ауыл шаруашылығы басқармасына ғана тиесілі тірлік пе?
Бүгінде елімізде енгізілген карантин жағдайы да аспандаған бағаға тұсау сала алмаған сияқты. Жалпы биыл айлыққа ешқандай пайыздық мөлшерлеме қосылмаса да кәсіпкерлер нарық бағамын негізсіз жоғарылатуын қояр емес. Әсіресе мереке күндері баға біраз шарықтап кетеді де, соңынан сәл түскен болады. Оның өзінде алдыңғы айларға қарағанда бағаның бірнеше теңгеге жоғарылап кеткені аңғарылады.
«Ашыққаннан құныққан жаман» демекші қазір кәсіпкерлерден ұят кеткен. Олар кешегі мұсылманның қасиетті айы Рамазан айында да бағаны аспандатып жібергенін көзіміз көрді. Саудагерлер пенделікпен аз күндік олжаға алданып, қара халықтың қалтасын қағуға дейін барды. Әсіресе мұсылманның ұлық мейрамы Айт күні баға көтеретін жөндері жоқ еді. Өкініштісі, сол пенделерінің ашкөздігіне мұсылман қауымының Айт мейрамы да тосқауыл бола алмады. Сол күні қарапайым халық күнделікті көп тұтынатын көкөністің бағасы да екі-үш есеге қымбаттап, бұған дейін 450-500 теңгеден сатылып келген алманың бағасы 1500 теңгеге бір-ақ жетті. Қазір оны 750-900 теңгенің көлемінде ұстап тұр. Ораза басталғанға дейін құрманың бір қорабы 400 - 450 теңге тұрса, қасиетті Рамазан айында оны сатушылар 750- 950 теңгеге көтеріп қойды. Жалпы дастарқанның ажарын ашатын, көпшіліктің сұранысына ие тәтті-пәтті, өрік-мейіздің де бағасы шарықтап кетті. Тарихтан білеміз, Пайғамбарымыз да сауда жасаған кісі. Құранның Әнғам сүресі, 152 аятында Пайғамбарымыз сауда жасаушыларға «өлшеуді, тартуды туралықпен орындаңдар» деп аят түсіреді. Сондай-ақ, Рахман сүресі, 55 аятта «өлшемде әділ болыңдар, таразда жемеңдер» деп баяндайды. Жалпы Құран сүрелеріне сүйенсек алдау-арбау, бағаны жөнсіз арттыру былай тұрсын саудагер табысын бар-жоғы 10 пайыз үстеме қосып сатуына болады екен. Ал бізде ойланып көрейікші, осы талаптар орындалып жатыр ма?.. Саудагерге: «Неге қымбат?» десең, оны базардағылар әртүрлі түсіндіруге тырысады. Мархабат (сатушы есімі бұрмаланып алынған) есімді саудагер «Бізге көкөніс көрші Түркістан облысынан, Жетісай, Сарыағаш жақтан жеткізіледі. Бағаны да көтеріп отырған сол жақтан жеткізетін делдалдар. Оларға неге қымбат десең доллар өсті ғой дейді. Бірақ бензин бағасы сол қалпы, оның отандық өнімге еш қатысы болмау керек. Содан кейін алсаң ал, алмасаң қой, сен алмасаң басқа біреу алады дейді. Ал бізде кәсіпкерлер бәрін доллармен есептегіш. Біз де тауарды арзан алып, төмен сатқымыз келеді. Бағаны түсірсек біз ұтыламыз. Амал жоқ бағаны көтеруге мәжбүрміз» деді. Келесі бір кәсіпкер «Мереке сайын кейбір азық-түлік түрлерінің екі-үш есеге бағасының артып кететіні рас. Бағаның көтерілгенін біз де қаламаймыз. Бізге тауар жеткізетіндер бағаны шарықтатып әкеледі. Содан кейін біз еңбегімізді ақтау үшін тағы қосамыз. Негізінен билік тарапынан бағаға бақылау қойылса. Арадағы делдалдар жойылмай бағаның осылайша құбылғаны-құбылған» деді өзінің есімін атамауын өтінген кәсіпкер. Доллар демекші, оның әсері бүгінде барлық тауар түрлеріне әсер еткендей. Тіпті карантин кезінде бензин бағасы көтерілмесе де ауыл, аудан мен Тараз арасындағы таксилер бағаны екі есеге көтеріп жіберді. 60 шақырымда жатқан Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына тараздықтар 1500 теңгемен қатынады. Бұрын 500 теңге болатын. Бұдан бөлек, құрылыс заттары да шарықтап кетті. Ал Тараз қаласындағы тұрғын үй бағасы да бірнеше миллион теңгеге өсіп шыға келген. Тағы менің бір көңіл аударғаным, өңіріміздегі базарларда сатушы мәдениеті өте төмен. Тауарын ұстап көріп, алмай кетсең, «неге ұстайсың, алмасаң тұр былай» деп сыпсыңдап жаныңа тиетін ауыр сөздер айтып, ұрса жөнеледі. Кейбірі көңіл бөлмек тұрмақ сұрағыңа жауап та қатпайды. Осындай сәтте «Алсаң ал, алмасаң қой» деп бедірейіп тұрған апа-әпкелерімізді, қарындастарымызды көргенде не алуға барғаныңды да ұмытып қаласың. Қайта нан сатып тұрған сатушылар мен салат сатып тұрған кәріс саудагерлерінің жүзінен иман үйіріліп, алдыңда құрақ ұшады. Жылы қарсы алған сауда нүктесінен көңілің де марқайып шығады емес пе? Біздің саудагерлерге осы жағы жетпей тұр. Баға бір Айт мейрамында ғана емес, барлық мереке қарсаңында аяқ асты шарықтап кететіні белгілі. Тіпті карантин басталған алғашқы аптаның өзінде-ақ бірталай азық-түлік бағасы көтеріліп кеткені есте. Соның ішінде құмшекер, қарақұмық тағы басқа заттар бар. Билік тарапынан жұмыс тобы құрылып, облыс әкімінің орынбасарлары қала базарлары мен сауда орталықтарын аралағанда қастарында болдым. Көптеген сауда орталықтарында баға қалыпты болғанымен «Ауыл-Береке» базарындағы көтерме сауда орталығында бағаның құбылмалылығы байқалды. Бізді көрген сатушылар бірден көкөніс бағасын 30-50 теңгеге бір-ақ түсірді. Артынша бізге айтқан бағаны естіп барған алушылар айқай шығарды. Өйткені саудагерлер біз ұзамай-ақ бағаны қайта көтеріп қойған. Олар шу шығарғанымен сатушы арзан сатқысы келмейтінін аңғартты. Әрбірден кейін кәсіпкерлер бағаны көтерген анау деп бір-біріне сілтейді. Түбін таппайсың. Онда барсаң ол басқаны айтады. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, азық-түлік бағасының жоғарылау динамикасы байқалады. Атап айтсақ, бірінші сұрыпты ұн бағасы – 2,1, қарақұмық – 11,6, нан - 1,5, сиыр еті – 2,9, тауық еті – 2,1, жұмыртқа – 2,7, сарымай – 6,2, пияз – 39,4, сәбіз – 17, картоп – 23,7, қант бағасы – 3,3 пайызға көтерілген. Бұл азық-түлік бағасының көтерілуін ішкі және сыртқы нарықтағы сұраныстың артуымен байланыстырады ауыл шаруашылығы мамандары. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорындағы тауарлар 12 сауда орындарынан ашылған арнайы сөрелер және 11 әлеуметтік дүңгіршіктер арқылы нарық бағасынан 14-45 пайызға төмен сатылуда. Бағаны заңсыз көтергендерге не шара қолданылып жатыр деген сұрақты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлына қойған едік. – Мереке қарсаңында азық-түлік бағасының екі есеге көтеріліп кететіні рас. Біз облысымызда бағаны тұрақтандыру үшін 33 азық-түлік түрі бойынша кәсіпкерлерге арзандатылған тауарды ұсынудамыз. Өкінішке орай, біз ұсынған тауарды кәсіпкерлер алмай отыр. Оны алса оған бес-ақ теңге қосып сата алады. Әрбір мереке қарсаңында рейд жасаймыз. Сатушыға «сен неге бағаны көтересің?» деп жетіп барсақ, оның жауабы дайын. Міне, мынаны мұншадан, ананы соншадан сатып жатырмын деп ақталады. Шындап келгенде біз оларға айыппұл сала алмаймыз. Тек түсіндіру жұмысын жүргізумен шектелеміз, – дейді баспасөз хатшысы. Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлер салығын төлемесе ғана айыппұл сала алады екен. Ал тұтынушылар мекемесі арыз түссе ғана тексеріп айыппұл салады. Яғни, қала әкімдігі мен аудандағы сауда-саттыққа жауапты бірде-бір мекеме баға мәселесін реттей алмайды. Тек облыс әкімі тапсырма берген кезде ғана жұмыс жүргізген болады. Артынша қадағалау болмаған соң соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Карантин кезінде «SMALL» сауда орталығында қанттың бағасы 175 теңгеден 185 теңгеге, яғни 10 теңгеге жоғарылады. Оның себебін сауда орталығының аға администраторы Айнұр Рысқалова қанттың Ресей мен Беларус елдерінен тасымалдануымен түсіндірді. Жалпы мұндағы өнімнің 80 пайызын отандық өндірушілердің өнімі құрайды. Бүгінге дейін қантты Меркі қант зауытынан алып келген сауда орталығы қант зауыты жұмысын тоқтатқан соң жоғарыдағы елдерден тасымалдауда. Қоймада да қажетті азық-түлік тауары жеткілікті. Аймақта бағаны тұрақтандыру үшін облыстық тұрақтандыру қорынан «Себетке» – 40, «Нұрисламға» - 15, «Алма» сауда орталығына 5 тонна құмшекер таратылған. Барлық сауда орталықтарында қордың 15 түрлі азық-түлік тауары төмен бағамен өткерілуде. Ондағы сауда сөресіне «Жамбыл облысы әкімдігінің тұрақтандыру қорының тауарлары» деп жазып қойылған» – дейді Т.Тынысбекұлы. – Қала тұрғындарының алаңдауына ешқандай негіз жоқ. Облыстық тұрақтандыру қорында азық-түлік қоры жеткілікті. Онда халықты 2-3 ай қамтамасыз етуге жетерлік азық-түлік тұр. Сондай-ақ көкөніс сақтау қоймалары мен өзге де қоймаларда 16,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Бұдан бөлек, облыстың тұрақтандыру қорында 1,3 мың тонна көкөніс, 2,6 мың тонна қант, 3 мың тонна ұн, сондай-ақ бірінші қажеттіліктегі тауар қоры сақталынған. Облыс әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Жалпы, облыс тұрғындарының босқа дүрлігуіне негіз жоқ, – деді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Құлкеев.
Тілші түйіні: Байқағанымыздай баға мәселесі бүгінгі таңда ешкімді, ешбір мекемені қызықтырып отырған жоқ. Бар шаруа облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мойнына ілінген күйі қалған. Айыппұл салатын құзыреті болмаған соң ол жүгенсіз кеткен кәсіпкерге не істей алсын. Адамды адам ететін, биікке көтеретін иман. Кәсіпкерлерге иман жетіспей тұр. Пайғамбарымыз айтқан өсиетпен тірлік жасайтын болса бар кәсіпкер бірінші Алланың нұрына, одан кейін халықтың алғысына шексіз бөленер еді. Шерағаң айтпақшы, бұл да бір кем дүние...
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді