Осыдан алты жылдай бұрын ғой деймін, облыстық маңыздағы «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» жолына жөндеу жұмыстары басталды. Аудан орталығы Мойынқұм мен Ұланбел ауылдарының арасы – 180 километр. Жол бойында Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек ауылдары орналасқан. Аудандағы 32 мыңдай халықтың бір бөлігі осы елді мекендерде тұрады. Жергілікті халық аудан және облыс орталықтарына осы жолмен қатынайды. Міне, ұзақ жылдардан бері тозығы жеткен осынау жолды жөндеуге кіріскенде бірінші бөркін аспанға атып қуанған да осы ауылдардың тұрғындары еді.
2014 жылы ауданға жасаған жұмыс сапарымызда жол бойындағы ауылдарды аралап, Ұланбелге дейін барғанбыз. Сәтін салса ендігі сапарымызда Мойынқұм ауылына тақтайдай теп-тегіс жолмен жүйткіген жеңіл көлікпен демде-ақ жетіп келерміз дегенбіз сонда. Қайдан, одан бері де үш-төрт рет жүрдік, жөндеу жұмыстары бітер емес. Биылғы ақпан айында Тараздан шығып, Талас ауданының Ақкөл ауылы арқылы осы жолмен жүріп, Ұланбел ауылының тұсынан аудан орталығына қарай бұрылғанымызда жиырма километрдейі жөнделіп бітпегенін көріп едік. Күні кеше шалғай өңірге тағы жол түсті. Әлі сол қалпы. Жұмыс біржола тоқтап қалған дей алмайсың. Сарысу ауданының Жайлаукөл және Ұланбел, Мойынқұм ауылдарына баратын жолдың қиылысындағы асхана алдында асфальт тау болып үйіліп жатыр. Кедір-бұдыр жолмен бір сағатқа жуық жүріп, асфальтқа әрең түстік. Асфальт деген аты ғана, тым жұқа, жол жөндеу ережелері сақталмаған. Ертең Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық аймағындағы тұз-кен орындарынан пәлен тонна тұз, Ұланбел өңірінен тонналаған қызыл тас тиелген көлік, Алматы қаласы мен көрші қырғыз елін бетке алса бір жүріп өткенде-ақ тас-талқанын шығарып кететінін анық. Тонна-тонна тұз немесе тас артқан көлікті ережеге сәйкес жүруін құмды мекенде бақылап тұратын көлік инспекциясы немесе жол полициясы қайдан болсын. Қашан төселгенін қайдам, асфальтталған жерлердің кей жерлері ошақтай болып ойылып жатыр. Шұңқырды арагідік жамаған болыпты. Тағы бір мәселе – жолға төселген асфальт бойына екі жүк көлігі қатар әзер сыяды-ау, өте тар. Қарсы келе жатқан көліктер бір-бірімен қақтығысып қалмас үшін жол жиегіне шығып кетіп, апатқа ұшырап жатпай ма деген де бір суық ой сумаң етті. Аудан орталығына жиырма километрдей қалғанда Қылышбай-Мойынқұм ауылдарының арасындағы жолдың бетін қопарып, алып тастап жатыр. Қайтадан жеңіл көлік титықтады да қалды. Жаздың жартысынан ауды, күз түспей жауын-шашын басталып кетуі мүмкін. Содан «келесі жылға өтпелі» деп 2021 жылдың еншісіне қалып кетеді-ау деген күдік басты көңілді. Оның үстіне биылғы ақпан айындағы «Aq jol»-дың кезекті нөмірлерінің бірінде «Кері байланыс: сауал – халықтан, жауап – басшыдан» айдарына мойынқұмдық оқырманымыз Айдаркүл Қораласова «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» бағытындағы жолды жөндеу қашан толық аяқталады?» деп сауал жолдады. Оған жауап берген облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков бүй деп еді: «Облыстық маңызы бар «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автожолының 200- 220 километрін орта жөндеуге 2020 жылы 386,7 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдері жүргізілуде. Мердігер анықталып, келісімшарт жасалған соң, құрылыс жұмыстары басталады. Жобаны іске асыру 7,2 айға жоспарланған». Жарайды, жұмыс межелеген уақтысында бітсін дейік. Осы жерде мердігер мекемеден қабылдап аларда тапсырыс беруші жақ жол жөндеу ережелерінің қалай сақталғанына баса назар аударуы қажет емес пе? Әйтпесе мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшады. Ал жол азабы – жан азабын қарапайым жолаушы тартады. Облыс орталығынан немесе Мойынқұм ауылынан шыққан жұрт Шу ауданы арқылы жүрейін десе апаттық жағдайға жеткен «Меркі-Бурылбайтал» жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қиырдағы ел енді осы жолдың жұмысы белгіленген уақтысында аяқталса екен деп армандайды. Ал Бірлік-Мойынқұм ауылының аралығындағы алпыс километрге жуық жол жөнделген, көлік біткен зулап жатыр. Айтпақшы, былтыр «Тараз қаласынан Мойынқұм ауылына «ЯК-40» ұшағы ұшатын болды» деген ақжолтай хабар жол азабын тартып келген шалғай өңірдің тұрғындарының үміт отын жағып еді. «Тараз қаласынан көкке көтерілгені, аспанда ұшқаны мен төмен ылдилағаны бар, бар-жоғы 45 минутта ауылда боламыз» деп алыс ауыл тұрғындары бір-бірінен сүйінші сұрасқаны есте. Әрине, қазіргі карантиндік жағдай кезінде ауыл арасында ұшақ ұшыру мәселесі қиын екені белгілі. Бірақ, карантинге дейін де Мойынқұмға ұшайын деп тұрған ұшақты көргеніміз жоқ. Соған қарағанда бұл мәселе дүбірлеп басталып, күбірлеп айтатын жағдайға жеткен сияқты. Кешегі кеңес заманында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев пен ауданды жиырма жылға жуық жемісті басқарған Айтбай Назарбековтің кезіндегі Алматы мен Тараздан Мойынқұмға ұшқан «ЯК-40» ұшағы мен Алматы қаласынан Ұланбел ауылына қатынайтын «Икарус» автобусын аңсайтын аға ұрпақ өкілдерінің талайы бүгінде бақилық болған. Бүгінгі жастарға «солай болған» десең «ертегі айтпашы, көке» дейді...
Облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан иен далада мыңғыртып мал айдап, өндірісін өркендетіп жатқан елдің облыс орталығымен қатынасы қашан жолға қойылады? Бұл сұраққа облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков мырза не дер екен?
Мойынқұм ауданы.
Амангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді