- Advertisement -

Ауылдың ажары – Ардагерлер аллеясы

366

- Advertisement -

Ақжар ауылындағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығына орай ашылған «Ардагерлер аллеясында»
1941-1945 жыл деген айшықты жазбалармен безендірілген ескерткіш тақта орнатылған. Онда «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және боздақтарының, тыл еңбеккерлерінің ерліктері мен есімдері ұрпақтарының мәңгі есінде», деп жазылған. Ескерткіш тақта 4 бөлімнен тұрады.

Ескерткіш тақтаның «Боздақтар» бөлімінде Ұлы Отан соғысында Отан үшін жанын пида етіп, майдан даласында қаза болған, туған жерден топырақ бұйырмаған ауылдастардың аты-жөндері жазылған. «Ардагерлер» бөлімінде қан майданнан оралып, елдің әл-ауқатының өркендеуіне елеулі үлес қосқан, еңбектері көпшілікке үлгі болған ауыл еңбеккерлерінің есімдері тізілген. Ескерткіш тақтаның келесі бөлімі «Ақжар ауылының батырлары және тарихи тұлғалары» деп аталады. Ұлы Отан соғысында асқан ерлік жасап Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, белгісіз себептермен берілмеген, ұзақ жылдар ауылдағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарған Үмбетқұл Жиенбаев, әділдігі мен турашылдығына қарай би атанған Татан би, Ұлы Отан соғысы жылдары Ақжар ұжымдық шаруашылығының төрағасы ретінде майданға көмек ұйымдастыру бойынша облыстық комиссия құрамында болған ардагер майдангер Кеужан Өтегенов, Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеген Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты Әлжан Мұрынбаев, Ақжар ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарып, 1937 жыл зобалаңымен атылған Үсіпбек Байтөриев, Тараз қаласында террористі ұстауда мерт болған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов, СОКП ХХІІІ съезд делегаты қызылшашы Патиха Байтөриева, алғашқы ұжымдық шаруашылық төрағалары Жолшыбек Есенгелдиев пен Кәнібек Мыңбаевтың есімдерін де осы тақтадан табасыз.
«Тыл еңбеккерлері» бөлімінде ер-азаматтар майданға аттанып ауыл шаруашылығының бар ауыртпалығын көтерген, таңның атысы, күннің батысы шаруашылық басында өткізген қариялар мен әйелдер және бұғанасы қатпаған ұл-қыздардың есімдері жазылған. Соғыс жылдары трактор айдап, еңбек еткен механизатор әйелдер Пернекүл Көкебаева, Тәлімбала Сырлыбаева, Қарақыз Жасұзақова және Дәметкен Сабалақова да ұмыт қалмаған.
Ардагерлер аллеясының ауыл мешітімен жапсарлас орналасқанының өзі жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Бұл игі іске ауданның Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Тәуірбек Әшімов бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Тұрғындар және ауылдан шыққан азаматтар қомақты қаржы жинап беріп, үлкен көмек көрсетті. Олардың қатарында республикалық соқыр-мылқаулар қоғамы президенті Тезекбай Исаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Талас Омарбеков, Түркістан облысында тұратын ардагер-ұстаз Тұрар Кәнібекова, «Тұрсын» шаруақожалығы төрағасы Тұрсын Қалабаев және Шыңғыс Әшімов, ұзақ жылдар ауданды басқарған Үсіпәлі Қалиев пен Мырзакерім Мұхамеджанов, АТП директоры Сәбит Жасұзақов, ардагер-механизатор Орынбасар Досетов, кәсіпкерлер Алатау Әйтімбетов мен Арман Сырлыбаевты атап өту керек.
Ардагерлер аллеясын жасауда айтарлықтай қызмет атқарған ауылдан шыққан және ауыл азаматтары Талғат Исмайлов, Қанат Егембердиев, Ұлдарбек Дербісалиев, Нұрлыбек Ойшыбеков, Таңатар Тыныбеков, Ақмахан Иманбаевқа және ауыл ардагерлер кеңесі төрағасы Жомарт Мұхамеджановқа ауыл тұрғындарының айтар алғыстары шексіз. «Жауынмен жер көгереді, алғыспен ел көгереді» деген дана халқымыз.
Ауыл ажарын аша түскен аллеяны қоршай отырғызылған шырша көшеттері жарасым тапқан. Алдында бірін-бірі қуалап, мәз болып, асыр салған бүлдіршіндер күлкісі естіледі.

Айтмаханбет Тышқанбаев.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support