді болса деген ниет.
Дәрілердің түрлерін біз денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен бірлесе отырып талқылап алғанбыз. Әйткенмен қазіргі жағдайда мұны көп дей алмаймыз, бірақ бір азаматтың болса да денсаулығын түзеп, өмірін құтқарып қалса, одан асқан қуаныш жоқ. Ізгілікті іс мұнымен бітпейді. Өйткені басқа кәсіпкерлер де көмектен аянып қалмақ емес, – деді.
Естеріңізде болса, пандемияға қатысты Бердібек Машбекұлының үндеуіне құлақ асқан белгілі кәсіпкерлеріміз осыдан бірер күн бұрын өзара ұйымдасып 338 миллион теңгеден астам қаржыға препараттар мен аппараттар әперіп, өңір медицинасына қолдау білдірген еді. Сондықтан қиын-қыстау кезде қолұшын берген кісілер мен сыртта жүрген жерлестерге алғысын білдірген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков:
– Мемлекет және демеушілер тарапынан алынған осындай дүниелерді қатаң бақылауда ұстау үшін арнайы топтар құрылған болатын. Бұған қоса, қазір емханада есепте тұратын азаматтар үйлерінде жатыр, соларға арнайы дәрі-дәрмектердің пакеттерін жасап, жеткізу үшін игі іске «Қазфосфат» ЖШС-ның кәсіподақ ұйымын да жұмылдырдық, – дейді.
Айта кеткен жөн, дәрі-дәрмектермен бірге әкелінген 10 оттегі концентраторы облыстық психикалық денсаулық орталығына беріледі екен. Өйткені онда жуырда 180 төсектік провизорлық орын ашылмақ. Бұдан өзге, аталған орталықтың бас дәрігері Серік Жетібаевтың айтуынша, қолы ашық азаматтардың жәрдемдесуімен жуырда келетін тағы осындай 5 аппарат сонда жөнелтіледі.
Жалпы алғанда, жамбылдық 20 ірі компанияның басшылары қауіпті індетпен күреске 70 миллион теңгедей қаржы бөлді. Қайырымдылық акцияларының тетіктері қорлар арқылы жүзеге асатынын ескерсек, қаражат Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қорына жиналған. Қаржы түсіп, мақсат айқындалғаннан кейін қайырымды істі үйлестіруге «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ атсалысқан.
– Біз үйлестіруші ретінде Шымкент қаласындағы «Зерде» медициналық қоймасымен жеткізіп беру бойынша уағдаластық. Сондай-ақ ӘКК тауарларды тасымалдауды барынша қамтамасыз етті, – дейді «Тараз» ӘКК басқарма төрағасы Олжас Қаржауов.
Пандемияның салдарынан бүгінде неше пенде зиян шегіп, қаншама шаңырақ қара жамылғаны бір Аллаға аян. Алайда атымтай жомарттарымыз кесапатты кеселден көз жұмуға шақ қалған науқастардың ғұмырын сақтап қалуға өз септігін тигізуде. Осындай үміт отын сыйлаған қайырымды жандар көпшілікті игілікті істен шет қалмауға шақырып, әлемді әбігерге салған коронавирус індетінен аман шығып, шат-шадыман шаққа жетуді нәсіп еткей десті.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support