- Advertisement -

Наурызда басталған құрылыстың 21-ақ пайызы біткен

62

- Advertisement -

Қазіргі таңда өңірде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда облыс орталығында ауқымды жұмыстар жүзеге асуы тиіс. Мердігер компаниялардың белсенділігі, жұмысқа жауапкершілігі, құрылыс жұмысын кестеге сай сапалы әрі ширақ жүргізуі аса маңызды. Тараз қаласында құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған мәселелерге ерекше мән берді.

Өңір басшысы әуелі Ә.Бөкейханов атындағы гимназияның 300 оқушыға арналған нысанын кеңейту жұмысымен танысты. Ашығын айтқанда мұндағы жұмыс кестеден екі аптаға кешігіп отыр. Жұмыстың көлемі 21 пайыз ғана орындалған. Облыс әкімі бұл ретте «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Қанат Түсіпбековтен кестеден кешігудің себебін сұрады. Мұны мердігер компанияның өкілі біраз жұмысшыларының сырқаттанып қалуымен байланысты екенін түсіндіріп, кестені қуып жететіндеріне сендірді. Құрылысты аралап көрген Бердібек Машбекұлы: «Мұнда жұмыс наурыз айында басталған. Бірақ жұмыстың 21 пайызы ғана атқарылған. Бұл түрлеріңізбен биыл бітпейсіздер. Бұлай болмайды. Алдағы 1 қыркүйекке дейін осындағы құрылыс сапалы аяқталуы керек. Ұятқа қалдырмаңыздар. 300 миллион теңге бөлінген. Оны тиынына дейін тиімді пайдалануымыз керек», – деп облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға және аталған мердігер компания басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімі атбасын бұрған келесі нысан ер балаларға арналған Білім инновациялық лицейі болды. Осында 380 ерекше зерек балалар білім алады. Мұнда «Санат-Құрылыс» мердігер компаниясы 115 миллион 700 мың теңгеге 300 орындық жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Мердігер компанияның өкілі Әсет Ахатаевтың айтуынша, осында 35 -40 адам жұмыспен қамтылған. Ал жалақылары 80 мың теңгеден кем емес. Жатақхананың алдындағы спорт алаңдары да жөнделеді. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы құрылыс барысын аралап көріп, қаржыны тиімді пайдалануды, жатақхана алдында оқушылардың демалатын жабық орындықтарды жақсы безендіруді, құрылысты алдағы жаңа оқу жылына дейін аяқтау керек екенін айтты.
Дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп — интернатының күрделі жөнделуіне 263 миллион теңге бөлінген. Мұндағы жұмыстың сапалы аяқталуына «Касуб-Тараз» компаниясы жауапты. Компания директоры Өркен Аптиялиев осында 102 жұмысшы еңбек етіп жатқанын, жалақылары талапқа сай төленіп, құрылыстың 60 пайызы аяқталғанын баяндады. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мердігер компания басшысының сөзін бөліп, ғимараттың сырты неге күңгірт, қара түспен боялғанын сұрап, үнсіз қалған мердігерге бұлай болмайтынын, мұнда ел болашағы балалар білім алатынын ескертті. «Қара түс бұл нысанға сай келмейді. Бұл – өндірістік зауыттың жатақханасы емес, білім ошағы. Білім мекемесі балалар ауладан кіргеннен жарқырап, жайнап тұруы тиіс. Мына түсті басқа жағымды түске өзгертіңіздер. Одан кейін мектептің алдыңғы қабырғаларын кітаптың суреттерімен өрнектеп, Абайдың сөздерін жазып қойса, оқушыға жақсы әсер берер еді. Күрделі жөндеген соң жақсылап, жан-жақты идеялармен жұмыс жүргізген дұрыс. 263 миллион теңге деген аз қаражат емес. Атқарған жұмыстарыңыз да соған сай болуы керек» деп мердігерге ескерту жасады.
Мұнан соң өңір басшысы Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжіне барды. Мұнда да «Касуб-Тараз» ЖШС 148 миллион 991 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Облыс әкіміне мұндағы жұмыстар барысын колледж директоры Марат Әшімов түсіндірді. Осында 400 студент оқиды. Олар жұмысшы мамандықтары бойынша, атап айтқанда автокөлік жөндеу, дәнекерлеуші, экскваторшы мамандықтары бойынша білім алады. Үш мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Ал Елбасының қолдауымен жүзеге асқан «Жас маман» жобасына біздің облыстан кірген 11 колледждің бірі – осы. Бұл орайда облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова 11 колледжді дамыту үшін республикалық бюджеттен 2,8 миллиард теңге қаражат бөлінгенін айтты. Облыс әкімі «Жас маман» жобасына арналған ғимаратты да аралап көріп, мүндағы жаңа қондырғыларға көңілі толды. Дегенмен облыс басшысы: «Дайындаған мамандарың сапалы болса, олар кез келген жерден жұмыс табады. Осы бағытта жұмыс істеңіздер. Ал күрделі жөндеуді пайдаланып, спорт алаңдарыңызды жақсылап жөндеп алыңыздар», – деп колледж директорына құлаққағыс қылды.
Бердібек Машбекұлы мұнан соң күрделі жөндеу жүріп жатқан Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті аралап көрді. Мұнда 750 оқушы білім алса, 50 бала шағын орталыққа барады. Мәжіліс залына, үйірме бөлмелерге қатысты құрылыстарды көзімен көрген облыс әкімі бірқатар мәселеге назар аударды. Мектепте видеокамералар тұруы керегін, мектеп қабырғаларына белгілі ағартушылардың сөздерін жазып, кітаптың суреттерімен безендіруді тапсырды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support