«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық біздің әр ісімізді бақыфлап отыр

Халық біздің әр ісімізді  бақыфлап отыр
ашық дереккөз
Халық біздің әр ісімізді бақыфлап отыр

Адамды биікке көтеретін – еңбек, төңірегіне сыйлы ететін – жайлы мінезі, ақыл-парасаты мен іскерлігі. Осының барлығын жастай бойына сіңіріп, қызмет баспалдағымен жоғары өрлеген ел ағасы Өсер Нұрбаевты әріптестері мен ауылдастары қашанда құрмет тұтып келеді.

Иә, бүгінде жауапкершілігі зор, жүгі ауыр мемлекеттік қызметтің жауапты тұтқасын ұстап, бір ауылды ұйымшылдыққа бағыттап, басқарып отырған Өсер Әбдіжәлілұлының жастарға үйретері көп. Дегенмен қарапайым халық қиналған сәтте әкімдіктен, құзырлы орындардан қолдау күтеді емес пе? Сонымен қатар билік пен халықтың да жиі сынына ұшырап жататын да көбіне-көп ауыл әкімдері. Қалай десекте қазіргі таңда билік пен халықтың ортасына алтын көпір орнатып, халықтың қамын, елдің жайын ойлап жүрген де Өсекең сияқты азаматтар екенін мойындауымыз керек. «Атаның ғана ұлы болмай, адамзаттың ұлы бол» деген қағиданы берік ұстанған Өсер Әбдіжәлілұлы сегіз жылдан бері басқарып келе жатқан Қызыл жұлдыз ауылдық округі әкімдігіне қарасты елді мекеннің болашағына көп алаңдайды. Сондықтан да ауылдың өсіп-өркендеуі жолында аз тер төгіп жүрмегені анық. Оны атқарған жұмысынан да байқау қиын емес. Қалай дегенмен де 43 жылдан бері түрлі салада еңбек етіп келе жатқан оның өмірде жиған тәлім-тәрбиесі көп-ақ. Еңбек жолын қарапайым колхоздың жұмысшылығынан бастап, біліктілігінің арқасында биік белестерге қарай өрлей берді. Соның арқасында еңбек жолының 26 жылын мемлекеттік қызметке арнапты. Соңғы 23 жыл көлемінде басшылық салада қызмет атқарып келіпті. Атап айтсақ, Сарыкемер ауылдық округі әкімінің орынбасары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, Жаңатұрмыс және Сарыкемер ауылдық округтерінің әкімі қызметтерін абыроймен атқарған. Ал 2012 жылдан бері Қызыл жұлдыз ауылдық округіне әкім болып екі қайтара сайланған ол елдің құрметіне бөленіп үлгерді. Бұл жылдарда округтегі 22 көше жолының 15-не асфальт жабыны төселді. Бұдан бөлек, алты көшеге жарық тартылды. Түнгі уақытта ол жарықтар көшеге сән беріп, ауыл орталығына сәуле шашып тұр. Ауылдық клуб пен пошта ғимаратына газ кіргізілді. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарын аптасына бір рет шығарып отыру жұмысын ұйымдастырды. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестік аясында 75 орындық екі балабақша, Н.Ақшабаев орта мектебі жанындағы ескі мектеп ғимаратынан 75 орындық шағын орталықтың ашылуына үлес қосты. Осы жұмыстардың арқасында 200-ден аса бала балабақшамен қамтылды. Төртінші деңгейлі бюджет түсімін арттыра отырып, орталық саябақ ішінен шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңын салдырды. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған орта және шағын кәсіпкерліктің ауылда қанат жаюына да аз еңбек сіңірмегені анық. Қазіргі таңда ауыл қалаға тиіп тұрса да ауыл тұрғындарына 4 техникалық жөндеу орталығы, 3 наубайхана, 2 шаштараз, 20 азық-түлік дүкені, 2 дәріхана қызмет көрсетуде. Жалпы округте 14 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешуде. Өмір болған соң ел арасында әртүрлі келіспеушіліктердің орын алып тұратыны белгілі. Мұндайда Өсекең ауыл ақсақалдарын ортаға салып, қандай мәселе болса да, тіпті көршілер өзара араздасып қалса да бейбіт жолмен шешіп отырады. Жүрегі мейірімге толы ол білімді, іскер басшы ғана емес, отбасына қамқор жар, мейірбан әке, немерелеріне сүйікті ата. Ол құдай қосқан жарымен бірге екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, өрісін кеңейтіп, немере сүйіп, бақыттың базарында ғұмыр кешуде. «Жұмыстан шаршап келгенде немерелерімнің алдымнан қанатын жайып, құлдыраңдай ата деп, шауып шыға келгенде шаршағанымды әп-сәтте ұмытып кетем. Олар маған күш-қуат береді. Біздің болашағымыз осылар. Өзім дүние жинамасам да менің қазынам – артымнан ерген ұрпақтарым» дейді ол. «Әке көрген оқ жонар» дегендей ұлдары мен қыздары әке жолын қуып, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етуде. Үлкен ұлы Мұрат Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде қызмет атқарса, кішісі Мақсат «Қазақтелеком» АҚ-да белді маман. Әселі аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарса, Асылзаты аудандық газетте журналист. – Халықтың сеніміне ие болып, олардың мұң-мұқтажын түсіне білу – жауапты іс. Біз қабылдаған шешімнің артында қаншама адамның, отбасының тағдыры тұр. Мемлекеттің дамуы да ауылдан басталады. Халық біздің әр ісімізді бақылап отыр. Мемлекеттік қызметкер – бәріне жауапты. Біреудің шарбағы құлап қалса да, ел «әкімдік қайда қарап отыр» дейді. Өйткені, адамдар барлық мәселе бойынша бізден қолдау күтеді. Біз әрдайым соған лайық болуға тиіспіз, – деді Өсер Әбдіжәлілұлы әңгіме барысында. Осыдан-ақ Өсер ағаның қызметіне деген адалдығы аңқып тұр емес пе?

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар