- Advertisement -

Қаржыны тиімді жұмсап, сапаға көңіл бөлу қажет

116

- Advertisement -

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, ондағы әлеуметтік нысандар мен шаруа қожалықтарын аралады.

Аймақ басшысы алдымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аумағын кеңейтуі жоспарланған Ақтоған ауылында болды. Қазір мұнда 60 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде. «Ая Сервис» ЖШС жаңа көшеге асфальт төсеп жатыр. Жалпы, бұл бойынша ауылда 10 жаңа көше пайда болып, Ақтоғанның аумағы 60 гектарға ұлғаймақ. Жоба құны – 112,5 миллион теңге.
Электр және басқа да инфрақұрылымдар салу ісі де қолға алынбақ. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Қазір ауылда 90 отбасы тұрады десек, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін ауылға ондаған жаңа үйлер қосылмақ.
– Ауылдың аумағын кеңейтуді электр қуатын тарту жұмыстарынан бастаған дұрыс. Ең алдымен соған назар аудару керек, содан кейін ғана қалғаны болады. Құрылыс жұмыстары кезінде ақшаны барынша тиімді жұмсап, сапаға ерекше көңіл бөліп, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Сарымолдаев ауылының аумағын да кеңейту көзделуде. Рас, мұнда небары 10 гектар ғана жер бар. «Ерк Астана» ЖШС құрылыс жұмыстарын осы жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл аумаққа электр энергиясы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тартылмақ. Бүгінде аталған ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етудің сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы аяқталып келеді. Ол бойынша екі резервуар, екі сорғы және басқа да жабдықтар орнатылды. Жүйе ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылмақ. Оның қуаттылығы – тәулігіне 2124 текше метр суға шақталған. Су құбырының ұзындығы – 115 шақырым.
Сарымолдаев ауылдық округі, Ойтал ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қ.Сарымолдаев атындағы №12 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1972 жылы салынған оқу орны жөндеуден кейін толықтай қайта құрылмақ. Мектеп директоры Ілиясжан Әлімхожиннің айтуынша, жылу, сумен жабдықтау, кәріз жүйелері жаңартылуда, барлық терезелер мен есіктер ауыстырылып, жаңа бақылау камералары орнатылады. Нысанның сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 190 миллион теңге болатын жөндеу жұмыстарын «Дос и К» ЖШС жүргізуде.
Облыс әкімі Меркі ауылында жол салу үшін асфальт, бетон және қажетті материалдар өндіретін «Айя Сервис» ЖШС-ның зауытында болды. Кәсіпорын директоры Майра Молдабаева зауыттың қуаттылығы жылына 33000 тонна асфальт өндіруге шақталғанын атап өтті. Компанияда 113 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақы көлемі – 126 мың теңге.
Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Аймақ басшысы шаруа қожалықтарының басшыларымен де арнайы кездесті. Бұған дейін белгілі болғандай, өткен жылы «Меркі қант зауыты» ЖШС зауыты қант қызылшасымен қамтамасыз етіп келген фермерлерге қарыз болып, оны ұзақ уақыт бойы қайтармай келген болатын.Сапарбаев бұл мәселенің шешілу барысы туралы сұрағанда, аграршылар зауыт басшылығы шаруа қожалықтары алдындағы берешегін толықтай өтегенін жеткізді. «Трансфер» шаруа қожалығының фермерлері шикізат бағасы өзгеріссіз қалғанын тілге тиек етті.
Меркі ауылының жеке кәсіпкері Рахима Сейдалиева 0,25 гектар жылыжайда құлпынай мен қияр өсіруде. Өткен жылы ол алты пайыздық несиемен алты миллион теңге алыпты. Жылыжайдың жай-күйімен танысқан облыс әкімі өнімнің сапасына жоғары баға берді.
Сол секілді, аудандағы «Девруш» шаруа қожалығы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді десек, ол өз өнімі – алмаларын бүкіл Қазақстан бойынша өткізеді. Шаруа қожалығының басшысы Кенан Мамедов 12 гектар алқапта сегіз алма сорттарын өсіріп отырғандығын, бес отбасын маусымдық жұмыстармен қамтамасыз ететінін жеткізді.
Ал Андас батыр ауылдық округіндегі «Алғажы» шаруа қожалығында егін ору жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда астықтың 60 пайызы жиналып үлгерілген.
«Даму Сұрат» кооперативінің атқарушы директоры Тауржан Алтынбаев атап өткендей өңірде қолға алынған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға арналған пилоттық жоба қазірдің өзінде тұрақты кіріс әкелуде екен. Жоба қатысушылары өз өнімдерін сатуға немесе оларды қолайлы бағамен өткізуге арналған базарларда арнайы орындар жасақталыпты. Алайда, әзірге жоба кооперативтің өзіне емес, жеке қатысушыларға ғана пайда әкелуде. Т.Алтынбаев сонымен қатар кооператив жұмысын кеңейту үшін жер жетіспейтінін айтты.
– Мен пилоттық жоба жамбылдықтарға нақты табыс әкеліп жатқандығына өте қуаныштымын. Жердің жетіспеушілігіне келетін болсақ, ол мәселені шешу жолдарын қарастыруға болады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің бұл күнгі жұмыс сапары Т.Рысқұлов ауданында жалғасып, Құлан ауылындағы туберкулезден емдейтін орталық аудандық аурухананың бөлімшесінде болды. Қазір бұл нысан күрделі жөндеуден өтуде десек, бір аптадан кейін бөлім ғимараты 100 төсектік коронавирусты науқастарға арналған провизорлық стационарға айналмақ. Мұнда жергілікті және басқа аудандар мен облыс орталығынан келген науқастар ем алатын болады.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support