Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды
К.МӘСІМОВ
2020 жылы Қазақстан жалпы адамзат үшін қауіп төндіретін жаңа қыр көрсетулермен, қауіп-қатерлермен бетпе-бет келді. Жаңа дәуір бұған дейін бізде болмаған өзгеше түрдегі және ауқымды проблеманы алға тартты. Бұл киберкеңістіктегі және биологиялық қауіпсіздіктегі қауіп-қатерлер, СОVID-19 пандемиясы, трансшекаралық қылмыстық қоғамдастықтың нысандары мен әдістерінің өзгеруі, этносаралық жанжалдар, халықаралық терроризм және т.б. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалпы қауіпсіздік жүйесіндегі басты буын ретінде заманауи трендтер мен тәуекелдердің теріс ықпалын мемлекеттік органдардың ішінде алғашқы болып сезінді. Уақыттың жаңа ағымын ескере отырып, Президент Қ.Тоқаев ҰҚК органдарының жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртуды қолдады, өйткені бас арнаулы қызметтен үлкен қырағылық, серпінділік, икемділік, талдамалылық пен стандартты емес шешімдер қабылдау талап етіледі. Сыртқы барлау қызметінің ҰҚК құрамына қайтарылуы сыртқы және ішкі контурларда ресурстарды шоғырландыруға және оларды жедел әрі оңтайлы пайдалануға мүмкіндік берді. Мемлекеттік шекара тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық сияқты мемлекеттің егемендік атрибуттарымен бірге біздің даңқты бабаларымыз қорғаған іргелі құндылық болып табылады, біз оны сақтауға және болашақ ұрпаққа табыстауға міндеттіміз. Ең жаңа техникалық құралдарды пайдалана отырып, мемлекеттік шекара күзетін жетілдіру бағытында ҰҚК Шекара қызметін толыққанды реформалау аяқталды. Артық буындарды қысқарту есебінен аумақтық департаменттер құрылды. Қызметтің аса үлкен құрылымы оңтайландырылды. Мемлекеттік шекара күзетіндегі жедел жұмыс және барлау бағыттары айтарлықтай күшейтілді. Шекара ведомствосын жаңғырту шекара қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерге дер кезінде ден қою, еліміздің егемендігіне, аумағының тұтастығы мен мызғымастығына қол сұғушылықтың алдын алу және жолын кесу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті органның функциясын қабылдағаннан кейін ұлттық мүдделерді қозғайтын мәліметтерді құпияландыру бойынша әкімшілік шаралар мен тәсілдердің ескірген жүйесі қайта қарастырылды. Заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, нақты құпиялар тізбесі жасалды. Біздің басты міндетіміз – ел тәуелсіздігін қорғау, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау. ҰҚК азаматтарымыз бен еліміздің әл-ауқатының күзетінде тұр. Мұнда да соңғы жылдары бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бірақ барлығын ашып айтуға болмайды. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі – терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл. Соңғы жылдары әлемнің әртүрлі өңірлерінде орын алған және орны толмас адам шығынына әкеп соқтырған террористік белсенділік адамзаттың осы проблемасына жаңаша қарауға мәжбүрлейді және қазақстандық қоғамды террористік қауіп-қатерлерге қарсы бірігуге міндеттейді. Радикалды діни көзқарастар дүниетанымдық көзқарастар мен конфессиялық құндылықтар – қақтығысатын әлеуметтік жанжалдардың туындауына себепкер фактор. Деструктивті элементтер қатысып, жалған ақпарат тарату құралдары қолданылған жағдайда мұндай қайшылықтар көбінесе түрлі этностық топтар арасындағы тұрмыстық даулардан басталып, саяси және азаматтық жанжалдарға ұласуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті террористік және экстремистік қауіп-қатерлерді азайту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. Дін атын жамылып зорлық-зомбылық жасау көріністерін болдырмау шаралары дер кезінде іске асырылуда. Өткен жылы елімізде, сонымен қатар шектес мемлекеттерде дайындалған терактілердің жолын кескен ауқымды операция жүргізілді. Бұл – құтқарылған жүздеген адамның өмірі мен қоғамымыздың тыныштығы. Барлық жағдайларда радикалдардың әрекеттеріне тікелей басшылық жасауды, не болмаса оларға идеологиялық түрткі болуды интернет арқылы шетелдік террористер жүзеге асырды. Бұл ретте әлеуметтік топ ретінде жастар діни идеологияны тез қабылдайтындықтан, қазақстандық қоғамның мейлінше осал бөлігі саналады. Осыған байланысты ҰҚК және басқа да мемлекеттік органдар терроризм мен экстремизмді насихаттайтын материалдардың әлеуметтік желілерге орналастырылуына қарсы ден қою шараларын іске асыруда. Жыл сайын біздің тарапымыздан он мыңдаған материалдар мен ақпараттық ресурстар анықталады, олар интернет-сервистердің иелерімен жолға қойылған өзара іс-қимылдың арқасында бұғатталады. Сирия мен Ирак аумағынан төнетін террористік қауіп-қатерлерді жою бойынша шаралар қабылданды. «Жусан» операциясы шеңберінде 595 қазақ-стандық Сириядан отанына қайтарылды, олардың 406-сы бала. Террористік іс-әрекетке қатысы жоқ адамдармен оларды радикалды көзқарастан арылту, оңалту және бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстандық содырларға қатысты оларды оқшаулау және террористік іс-әрекетке қатысқаны үшін сотқа тарту шаралары қабылданды. Қазақстанның Сирияда қалған азаматтарды отанына қайтару бойынша гуманитарлық операциясы БҰҰ тарапынан оң бағаланғанын атап өткен жөн. Әлемдегі бірде-бір арнаулы қызмет арнайы мақсаттағы қызметтердің көмегінсіз күрделі террористік актілердің жолын кесе алмайды. ҰҚК-де мұндай ұтқыр жедел ден қою бөлімшесіне «А» қызметі жатады, оның жеке құрамы дайындығы жоғары офицерлерден құралған. Бұл қызметтің қолданысында заманауи жауынгерлік роботтар, техникалық барлау құралдары, автоматтандырылған басқару жүйесі бар, олардың кейбіреуінің ведомство мамандарының бірегей әзірлемесі екендігін батыл айта аламыз. Қазақстан өзінің географиялық жағдайына, маңызды табиғи ресурстары мен ұлан-байтақ аумағының болуына байланысты әлемдік державалардың басты назарында қала бермек. Бұл жағдай шетелдік арнаулы қызметтердің Қазақстанға ұмтылыстарының бағыты мен мазмұнын алдын ала айқындайды. Олардың іс-әрекеттері негізінен саяси, экономикалық және қорғаныс сипатындағы құпия мәліметтерді табуға, сондай-ақ ықпал ету агенттерінің платформасын құруға, олар арқылы өздерінің мемлекеттеріне пайдалы саяси шешімдерді өткізуге бағытталған. Бұл бізден қарсы барлау режімін тұрақты түрде жетілдіруді талап етеді. Осы бағыттағы жұмыста қызметкерлеріміздің кәсібилігі, азаматтардың отаншылдығы, құпия мәліметтерге рұқсаты бар қызметшілердің құқықтық санасын қалыптастыру маңызды рөлге ие. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді, әртүрлі жалған қоғамдық қозғалыстарды пайдалана отырып, ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет ету фактілері де анықталуда. Біздің қарсыластарымыз қазіргі биліктің беріктігін бағалауға әрекеттенуде, әлеуметтік-экономикалық, ұлтаралық және діни салалардағы осал тұстарын іздеуде. Алайда іс-әрекеттерінің астыртындығы мен заманауи ақпараттық әзірлемелеріне қарамастан олар біздің назарымыздан тыс қалмайды. Елдің саяси тұрақтылығына, экономикалық әл-ауқаты мен қорғаныс әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған бірқатар барлау акцияларының жолы кесілгені туралы, бастамашылықпен жасалған тыңшылық әрекеттер, сондай-ақ жекелеген шетелдік арнаулы қызметтердің және олармен байланысты ұйымдардың құпия ақпаратқа қол жеткізу мақсатында мемлекеттік органдарға ену бойынша жоспарлары жөнінде ашық айтуға әлі ертерек. Террористік, экстремистік және өзге де қылмыстық ұйымдардың Қазақстанға келуінің ықтимал жолдарының бірі болып табылатын заңсыз көші-қон арнасында қарсы барлау бөлімшелері тарапынан белсенді жұмыс атқарылуда. Цифрлы егемендік пен бір елдің екінші елге ықпал ету мүмкіндігі үшін күрес жүріп жатқан цифрлы кеңістік қарсы тұрудың жаңа алаңына айналуда. Бүгінде жасанды интеллектке негізделген ақпараттық технологиялар дәстүрлі өмір салтын белсенді түрде өзгертуде, қарым-қатынас жасауды виртуалдық алаңға ауыстыра отырып, әлеуметтік коммуникацияны түбегейлі трансформациялауда. Экономикалық және салааралық салаларды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдар (платформалар) қалыптастыру арқылы цифрландыру барлық қоғамдық қатынастарды (бизнес – мемлекет – тұтынушылар) цифрлық кеңістікке шығарып, әрбір адам, қоғамдық өмір, активтер, экономикалық мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер туралы ауқымды деректерді дербес генерациялайды. Мобильдік қосымшалар нарығы компанияларға ең құнды ақпаратты жинау бойынша шексіз мүмкіндіктер ашады. Платформалардың иелеріне геодеректер, нақты кіріс, қызығушылық саласы, әлеуметтік байланыстар және басқа да көптеген нәрселер белгілі. Бұл деректер ақылды экономика құру мақсатында, сондай-ақ басқа мемлекеттер тарапынан нұқсан келтіру және барлау іс-әрекеттері үшін де пайдаланылуы мүмкін. Цифрлы коммуникация құралдарының біздің өмірімізді айтарлықтай жеңілдететіні сөзсіз, алайда кибералаяқтар заманауи интернет технологияларды пайдакүнемдік мақсаттарына белсенді пайдаланады. Әлемде тек жекелеген өнеркәсіптің ғана емес, тұтас мемлекеттік басқару жүйесінің қызметін тұрақсыздандыруға қабілетті көптеген хакерлік ұйымдар жұмыс істейді. Интернет желісінде салыстырмалы түрде жақында жаңа ақпараттық құбылыс – DeepFake, яғни түрлі мазмұндағы бейнематериалдарға белгілі адамдардың дауыстарын немесе бет-әлпеттерін салатын (бейнелейтін) жасанды контент пайда болды. DeepFake технологиясы жасанды интеллектке негізделген. DeepFake құралдары таяудан бері қарапайым адамдар үшін қолжетімді болып отыр. Бірнеше жыл бұрын бұл қызық үшін ғана қолданылса, қазірде мұндай технологиялар айтарлықтай қауіп туғызуда және ақпараттық манипуляция мен жалған ақпарат тарату құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Отандық ақпараттық ресурстарды және елдің цифрлы тәуелсіздігін тиімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан киберқалқаны» бірегей жүйесін құру бойынша жоба іске асырылуда. Ол елдің электронды ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелері мен ақпараттық-коммуникациялық құрылымдарын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғауға арналған. Қазіргі дағдарыстық жағдайларда елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды мәнге ие және еліміздің стратегиялық даму векторларын әзірлеу үшін негіз болып табылады. Деглобализация, сауда соғысы, мемлекеттік ұлтшылдық, төртінші өнеркәсіптік революция сияқты трендтердің аясында тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық прогреске қол жеткізу мүмкіндігінің шарты ретінде елдің экономикалық егемендігін қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр. Экономикалық өзара қарым-қатынастардың дәстүрлі принциптерінің бұзылуы өнеркәсіптің басты салаларын тез арада қайта индустрияландыруды, бизнесті дамыту үшін жағдай жасауды, жасанды интеллектке негізделген заманауи цифрлы технологияларды енгізуді талап етеді. Біз берік экономикалық іргетас құрғанда ғана Қазақстанның дамуына серпін бере аламыз. Бірақ тиімді экономикалық трансформациялау тек экономикалық қауіпсіздікті сенімді қамтамасыз еткенде және елдің экономикалық әлеуетіне нұқсан келтіруге жол берілмегенде ғана мүмкін болады. ҰҚК бұл бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Өткен жылы Еуропаға мұнайды заңсыз өткізумен айналысқан топ бейтараптандырылды. Мемлекет кірісіне 2 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылды, Қазақстанның халықаралық имиджіне нұқсан келуіне жол берілмеді. Құрамында алтын бар кенді Қытайға контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан топтың құқыққа қайшы әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Егжей-тегжейлі жүргізілген тергеп-тексеруден кейін заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілердегі әртүрлі заңсыз схемалар құруға негіз болған көптеген кемшіліктер анықталды. Мұндай олқылықтарды жою 2 миллион тонна көлеміндегі мұнайдың заңды айналымға қайтарылуына мүмкіндік берді. Салауатты бәсекелестік – нарықтық экономиканың басты негіздерінің бірі. Егер біреулер заңсыз басымдық алатын болса, онда заңды мойындайтын кәсіпкерлер зиян шегеді, ал бұл бүкіл экономикаға қауіп төндіреді. Бұл, әсіресе қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға және капиталды заңсыз шығаруға қатысты, ол бүкіл қаржылық жүйе үшін тәуекел болып табылады. Комитет қызметкерлері бизнестің криминалмен сыбайласуының күрделі схемасын анықтап, капиталды сыртқа шығару схемасын ашты. Қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан, салық төлеуден жалтару үшін схема құрған және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға ықпал еткен бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтар жойылды. Тергеу нәтижесінде олардың мемлекетке келтірген залалдарының 300 миллиард теңгеден жоғарыға бағаланатыны дәлелденді. Трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтар кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне шынайы қауіп төндіреді. Қосымша табыс табуға ұмтыла отырып, қылмыстық құрылымдар өз ықпалын ұлттық шекараның шегінен тыс жүргізеді. Ұрының өмір салтын насихаттай отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтар (ҰҚТ) өз қатарына жастарды да тартатынын ұмытпау керек. Трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде 2019 жылы ҰҚК қару-жарақ контрабандасының 2 халықаралық және 12 ішкі арналарына тосқауыл қойды. Оқпен атылатын қару-жарақты қолдан өндірумен айналысатын 4 объекті жойылды. 2020 жылы жүргізілген арнайы операциялардың нәтижесінде қылмыстық топтардың 35-тен астам мүшесі ұсталды, заңсыз айналымнан 32 бірлік қару-жарақ, 1500-ден астам оқ-дәрі алынды. Күннен-күнге артып келе жатқан есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы ымырасыз күрес – мемлекеттің ең маңызды міндеті. Қазақстандықтар бетпе-бет келіп отырған есірткі ағыны тек жекелеген азаматтың мүддесін ғана емес, біздің қоғамымыздың адамгершілік, мәдени негізіне қауіп төндіреді. Есірткі – тұтас бір ұрпақты жоятын зиянды зат және көбіне мемлекетке қарсы жасырын қару. Трансұлттық есірткі құрылымына қарсы іс-қимыл бағыты бойынша өткен жылы есірткі тасымалының 27 халықаралық және 29 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі құралдарын дайындайтын 6 астыртын есірткі зертханасы жойылды. Әртүрлі пошта қызметтері мен логистикалық компаниялар арқылы келіп түсетін синтетикалық есірткілердің таралуы да өзекті проблемаға айналды. Аталған қауіп-қатердің ауқымдылығына ҰҚК органдарының тек бірінші жартыжылдықта 80 килограмнан артық синтетикалық есірткіні қолға түсіргені нақты дәлел, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 есеге артық. Шымкент қаласынан әлемнің барлық еліне есірткі құралдарын сатқан интернет-сайттардың ұйымдастырушысының іс-әрекетін тоқтату бойынша іске асырылған операцияның нәтижесі ҰҚК жұмысының жарқын мысалдарының бірі десек болады. Тінту жүргізу барысында астыртын зертханадан түрлі синтетикалық есірткілер (ұнтақ тәріздес және сұйық химиялық заттар), 200 килограмнан астам прекурсорлар, зертханалық жабдық, компьютерлер, ұсталған адамның қылмыстық әрекетін растайтын құжаттамалық материалдар мен пошталық конверттер алынды. Қазақстанның ірі қалаларында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізумен шұғылданатын сайт анықталды. Тұтынушылар есірткі тауарларына сайт арқылы тапсырыс беріп, одан әрі төлемдерді «Киви-әмиянға» жіберіп отырған және әкімшіден «кладмэн» деп аталатын есірткі заттары салынған құпия орынның мекен-жайын алған. Жедел қызметкерлер Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында есірткі және психотроптық заттарды таратушы қылмыстық топтың ізіне түсті. Шекара қызметі қырағылық таныта отырып, шекараны сенімді қорғауда. Браконьерлердің іс-әрекетіне қарсы іс-қимыл жасау шеңберінде мемлекетке сомасы 1 миллиард теңгеден асатын экологиялық шығын келтіруге жол берілмеді. Коронавирус пандемиясына орай енгізілген төтенше жағдай кезінде ШҚ бірнеше рет жеке қорғанудың медициналық құралдарын және экспресс-тесттерді елден сыртқа заңсыз экспорттау әрекеттерінің жолын кесті. Бүгінде қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге жалғыз қарсы тұру мүмкін емес, сондықтан ақпарат алмасу белсенді жүргізілуде. Біздің серіктестері-мізбен тиімді екіжақты ынтымақтастығымыз және ҚОБК, ТМД ҚБОК, ТЮРКОН, ШЫҰ шеңберінде көпжақты форматта өзара іс-қимыл жасау өзекті ақпарат алуға және «сағаттарымызды салыстыруға», бірлескен операциялар жүргізуге, кадрлар даярлауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Шетелдерде табысты қызмет ететін ресми өкілдер институты және Қазақстандағы шетел арнаулы қызметтерінің аккредиттелген өкілдері – ұлттық мүддеміз бен біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғау тұрғысында шұғыл әрі жабық ақпарат алудың және жеткізудің арнасы болып табылады. Заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, ҰҚК-ге шет тілдері мен IT-технологияларды меңгерген «жаңа форматтағы» қызметкерлер қажет. Сол себепті кадрларды міндетті әрі үздіксіз кәсіби дамыту, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологиялардың негізінде ведомстволық білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін ұдайы жетілдіру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Білім беру процесінің ғылыммен және практикамен ұштасуы жоғары оқу орындарымыздың әлеуетін және оқытудың қолданбалы бағытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазір біз ведомстволық жоғары оқу орындарындағы тыңдаушылардың қатарын патриоттық тұрғыда тәлім-тәрбие алған жастардың толықтыруына, алдағы уақытта өз өмірлерін Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне арнайтын азаматтарға жоғары деңгейде мүдделіміз. Біз кәсібиліктің негізгі құндылықтары мен принциптерінен хабары бар талантты адамдарға мүдделіміз, қызметтің барлық кезеңінде икемділік пен ұтқырлықты қамтамасыз ету мақсатында өз қызметкерлерімізге ұзақмерзімді стратегиялық инвестиция жасауға дайынбыз. Бізге шет тілдерін, ғылымды, технологияларды, инженерлік іс пен математиканы меңгерген мамандар қажет. Қоғам мен ел басшылығының сенімі қауіпсіздік органдарына жоғары жауапкершілік жүктейді. Қызметкерлердің қазіргі буыны алдыңғы буын жинақтаған жедел қызметтегі барлық оң тәжірибені сауатты қолданады, оларды дамытады және өз жаңалықтарын енгізеді. Қысқаша қорытқанда, ҰҚК-ні реформалау саласында нақты шешімдер қабылдадық. Сыртқы барлау қызметін ҰҚК-ге қайтару туралы Президент шешімінің дұрыстығы уақыт шындығымен расталып отыр. Шекара қызметін жаңғырту процесі аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарының барлау және қарсы барлау бөлімшелері мен шекара ведомствосының күш-жігерін бірыңғай механизмге біріктіруге мүмкіндік берді. Еліміздің өмірлік маңызды мүдделерін қорғай отырып, ҰҚК қауіпсіздіктің жалпымемлекеттік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды және егемен Қазақстанның тұрақты даму ісіне елеулі үлес қосып келеді. Әлемдегі қолайсыз макроэкономикалық факторлар кешені ел экономикасының әртүрлі саласындағы кәсіпорындарды қалпына келтірудің созылмалы кезеңіне әкеліп соғуы ықтимал. Әлемде мұнай, негізгі металдар бағасының құлдырауы, авиа ұшулардың тоқтауы мен локдаун кезеңінде шағын және орта бизнес субъектілері жұмысының тоқтатылуы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін. Пандемия ғаламшардағы жүздеген миллион азаматтың үйреншікті өмір сүру тәртібін өзгертіп қана қоймай, әлемдік тәртіптің де трансформациялануына әкелді. Барлық дерлік мемлекеттер өз шекараларын жапты, нарықтар құлдырады, сауда азайды, тұтас салалар тоқтады. COVID-19 – жаңа экономикалық-технологиялық құрылысқа өтуге белгі болды. Ол үшін, жүйелі экономикалық дамудың келесі циклдерін инвестициялау мақсатында адами және қаржылық ресурстарды жұмылдыруымыз қажет. Мұны іске асыра алған елдер бұл циклде бірінші болады және өз шарттарын қоя алады. Іске асыра алмаған елдер әлдеқайда қиын жағдайда қалады. Сондықтан еліміздің бас арнаулы қызметінің алдында, әлемдегі біздің әріптестеріміз сияқты, оқиғаларға кәсіби баға беру және алдын алу болжамдарын жасау, әлемнің шынайы бейнесін көру, ашу, айқындау міндеті тұр. Өйткені бағытталған ақпараттар мен фейктер өте көп. Маңыздылығы тұрғысынан бұдан кем емес басқа міндет – дұрыс шешім қабылдау үшін оқиғалар барысын алдын ала айту. Сәтсіздіктер мен экономикалық шығындарды болдырмау. Мұнда біз жұмыс істеуіміз қажет көптеген нәрсе бар. Содан кейін, жоғары деңгейдегі пилотаж фигураларына, яғни болашақты қалыптастыруға кірісу керек. Отандық тарихтағы ең күрделі сынақтардан өтуге көмектескен халқымыздың дәстүрлі құндылықтары – ынтымақ, төзімділік, тілектестік екендігін Мемлекет басшысы бірнеше мәрте айтқан болатын. ҰҚК өз тарапынан қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындауға толық дайын. Өткен қалыптасу және даму жылдарында ҰҚК жеке құрамы халықпен бірге еліміздің мемлекеттілігін құруға лайықты үлес қосты, тәуелсіз елдің қауіпсіздігін сенімді қорғады. Комитет қызметкерлері және олардың отбасылары алғы шепте пандемияның барлық ауыртпалықтарын көтеріп, қызметін абыроймен атқарып келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 28 жылдығы күні ұлттық қауіпсіздік органдарының барлық жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын, мықты денсаулық, отбасыларына береке және жаңа табыстар тілеймін!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді